Елорданың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз мұзайдынында өткізіп, жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты.
Сырт айдындағы ойындар сериясын жеңіспен түйіндеп, Қазақстанға көтеріңкі көңіл күймен оралған «Барыс» хоккейшілері бұл жолы Екатеринбургтің «Автомобилисін» жеңе алмады. Андрей Скабелка мұзайдынға өткен турда «Тракторды» тізе бүктірген негізгі құрамды шығарса да, шәкірттері сол ерлігін қайталай алмады.
«Барыс Аренадағы» бәсекенің алғашқы кезеңінде екі команданың да ойыншылары мергендігімен көзге түсе алмады. Екінші кезеңді белсенді бастаған қонақтар 35-минутта өз дегендеріне жетті. Сергей Зборовскийден пас алған Павел Куликов Гудачек қорғаған қақпаны дәл көздеді – 1:0. Үшінші кезеңде таразы басын теңестіреміз деп жүріп қорғанысты ұмыт қалдырған «Барыс» матчтың аяқталуына санаулы минут қалғанда өз қақпасына екінші шайбаны өткізіп алды. Голдың авторы – Брукс Мэйсек. Ал оған нәтижелі пасты «Барыстың» экс-ойыншысы Кертис Волк шығарғанын айта кеткен жөн. Қорытынды есеп – 2:0, қонақтардың пайдасына. «Барыс» биылғы маусымда «Автомобилистен» осымен үшінші мәрте жеңілді. Жерлестеріміз кеше өз айдынындағы екінші ойынды Өфенің «Салават Юлаев» клубымен өткізді.