29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда студенттік және дебюттік фильмдердің X Халықаралық «Бастау» кинофестивалі өтеді. Он жыл бойы тұрақты өтіп келе жатқан халықаралық фестиваль биыл алғашқы мерейлі белесін бағындырып отырғандықтан, байқау бағдарламасынан бірқатар ілкімді өзгеріс пен жаңалық орын алды.
Мерейтойға орай маңызы арта түскен «Бастау» жағрапиялық жағынан жаңа рекорд орнатты: бұған дейін тұрақты қатысып келе жатқан шет мемлекеттердің қатарын Жапония мен Израиль, Греция мен Палестина, Франция мен Қатар толықтырып, олармен бірге бірінші рет Боливия, Чили, Колумбия, Аргентина секілді Латын Америкасы елдерінен де өтінім келіп түсті. Фестивальде Африка елдері де бар – бағдарламада Египет, Судан, Тунис режиссерлері түсірген фильмдер көрсетіледі. Жалпы, мерейтойлық фестивальға қатысу үшін мыңнан астам өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, мың өтінімнің ішінен іріктеу комиссиясы әлемнің 40 еліне тиесілі көркем құндылығы жоғары 53 жұмысты анықтады.
Фестивальды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі түрде Tanaris Production кинокомпаниясы ұйымдастырып келеді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өткен баспасөз конференциясында «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов көпшілікті биылғы байқаудың жаңалығымен және қазылар алқасының құрамымен таныстырды. Ол байқаудың басты ерекшелігі ретінде фестивальдың жанрлық жағынан түрленгенін айырықша атап өтті. Жастар байқауының қысқаметр секциясында да, толықметрлі фильмдер арасында да конкурстық бағдарлама мен бәсеке күшті болғалы тұр. Толықметрлі картиналардың барлығы да халықаралық «А» санатындағы ірі фестивальдардың қатысушылары.
Грузия елінен келген белгілі режиссер Георгий Овашвили толықметрлі фильмдер байқауының қазылар алқасына төрағалық жасаса, Өзбекстан киносының танымал тұлғасы Елкин Түйчиев қысқаметрлі фильмдер байқауының қазылар алқасының төрағасы, ал қазақстандық Қалила Омаров деректі фильмдер байқауына қазылық жасайтын болды.
«Бастау» кинофестивалінің арт-директоры Диана Әшімова фестивальдің мақсаты туралы әңгімеледі. Фестиваль өнер кеңістігіне қанат қағып самғаған күнінен бастап әлем елдерінің жас кинематографистері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, олардың жұмысын қолдап, ілгерілетуді мұрат тұтып келеді. Фестиваль президенті Сергей Әзімов атап өткендей, «Бастау» жас режиссерлер мен сценаристерге өз жобаларын жүзеге асыру үшін бірегей алаң ұсынады. «Бастаудың» он жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келе жатуы, бұл фестивальдың кәсіби және бірлігі берік командасының қажырлы еңбегінің нәтижесі, соның арқасында ол барлық қиындықтарды сәтті еңсеріп келеді. «Сондықтан негізгі тұжырымдама былай болды: біз бәріміз – ұйымдастырушылар, басшылар – ең жоғары кәсіби мағынадағы қызмет көрсетуші персонал болуымыз керек. Біз осы оқиғаның басты кейіпкерлері – авторлар, режиссерлер, операторлар, драматургтер, жас актерлер айналасында инфрақұрылым жасақтаймыз. Мұның бәрі жас авторлар үшін. Олар фестиваль тынысынан осыны сезінуі керек», – дейді ол.
Биылғы «Бастаудағы» басты жаңалық – жаңа жүлделердің тағайындалуы. Биылдан бастап ең үздік қысқаметрлі фильмнің авторына Қалықбек Салықов атындағы сыйлық табысталады. «Бастау» президенті Сергей Әзімовтің айтуынша, «Қазақтың жаңа толқыны» «Балкон» фильмінен басталды және оның авторының құрметіне сыйлық тағайындау әділетті шешім. Бұл «Бастауда» берілетін жалғыз атаулы марапат емес. Фестиваль аясында дәстүрлі түрде үздік деректі фильмге Қазақстан деректі киносының белді қайраткерлерінің бірі, Қазақ КСР халық әртісі, режиссер Ораз Әбішев атындағы сыйлық беріледі.
