Қатардағы доп додасының үшінші плей-офф матчында Франция мен Польша құрамалары жасыл алаңда жолығып, қазіргі әлем чемпиондары ширек финалға жолдама алғаны белгілі.
Сол бәсекенің 44-минутында ойынның есебін ашқан Франция құрамасының шабуылшысы Оливье Жиру өзінің ұлттық құрама жейдесіндегі 52-ші голын соғып, Францияның футбол тарихындағы ең үздік сұрмергеніне айналып шыға келді. Ол бұл жетістігі арқылы әйгілі шабуылшы Тьерри Анриден озып кетті. Анри өз елінің бас командасы құрамында 123 матч өткізіп, қарсыластарының қақпасына 51 гол соққан. Сондай-ақ мергендер тізімінде Жируды Антуан Гризманн (42 гол), Карим Бензема (37) және Килиан Мбаппе (29) өкшелеп келеді.
Сол ойында екі мәрте мергендігімен көзге түскен Килиан Мбаппе әлем чемпионаттары тарихындағы небәрі 11-матчында 9-голын соқты. 23 жастағы шабуылшыға әйгілі германиялық сұрмерген Мирослав Клозенің рекордын бұзуға (16 гол) бар-жоғы жеті гол қалды.
Сондай-ақ Франция – Польша матчында алаңға шыққан франциялық қақпашы Уго Льорис ұлттық құрама сапындағы 142-ойынын өткізіп, отандасы Лилиан Тюрамның рекордын қайталады. Уго осы уақыт аралығында Франциямен бірге 2018 жылы әлем чемпионатында, былтыр Ұлттар лигасы турнирінде жеңімпаз атанды. Ол биыл өзінің төртінші әлем чемпионатына қатысып жатыр.
Ақша ма, атақ па?
Қатарынан бес әлем чемпионатында гол соққан тұңғыш футболшы Криштиану Роналду қазіргі таңда клубсыз жүргені баршаға белгілі. Ол әлемдік мундиалдың екінші күнінде-ақ Англияның «Манчестер Юнайтед» клубымен келісімшартын бұзған еді. Роналду «Манчестер Юнайтедпен» бірге үш мәрте Англия чемпионы, екі рет Англияның Лига кубогінде жеңімпаз атанған.
Роналдудың клубсыз қалғаны сол-ақ екен, оны бүкіл әлемнің командалары өз клубтарында көруге ниетті екендігін білдіріп жатыр. Мәселен, Криштиануды Сауд Арабиясының «Ан-Наср» клубы аттай қалап отыр. Олар португалиялық шабуылшыға жылына 200 миллион еуро жалақы беруге дайын. Испаниялық «Marca» басылымының мәліметі бойынша, арабтар португалиялық шабуылшыға екі жарым жылдық келісімшарт ұсынған.
Келесі чемпионатқа 48 команда қатысады
Футболдан 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына әдеттегідей 32 құрама емес, 48 елдің құрамасы қатысатын алғашқы ірі доп додасы болмақ.
Осыған орай ФИФА мен жарысты ұйымдастыратын елдің футболына жауапты мамандарымен төрт жылдан кейін алауы тұтанатын әлем чемпионатының топтық кезеңі форматын талқылап жатыр.
Чемпионатты ұйымдастырушылар әуелі 48 құраманы үш-үштен 16 топқа бөліп ойнатуды жоспарлаған еді. Енді олар қазіргідей төрт құрамадан 12 топқа бөлу нұсқасын қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Егер ФИФА тарапынан соңғы нұсқа қолдау табатын болса, онда әлем чемпионатында біз 104 матчтың куәсі боламыз.
ФИФА әлем чемпионатындағы матчтар санының артуына футболшылар мен құрамалар қарсылық білдіре ме деп алаңдап отыр. Себебі құрамалар финалға дейін әдеттегідей, жеті емес сегіз матч өткізуіне тура келеді. Ал футбол мамандары матч санын арттырумен бірге әлем чемпионатын тағы бірнеше күнге созуды ұсынып отыр.