Теннистен Қазақстан құрамасының ойыншылары жаңа маусымға дайындығын Біріккен Араб Әмірліктерінде бастайды.
5-25 желтоқсан аралығына жоспарланған Дубайдағы оқу-жаттығу жиынына еліміздің әйелдер және ерлер құрамаларының теннисшілері қатысады. Сондай-ақ Team Kazakhstan академиясының жас ойыншылары ересектермен бірге дайындалады. Ұлттық құрама капитандары – Юрий Щукин мен Ярослава Шведова жаттығу жиынына Елена Рыбакина, Анна Данилина, Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев, Дмитрий Попко, Арысланбек Айтқұлов және Ислам Орынбасар секілді теннисшілерді шақырған.
Жиыннан кейін қазақстандық теннисшілер Аустралияға аттанады. Жерлестеріміздің бір бөлігі United Cup кубогінде, басқалары Аделаида WTA 500 және Хобарт ATP 250 турнирлерінде өнер көрсетеді. Сонымен қатар «Үлкен дулығаның» алғашқысы – Australian Open біріншілігінде де бақ сынайды.