Сонымен бірге фестивальда алғаш рет NETPAC қазылар алқасы жұмыс істейтін болды – бұл 30 елдің арасында Азия киносын ілгерілету жөніндегі құрылған бірлестік. NETPAC әлем бойынша ондаған кинофестивальде берілетін «Үздік азиялық фильм» арнайы сыйлығын тағайындаған. Осы жылдан бастап мұндай марапат «Бастау» үшін де берілетін болды. NETPAC қазылар алқасын осы ұйымның басқарма мүшесі, киносыншы Гүлнара Әбікеева басқарады. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамына NETPAC мүшелері болып табылатын қазақстандық продюсер Ольга Хлащева мен қырғызстандық киносыншы Гүлбара Толомушова да кірді.
Фестиваль аясында бірнеше қазақстандық картинаны көрермен тегін тамашалай алады. Шара шеңберінде Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» лентасы көрсетіледі. Картина 72-Берлин кинофестивалінің «Панорама» бағдарламасында басты марапатқа, «Көрермендер көзайымы сыйлығына» ие болды. Осы секцияда Әділхан Ержановтың «Адемоканы оқыту» картинасы мен қазақстандық және ресейлік кинематографистердің бірлескен «Тарлан» атты туындысы бар.
Фестивалдың толықметрлі фильмдер байқауына қазақстандық Эльдар Шибановтың «Тау жуасы» дебюттік фильмі қатысады. Бұл – картинаның Қазақстандағы тұңғыш тұсаукесері. 2021 жылы «Тау жуасы» жобасы Италияның Мәдениет министрлігінің қолдауымен құрылған Венеция биенналиесіндегі кинозертхана – Biennale College Cinema өткізген конкурстың ақтық сынынан өткен болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде әйгілі Венеция кинофестивалінде оның әлемдік премьерасы өтті.
Сондай-ақ деректі жобалардың конкурстық бағдарламасына қатысатын Виктор Вилковискийдің «Теңіздің оралуы» ғылыми-деректі фильмі көрермендерге Арал теңізі туралы нағыз шындықты баяндамақ. Ал фестиваль шымылдығының жабылу рәсіміне Мәди Балжановтың «Сүтті қыз» толықметрлі дебюттік фильмі белгіленді. Бұл романтикалық комедия, оны бүгінде сыншылар «Қазақстанның Амелиі» деп те атап кеткен.
«Бастау» өткен жылдардағы жүлдегер түлектерінің шығармашылық тағдырын қадағалап отырады. Талантты түлектер де сенімге лайық болып, әрқашан қуантып келеді. Биылғы фестиваль режиссер Яна Скопинаның «Жаздың соңы жақында» атты фильмінің қазақстандық премьерасымен ашылады. 2015 жылғы «Бастауда» Яна «Ты что-то прячешь в кулаке» атты қысқаметрлі фильмімен фестивальдің Гран-приін жеңіп алған болатын.
Фестивальдің серіктестері – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Арт-директор Диана Әшімова қадап айтқан маңызды дүниенің бірі, фестивальден кейін көптеген копродукциялық жоба пайда болады. Жастар фестивальдің бес күнін бірге өткізеді, араласады, танысады, идеяларымен бөліседі, нәтижесінде бірлескен жаңа жобалар пайда болады. Жақында қазақстандық студенттер мен Беларусь кинематографистерінің мәдени ынтымақтастығынан жаңа идеяның жобасы туған. Фестивальдың діттегені де сол – танысу, басқа елдердегі әріптестерімен байланыс жасай отырып, бірлескен шығармашылық пен өнер көкжиегін кеңейте түсу.
«Бастау» фестивалі жыл сайын қазылар алқасына басқа фестивальдардың сарапшыларын шақыруға тырысады. Өйткені олар өз еліндегі режиссерлердің қызықты картиналарын ұсынады немесе кеңес береді, ал «Бастау» болса, шетелдік серіктестерінің сұранысына лайық қазақстандық фильмдерді таңдауға көмектеседі. Бұл – үздіксіз жүретін жүйелі процесс. Мысалы, Барбара Лорей де Лашарье – Фипрессидің мүшесі, кинотанушы. Ол 2013 жылы «Бастау» фестивалінің қазылар алқасының құрамында болды және қазір де үнемі хабарласып отыратын көрінеді. Өткен жылы Стамбул Bosphorus Film Festival фестивалінің арт-директоры Эмра Килич келді. Сан-Себастьян кинофестивалінің іріктеушісі Роберто Уэрта да «Бастаудың» қазылар алқасының мүшесі болды, ол испан картиналарын таңдауға жәрдем берген. Бір сөзбен айтқанда, мұндай ауқымды халықаралық кинофестивальдар өзара мәдени ықпалдастыққа үздіксіз жұмыс істейтін пайдалы шығармашылық алаңы.
АЛМАТЫ