Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев келесі кездесуін желтоқсанда өткізетін болды. Бұл туралы боксшының өзі әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Бокс кешін ұйымдастырушы менеджер Зия Алиевтің айтуынша, қазақстандық боксшылардың қатысуымен өтетін жекпе-жек 24 желтоқсан күні Алматыда өтеді деп жоспарланған. Ал Батыр Жүкембаев осы кештің басты айқасында WBC Asia титулын сарапқа салады. Әзірше отандасымыздың қарсыласы белгісіз. Бұл Жүкембаевтың Қазақстанда өткізетін тұңғыш жекпе-жегі болмақ.
1991 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген боксшы 2015 жылдан бері кәсіпқой бокс шаршы алаңында жекпе-жек өткізіп жүр. Бүгінге дейін ол 19 мәрте рингке көтеріліп, 18 кездесуінде қарсыласынан басым түссе, 14 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Бір айқасында қарсыласынан техникалық нокаутпен жеңіліп қалған. Жүкембаев 19 жекпе-жегінің 18-ін Канадада өткізсе, бір рет АҚШ-та айқасқан.