Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жуырда ғана Иорданияның бас шаһары – Амманда өткен бокстан Азия чемпионатынан олжалы оралған боксшыларды қаржылай сыйақымен марапаттады.
Сондай-ақ ұлттық құраманың Азия біріншілігіндегі табысына өз үлесін қосқан команданың өзге мүшелері, атап айтқанда құраманың бапкерлер қосыны, боксшылардың жеке бапкерлер мен ғылыми кешеннің қызметкерлері де назардан тыс қалған жоқ. Іс-шараға ҚБФ президенті Кеңес Рақышев пен федерация жетекшілері қатысып, былғары қолғап шеберлерін Сары құрлық бәсекесіндегі жеңістерімен құттықтады.
Боксшылардың қаржылай сыйақыларын (І орын – 5 млн теңге, ІІ орын – 2 млн, ІІІ орын 1 млн) Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышевтің өзі тапсырды.
Азия құрлығының 27 елінен келген 267 былғары қолғап шебері (181 ер мен 86 әйел) сынға түскен додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасының нәтижесін қоса есептегенде, жалпыкомандалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Боксшыларымыз жалпы саны 21 жүлде олжалады. Оның ішінде алтауы алтын, жетеуі күміс және сегізі қола медаль.
Ерлер арасындағы бәсекеде Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (– 92 кг) Азия чемпионы атанса, қыздар арасында Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) алтыннан алқа тықты.
Ал Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) және Гүлсая Ержан (81 кг) финалда жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған еді.
Сары құрлық бәсекесінің жартылай финалында қарсыластарына жол берген Саматәлі Төлтаев (60 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81кг) ел қоржынына қола жүлде салды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасынан кейінгі жалпыкомандалық есепте Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола) құрамасы екінші орынға ие болса, үздік үштікті – Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола) боксшылары түйіндеді. Барлығы Иордания төрінде 12 елдің Әнұраны шырқалды.