Астанада түнгі клубта есірткі сатқан 22 жастағы бармен ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Астана қаласы прокуратурасының келісуімен өткізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларынан кейін Астана қаласы Есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері ойын-сауық орталықтарында есірткі сатумен айналысқан жас жігітті ұстады. Одан әрі тергеу әрекеттері ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінде жалғасты.
«Ұсталған азаматтың пәтерін тінту барысында синтетикалық топтағы каннабис және есірткі заттары тәркіленді. Бұл жақын арада сатуға арналған есірткінің 20 реттік дозасы болып шықты», дейді елордалық департаменттің басшысы.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде барлығы 4 граммға жуық мефедрон мен 11 грамм гашиш тәркіленді.
Есірткілерді аса ірі көлемде сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұсталған азамат Астана қаласы ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды.