Павлодардағы «Баянтау» спорт кешенінде бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Биылғы додада еліміздің әр өңірден келген 216 былғары қолғап шебері сынға түсіп жатыр.
Тарихқа үңілер болсақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионаты осы облыстағы Екібастұз қаласында 1993 жылы ұйымдастырылған. Ал 2016 жылы Кереку өңірі еліміздегі басты бәсекені екінші мәрте қабылдады. Араға алты жыл салып боксшылар тағы да Павлодарда бас қосты.
Алдағы күндері республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыстың командасы күш сынасады. IBA ережесі бойынша биылғы ел чемпионатында 13 салмақтың (48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75, 80, 86, 92, +92 кг) үздіктері анықталмақ. Чемпионатқа 2004 жылға дейін дүниеге келген спортшылар қатысып жатыр.