• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2014

Абырой

519 рет
көрсетілді

Академик Мәлік-Айдар Хантемірұлы – өткен ғасырдың отызыншы жылдарын­дағы сұрапылдан аман қалған қазақ шаңы­рақтарының соңғы үміттерін ақта­ған айтулы тұлға. Демек, бүгінде қарт Қаратаудай болып ортамызда жүрген Мәлік-Айдар Хантемірұлының балалық шағы ашаршылық нәубетінің ызғарына қарылды, бозбала шағы Ұлы Отан соғы­сы­ның жалынына шарпылды. Абзал аза­мат «Қазақстан тарихы» журналына бер­ген сұхбатында: «Мен қазақтың кең дала­сының оңтүстік түкпірінде жатқан, 1924 жылға дейін Түркістан республикасына қараған, кейін Қазақстанға өткен Қызылқұм ауданында, Жаушықұм болысы, Қатаған тоғай деген Сырдария бо­йын­дағы (қазіргі Шардара ауданы) қазақ ауылында туғанмын. Бай­ларды тәркілеу, ұжымдастыру, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді ата-аналарымыздан естіп өстік. Әкем – Асылбеков Хантемір қазақша сауатты, ұжымдастыру басталғанда «Қызыл партизан» ұжымшарының бастығы, кейін Бірлік, Жаңа Шардара және басқа ауылдық кеңестер төрағасы, майданға кеткенге дейін (1942, маусым) аудандық мал дайындау мекемесінің (заготскот) меңгерушісі болып істеді», – дейді. Асқар таудай әкесі қанды қырғында шейіт болды. Қалай десек те, қаһарлы тағдыр жас жігітті уақытынан ерте есейтті. Әке­ден қалған қара шаңырақтың түтінін өшір­меу, аңырап қалған анасының үмітін үзбеу, жаутаңдаған қамкөңіл бауырларын жеткізу үшін соғыс тауқыметінің ауыр бейнетінің бәріне де төзіп бақты, бір мүшелден енді ғана асқан жасында бейнет қамытын киді. Қайран, қамсыз тәтті күндер сонымен көзден бұл-бұл ұшты. Сөйте жүріп, білім алуға деген құштарлығын да жоғалтқан жоқ, 1945 жылы Шымкент қаласындағы №7 қазақ орта мектебін бітіріп, 16 жас­­т­а­ғы бозбала шағында 1945-1946 жыл­дары өзі туған аудандағы А.С. Пуш­кин атындағы жетіжылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. Өткен мен бүгінгі өмірді салыстырсақ, қазіргі 16 жас­тағылардың ойы да, ісі де әлі балаң сияқты көрінеді маған. Ол кездегі боз­ба­лалардың қай-қайсысы да тылда әкелерінің, ағаларының – жалпы май­дан­герлердің орнын алмастырып, егіс даласында, шахталарда, зауыттарда, білім ошақтарында шыңдалғаны рас. Ұлы Жеңістен соң да осы толқынның жанқиярлығының, жаңаша, жақсы өмір сүруге деген ұмтылысының арқасында еліміздің білімі мен ғылымы өркендегені, экономикамыздың ілгерілегені ақиқат. Осы қатал уақыттың сынынан өткен өткір де өжет буын бейбіт өмірдің мүмкіндігін қалт жібермей, бар ынта-жігерін білім мен ғылымға бағыттай алды. Ол жайында Мәлік-Айдар Хантемірұлы жоғарыдағы сұхбатында былай дейді: «Соғыстан кейінгі қиын жағдайға қарамастан, білімге деген құштарлық сол кездегі біздің ұрпақта өте күшті болды. Біз бала жігіттер соғыстан қайтқан ересек аға­ларымызбен бірге оқып, олардан көп нәрсені үйрендік. Үздік оқуыма, бәлкім, осы мәселелер себеп болған шығар». Ұстаз-ғалымның өмірбаянына зер сал­сақ, 1946-1948 жылдары бұрынғы Н.Круп­­ская атындағы Шымкент мұғалім­дер институтының студенті болыпты. Сұхбаттағы дерекке қарағанда, ол кезде Шымкенттегі 2 жылдық мұғалімдер инс­титуты – оңтүстік облыстарының орта және орталау (7 жылдық) мектептеріне мұғалімдер дайындайтын ірі жоғары оқу орны болған. Мәлік-Айдар Хантемірұлы осы оқу орнының қазақ тілі мен әде­биеті бөлімінде институттың директоры Ә.Ермековтен, оқытушылары М.Ал­тын­бекова, Ә.Байтанаев, М.Сәрсен­баев, Қ.Бектаев және басқа ұстаздардан сол заманның деңгейіне сай білім мен тәрбие алған. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң, білімін тереңдету мақсатында, 1949 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне түсіп, мұнда да үздік оқып, 1954 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Жалпы, жаны таза жайсаңдар өмірдегі өркендеу жолына көмегін көрсетіп, ағалық ақыл-кеңесін беріп, демеу бол­ған адамдарды ешқашан ұмытпайды. Қашан­да құрмет тұтып, еске алып жүре­ді. «Уни­верситет басшысы академик Т.