• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қараша, 2022

Мессидің халі «мүшкіл»

441 рет
көрсетілді

Аргентина ұлттық құрамасының капитаны әрі шабуылшысы Лионель Мессидің Мексика футболшыларымен жейде ауыстырамын деп басы дауға қалды.

Әлем чемпионатының екінші тур ойындары аясында Аргентина мен Мексика құрамалары кездесіп, матчтан кейін футболшылар әдеттегідей бір-бірімен жейде алмасқан болатын. Кездесуден кейін әлеуметтік желіде Аргентина құрамасының киім ауыстыру бөлмесіндегі Мессидің Мексика жейдесін аяғымен басып тұрған фотосуреті тарап кетті. Алғашында бұған ешкім назар аудармаған еді. Кейіннен кәсіпқой бокстағы Мексиканың мақтанышы Сауль «Канело» Альварес соны байқап қойып, Мессиге әлеуметтік желіде қоқан-лоқы көрсетті.

«Мессидің аяғының астында біздің елдің туы бейнеленген жейдені көрдіңіздер ме? Құдайдан оны менімен жолықтырмауын тілеймін! Мен Аргентинаны қалай сыйласам, олар да Мексиканы солай құрметтеуге тиіс. Мен Аргентина туралы емес, тек Месси турасында айтып отырмын», деп жазды Альварес твиттер парақшасында. Әзірге бұл дауға қатысты Месси ешқандай пікір білдірген жоқ, бірақ Лионельмен бір алаңда ойнаған футболшылар оны қорғап, әдейі істемегенін жазып жатыр.

Мбаппе – Өзбекстан «қаһарманы»

Франция мен Дания құрамаларының арасындағы матчта Килиан Мбаппе мер­ген­­дік танытып, соққан голын Фран­циядан келген жанкүйерлердің алдына барып тойлады. Матчтан кейін сол сәт тү­сіріл­ген фо­тосуретті Мбаппе өзінің Instagram парақ­ша­сына жүктеп, әп-сәтте Өзбек­стан­ның қаһар­манына айналып шыға келді.

Сөйтсек, Қатарға Өзбекстаннан барған жан­күйер стадионның трибунасына Өзбекстан­ның туын іліп қойған екен. Ала тақиялы ағайын­дардың қуанышына орай, Килиан да дәл сол Өзбекстанның туы ілінген жерге барып голын тойлай қалған екен. Мбаппені әлеуметтік желіге Өзбекстан туы бар суретті салғаны үшін оған өзбек халқы ризашылығын білдіріп, өз еліне қонаққа шақырып жатыр. Төрт күн бұрын салынған сурет бүгінге дейін төрт миллионға жуық лүпіл жинап, 75 мыңға жуық жанкүйер пікір жазған. Оның басым көпшілігі өзбекстандық футбол жанкүйерлері екені айтпаса да түсінікті.

«Әке көрген доп тебеді»

Биылғы әлем чемпионатында кезінде фут­бол әлемінде жасындай жарқылдаған даңқ­ты футболшылардың ұлдары бой көр­сете бастады. Мәселен, 1995 жылғы «Ал­тын доптың» иегері, қазіргі Либерия мемлекетінің президенті Джорджа Веаның ұлы Тимоти Веа АҚШ құрамасы сапында, дания­лық футболшы Петер Шмейхельдің ұлы Каспер Шмейхель, 1998 жылы Фран­циямен бірге әлем чемпионы атанған Лилиан Тюрамның ұлы Маркус Тюрам, ни­дер­ландтық Данни Блинд­тің ұлы Дейли Блинд Қатардағы әлем­дік додада доп теуіп жүр.

Осындай әкеге қарап өскен ұлдардың қатарында ирандық Амир Абедзаде мен аме­рикалық Джованни Рейна да бар. Бір қы­зығы, бұлардың әкелері Ахмад Реза Абед­заде мен Клаудио Рейна 1998 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде бір-біріне қарсы жасыл алаңда ойнаған екен. Кешегі Иран мен АҚШ арасындағы матчта сол тарих қайталануы мүмкін еді. Өкінішке қарай, ол кездесуде Амир де, Джованни де қосалқы құрамда қалып қойып, 24 жыл бұрынғы әкелерінің «жетістігін» қайталай алмады.