• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Елорда 30 Қараша, 2022

Астанада шорт-тректен ашық қала чемпионаты өтіп жатыр

281 рет
көрсетілді

Кеше елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Алау» мұзайдыны сарайында шорт-тректен «ASTANA-OPEN» ашық қала чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов, №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Бауыржан Сахарбаев, шорт-тректен бас жаттықтырушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ел құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрберген Жұмағазиев қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа еліміздің Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласынан 163 қатысушы тіркелген. Олар екі күн бойы бақ сынайтын болады.

«Балалар жылы аясында өткізіліп отырған бүгінгі чемпионатқа 2009 жылы туған және одан үлкен жастағы жеткіншектер қатысып жатыр. Жарыстың мақсаты – қысқы спорт түрлерін, оның ішінде шорт-тректі дамыту, спортты насихаттау. Еліміздің бес өңірінен келген балалар екі күн бойы нағыз үздіктерді анықтайды», деді Бауыржан Сахарбаев.

Сонымен қатар жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогы мен әлем біріншіліктерінің жүлдегері, жақында ғана шорт-тректен өткен әлем кубогы кезеңінде күміс жүлде алған Абзал Әжіғалиев құрметті қонақ ретінде шақырылған.

«Шорт-трек елімізде жаңадан дамып келе жатқан спорт түрі десе де болады. Мұндай жарыстар өте қызықты өтеді. Өйткені бұл жеткіншектердің алғашқы белестері, есте қалатын жарыстары болмақ. Олар үшін мұндай турнирлер жаңа тәжірибе, жаңа мүмкіндік сыйлайды. Мұз айдынында өнер көрсететін кішкентай спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Жеткіншектерге айтар кеңесім, айналысып жүрген бұл спорт түрлері, ең алдымен, өздеріне ұнауы керек. Спортқа деген махаббат болғанда ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізе алады. Осы шорт-трекпен айналысып келе жатқаныма 18 жыл болды. Қысқы спорттың осы түрін дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі жас ізбасарларымыз болашақта Олимпиада жалауын желбіретеді деген үміттемін», дейді Абзал Әжіғалиев.

Айта кетсек, аталған чемпионатта алдағы қысқы маусымға үздік спортшылардан тұратын Астана қаласының құрама командасы жасақталады. Жеңімпаздар әр жас тобындағы және әр қашықтық бойынша жеке біріншіліктерде анықталып, дипломдармен, медальдармен марапатталады.