Тәжі­баев кешігіп келгеніме қарамастан көмектесіп, жақсы оқы деп ақылын айтты. Тарих факультетінде Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, А.Нүсіпбеков, С.Покров­ский, Н.Киікбаев, А.Лозинский, М.Богусловский, Я.Серовайский, Л.Фриш­­ман, Н.Дауылбаев, Н.Ка­лист­ратов, М.Ақынжанов, А.Горячева, К.Коржева, А.Нұрқанов және басқа бел­гілі тарихшы-ұстаздар дәріс берді. Мен Қазақстан тарихы үйірмесіне қатысып, Б.Сүлейменовпен, В.Шах­матовп­ен, Е.Бекмахановпен араласа бас­тадым» деген естеліктегі жолдар соның дәлелі деп білеміз. Мәлік-Айдар Хантемірұлының өзін­дік айтары бар, оң мен солын таныған, білімді маман болып қалыптасуына оған дәріс берген Е.Бекмаханов, Б.Сүлей­менов, С.Покровский, т.б. көрнекті ға­лым­дардың ықпалы күшті болғаны еш күмәнсіз. Өкініштісі сол, ол 1950-1953 жылдары қазақ ғылымы мен біліміне қия­нат жасалған зұлмат жылдарды өз көзі­­мен көрді. «Қайыра соққан жау жаман» демекші, Б.Сүлейменов, Е.Бек­ма­ханов сияқты тарихшы ұстаздары да жалтарма саясаттың, жапқан жаланың кесірінен 25 жылға сотталып, жер аударылды. Оның өзі де қырағылардың қуғынынан тыс қалмай, «ұлтшыл» атанып, университеттің комсомол коми­тетінен қатаң сөгіс алды. Сөз жоқ, «жылы­мық» басталып кетпегенде, ондай жас­т­ың болашағы бұлыңғыр болатын еді. Алайда, Мәлік-Айдар Хантемірұлы ата қанымен сіңген қайсарлығын танытты. Ауылдағы отбасының жағдайына алаң­даған ол қолда тұрған арнайы жол­дамаға қарамастан аспиранту­рада қа­ла алмады. Елге келіп мұғалімдік жұ­мысын жалғастырды. Оқудың ұйым­дастырылу жайын жетік білетін жігіт көп ұзамай-ақ мектеп директоры болып тағайындалды, содан кейін Қызылқұм аудандық оқу бөлімін басқарды, аудан­дық партия комитетінің мүшесі болды. Депутат ретінде ел мәселесін шешуге атсалысты. Осылайша, іскер, азамат ретінде елге ерте танылды. Дегенмен, талапты жасты ғылымға апарар жауапты сапар күтіп тұрған болатын. Алматыдағы ұстаздары зерделі шәкіртін ұмытпай, ол А. Нүсіпбеков, Б.Сүлейменов сынды тарихшы-ғалымдардың шақыруымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, архео­логия және этнология институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасты. Осылайша ол енді ғылым жолына біржолата бет бұрады. 1960 жылдан бастап өзінің тырнақалды ғылыми мақалаларын жариялайды. Мәселен, архивтен алғаш рет алынған материалдарға негізделген «Патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі үндеу-өлең туралы (1905)» атты мақаласы «Қазақ КСР Ғылым академия­сы хабаршысы» ғылыми журналының Тарих, археология және этнография сериясында жарияланды. Жас ғалымның белгілі ғылыми басылымдағы салмақты ойлары-ақ оның мықты зерттеуші болатынын аңғартты. Содан бері 55 жылдан астам уақыт ғылым жолында келеді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаттық қозғалысына, республикадағы өнеркәсіп пен теміржолдың дамуына, жұмысшы табы мен ұлттық кадрлардың қалыптасуына, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайына, т.б. мәселелерге қатысты тарихи процестерді жан-жақ­ты зерттеді. 1963 жылы «ХІХ ға­сыр­дың аяғы – ХХ ғасырдың басын­дағы Қазақстан теміржолдарында жұмысшы кадрлардың қалыптасуы» атты тақырыпта кандидаттық, 1974 ж. «Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970)» атты тақырыпта докторлық диссертациялар қорғады. 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясына корреспондент-мүше, ал 2003 жылы ҚР ҰҒА-ның академигі болып сайланды. Мәлік-Айдар Хантемірұлын іздену­ден талмайтын белсенді зерттеуші деу­ге болады. Олай дейтініміз, ғалым ғылыми кадрлар даярлауға зор үлес қосып, 12 ғылым докторын, 50 ғылым кандидатын дайындады, 15 монографиясы, 250-дей мақаласы жарық көрді. Оған қоса, 5 томдық «Қазақ КСР тарихы», 5 томдық «Қазақстан тарихы», өзге де күр­делі еңбектерді жазуға қатысты. Ғылы­ми ізденіс барысында ол Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы, Орынбор, Омбы қалаларындағы түрлі архивтерден көптеген маңызды материалдарды тауып, ғылыми айналымға түсірді. Архив материалдарының ғылыми негізі салмақты болатыны, оларды іздеп-тауып, дұрыс байлам жасау зерттеушіден терең интеллектуалды қажет ететіні мәлім. Бұл тұрғыдан алып қарағанда да, ғалымның табандылығын, еңбекқорлығын, аңғар­ғыштығын анық байқаймыз. Көрнекті мемлекет қайраткері Т.