• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 01 Желтоқсан, 2022

Кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қаражат бөлу қажет - сенатор

415 рет
көрсетілді

Сенатор Жанболат Жөргенбаев еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қонаев қаласы тұрғындарының проблемаларын көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор әсіресе, Алматы облысының облыс орталығындағы кәріз суларын тазарту құрылыстарының жай-күйіне және өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін Қапшағай су қоймасына ағынды сулардың түсу қаупі жоғары екендігіне алаңдаушылық білдірді.

«Қонаев қаласының кәріз тазарту құрылыстары 1968 жылы пайдалануға берілді, бұл ретте ғимараттар мен құрылыстар 100% тозған. Су қоймасы Балқаш көліне дейін ластанған жағдайда ауқымды экологиялық апат орын алуы мүмкін. Қазіргі жағдайда Қонаев қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Тез арада қаланың кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қаражат бөлу қажет», деді сенатор.

Сенатор депутаттық сауалында саяжай тұрғындарының мәселесін де көтерді. Депутаттың айтуынша, Алматы қаласы маңындағы саяжай тұрғындары әлеуметтік нысандардың жоқтығына, жолдың нашарлығына, ауыз судың сапасыздығына, электр қуатының жиі сөнуіне және қоғамдық көліктің келмейтініне шағымданады. Сондай-ақ ауыл мәртебесінің жоқтығынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында саяжайларға инфрақұрылым жүргізу қарастырылмаған. Сенатордың айтуынша, Алматы облысында 183 мыңнан астам адам тұратын саяжай бар.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес стратегиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын есепке алып және санитарлық нормаларды қарастыра отырып, саяжайларға елді мекен мәртебеcін беру бойынша кешенді жоспар қарастыру қажет. Егер саяжайлардағы тұрғын­дар­дың 183 мыңы Алматы сынды алып мегаполистің айнала­сын­дағы аудандарда тұратындығын ескерсек, олардың елді мекен ста­тусын алуы, оңтүстік астана­ның жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, облыстың да өркендеуіне өзіндік серпін береді», деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Сенатор Қонаев қаласынан теміржол бағыттарын ашу, қолданыстағы облыс ішіндегі автомобиль жолдарын кеңейту, автовокзалдар мен автобекеттер салудың маңыздылығын да атап өтті.