Шу бойында туған белгілі күйші-композитор, әйгілі «Ерке сылқым» күйімен миллиондардың жүрегінен жол тапқан Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтойы облыс деңгейінде аталып өтілді. Баласағұн атындағы орталық концерт залға жиналған жұртшылық Әбекеңнің шығармашылығына арналған «Күмбірле күйім, елімде!» атты кештен рухани ләззат алды.
Күй күмбірімен көмкерілген кешті өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров құттықтау сөзбен ашып, Әбдімомын Желдібаевқа облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау хатын табыстады. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерейтой иесінің иығына зерлі шапан жапты.
Іс-шара барысында «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығынан сыр шерткен «Сырлы саздың сыңғыры» атты жинақ әулиеталық әлеуметке таныстырылды.
Әулиеата жұрты күй күмбіріне еліткен кеште ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер Нұрлан Бекенов, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері мен «Қазақ оркестрі» және ұжымның көркемдік жетекшісі, дирижер Дулат Байзілдаев өнерлерін ортаға салып, мерейтой иесінің мерейін тасытты.
Жергілікті көрермендердің қошеметіне бөленген өнерпаздар Әбекеңнің «Ерке сылқым», «Жетісу сазы», «Әулиеата», «Көкшолақ», «Қызыл елік» секілді өзге де шығармаларын шабыттана орындады. Іс-шара барысында сөз алған Ә.Желдібаев жергілікті өнерсүйер қауымға алғысын жаудырды.
«Тәңір тарту еткен таланттың арқасында күйден бөлек бірнеше ән жаздым. Өнер халықпен бірге жасайды. Өнер адамының мерейін өсіретін де, өшіретін де – елі. Қандай да бір табыстарға қол жеткізген болсам, бәрі де халықтың арқасында», деді мерейтой иесі толқып тұрып.
Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым күйін» көптеген елдің өнерсүйер қауымы жоғары бағалаған. Аталған туынды АҚШ-тың әйгілі Нью-Йорк шаһарындағы субұрқақтарда жиі қойылатынын біреу білсе, біреу білмес. Мұның өзі Әбдімомын өнерінің қай деңгейде екеніне өлшем бола алса керек.
ТАРАЗ