Кеше Өзбекстан астанасы – Ташкентте семсерлесу мен қылыштасудан жастар арасындағы Әлем кубогі кезеңі аяқталды. Қазақстандық спортшылар бір алтын, екі қола медаль жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Қазақстан ерлер құрамасы семсерлесуден командалық сайыстың ширек финалында жарыс қожайыны Өзбекстанды 45:29 есебімен жеңгенімен, жартылай финалда Мысыр құрамасына жол берді – 45:35. Ал қола жүлде жолында Қырғызстан спортшыларын тізе бүктірді – 45:32. Ұлттық құрама сапында Богдан Лукин, Ғабиден Мұстафин, Георгий Тинников, Александр Федотов өнер көрсетті. Ал қылыштасудан еліміздің әйелдер құрамасы жартылай финалда Түркияны жеңе алмады – 45:36. Алайда Молдованы сенімді ұтып (45:30), Әлем кубогінің қола жүлдесін жеңіп алды. Әйелдер құрамасынан София Актаева, Алена Гноева, Надежда және Алина Искандеровалар күш сынасты. Бұл – Ташкентте ұлттық құрама жеңіп алған үшінші медаль. Бұған дейін жекелей сайыста өнер көрсеткен жерлесіміз Богдан Лукин алтыннан алқа таққан болатын.