Париждің Елисей сарайында өткен кездесуде Қазақстан мен Франция басшылары өз елдері арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасқа ерекше назар аударды.
«Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға Францияға шақырғаны және Қазақстан Президенті болып қайта сайлануымен шын жүректен құттықтағаны үшін алғыс айтты», деп хабарлады Қазақстан Президентінің ресми өкілі. Қ.Тоқаев сондай-ақ француз әріптесін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етіп, оны жақын арада Қазақстанға келуге шақырды.
Э.Макрон өз кезегінде Қазақстанды Францияның «стратегиялық серіктесі» деп атады. Ол сонымен қатар 2024 жылы Қазақстанда француз тілін үйрететін жаңа мектептер ашылатынын хабарлады. Тараптар екі елдің білім және мәдениет салаларындағы байланыстарын нығайту жөнінде жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және Орталық Азиядағы жағдайды талқылады.
Өткен жылы Қазақстан мен Франция 2030 жылға дейінгі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жол картасын бекіткен еді.