Кеше Таиландтың Паттайя қаласында академиялық ескек есуден ересектер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбіреді.
Желтоқсанның 4-не дейін жалғасатын сайыста ел намысын 13 ересек (11 ер, 2 әйел) пен 9 жас спортшы (3 ер, 6 әйел) қорғап жатыр. Бірқатар спортшы іріктеуді сәтті еңсеріп, жүлде үшін таласуға мүмкіндік алып үлгерді. Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, ересектер арасында (LW4х) Роза Кеңес, Валентина Волкодавова, Медина Қоңырбаева, Екатерина Носкова квартеті іріктеуде өз тобында мәреге бесінші келді. Жарысқа 6 елдің спортшылары қатысқандықтан қазақстандықтар 3 желтоқсанда өтетін финалға жолдама алды.
Сонымен қатар ересектер арасында сынға түскен (LМ4-) Әділет Керімбек, Қуаныш Бекбембетов, Данил Петренко мен Бапан Асхамбек іріктеуде 6-орын алып, 3 желтоқсанда өтетін финалға шықты. Жасөспірімдер арасындағы (JW2-) Мелани Жақыпова мен Анжела Полянина жұбы іріктеу кезеңінде өз тобында 4-орын алды. Енді олар 3 желтоқсандағы финалда бақ сынайды.