Рыс­құловтың өмірі мен қызметін, Алаш қайраткерлерінің көсемі Ә.Бө­кей­­хановтың, М.Тынышбаевтың қоғам­д­ық-саяси қызметін, академик Т.Тәжібаевтың өмірі мен мұрасын, Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясатының салдарларын, сондай-ақ Қазақстан тарихын қазіргі уақыт тұрғысынан зерттеді. Алдыңғы толқын ағалардың қайраткерлігі, ғылыми ізденістері ұрпақ есінде жүрсін деп ғалым-ұстаздар А.Панкратова, П. Галузо, С.Бәйішев, А.Нүсіпбеков, Б.Сүлейменов, Т.Тәжібаев, Б.Төлепбаев, Г.Дахшлейгер, т.б. мұрасы мен қызметіне арналған диссертациялық зерттеулер жүргізуге мұрындық болды. Ғылыми зерттеулермен айналыса жүріп, жауапты лауазымдық қызмет­терді де абыроймен атқарды. Мәселен, кіші ғылыми қызметкерден көрнекті ғалым деңгейіне көтеріліп, алда айт­қанымыздай елдегі ғылым шыңы саналатын ҰҒА-ның академигі болды. Сондай-ақ ғалым хатшы, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, бас ғылыми қызметкер кезінде де тарих ғылымын ілгерілететін жұмыстарды жүзеге асырды. Академик Мәлік-Айдар Асылбеков Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында атқарған ғылыми қызметінің сүбелі кезеңінің бірі – 80-жылдардың басында Кеңестік Қазақстан мәдениеті тарихы, Қазақ КСР тарихи және мәдени ескерткіштер жинағы бөлімдерін құрып, басқарған жылдары еді. Институтта рухани-мәдени саланың тарихын зерттеуге арналған бөлімдердің жұмысына басшылық жасап, болашақ бағыт-бағдарын анықтап, зерттеуші жас ғалымдарды ғылыми жұмысқа тартып, олардың ізденістеріне жол ашты. Сол жылдары осы бөлімдердің ғылыми қызметкерлерінің күшімен бірнеше экспедициялар құрылып, республиканың әр аймақтарынан жүздеген тарихи және мәдени ескерткіштер есепке алынып, әр ескерткіштің құжаты, ғылыми түсініктемелері жасалды. Ол 1979 жылдан бері Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­ти­тутының докторлық диссертация қор­ғау жөніндегі диссертациялық кеңе­сінің мүшесі. Қазақстанда және одан тыс мемлекеттерде түрлі дең­гей­де ұйымдастырылған ғылыми конфе­ренцияларға қатысып, көкейкесті тақы­рыптар бойынша баяндамалар да жасады. Мәселен, 1972 жылы Донецк, 1975 жы­лы Мәскеу, 1976 жылы Минск, 1984 жы­лы Ташкент, 1997 жылы Берлин қа­ла­ларында болуы соған дәлел болады. Тіпті, 1992 жылы Қазақстанның қоғамтанушы ғалымдарымен бірге АҚШ-та ғылыми сапарда болып, Беркли, Сан-Франциско университеттерінде тарихи демография және әлеуметтік тарих­тың өзекті мәселелерінен дәрістер де оқы­ды. Мәселен, 1997 жылы Берлинде өт­кен «Орталық Азиядағы миграция: оның даму мен тұрақтылыққа әсері», ал 2008 жылы Мәскеуде «КСРО-да болған жаппай ашаршылықтың тарихи және саяси мәселелері (30-жылдар)» атты халықаралық ғылыми конфе­рен­цияларға қатысты. Мұның бәрі, шын­туайтында, ізденімпаз ғалымның ғылы­ми белсенділігі өз өмір белесінің қай кезеңінде де өте жоғары болғанын білдірсе керек. Академик Мәлік-Айдар Хантемір­ұлы ғылыми-педагогикалық қыз­меттен де әлі қол үзген жоқ. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы ҚазҰПУ-де профессор ретінде тарихшы мамандарды дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Ол жүздеген жас тарихшылардың ұстаз болуына және ғылым жолына түсуіне жолдама берді. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ ғылы­мының қара шаңырағы – Қазақ Ұлттық ғылым академиясының қабырғасында еңбекпен өткізген академик Мәлік-Айдар Асылбеков ағамыз Қазақ елінің тәуелсіздігін көре алмай кеткен аға буын тарихшылар тобының ғылыми игі дәстүрін бүгінгі тарихшылар қауымына жеткізуші болып табылады. Ол, шын мәнінде, еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленген, еліне өлшеусіз еңбек сіңірген абыройлы тұлға. Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, академик. АЛМАТЫ.