Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасы» мен «Анаға тағзым» орталығы арасындағы келісімге сәйкес өңірде «Әжемнің ертегісі» жобасы қолға алынды. Енді әжелер облыстың әр қиырында орналасқан балабақшаларға арнайы ат басын бұрып, балаларға ертегі айтып, олардың ой-өрісінің дамуына ықпал ететін болады.
Жоба аясында алғашқылардың бірі болып Жанат Мұсабекова мен Майса Сұлтанова шалғайдағы Мойынқұм ауданына барды. Олар аталған ауданның Айдарлы ауылындағы «Балапан», Құмөзек елді мекеніндегі «Балауса» және Шығанақтағы мектепке дейінгі білім беру мекемесіне келіп, балдырғандар үшін қызықты саналатын түрлі тақырыптағы ертегілер мен аңыз әңгімелерді айтып берді.
«Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырзағалидың айтуынша, ә дегеннен-ақ балалар әжелер айтқан ертегілерді ұйып тыңдап, зор қызығушылық танытқан. Жоба алдағы уақытта өңірдің барлық ауданын қамтымақ.
«Бүгінде балалардың барлығы да смартфонға тәуелді. Телефонға телмірген ұрпақтың ертегі тыңдағаны дұрыс. Сол арқылы ой-өрісі дамиды, танымы арта түседі. Одан бөлек, тіл байлығы толысады. Осының бәрін ескергендіктен екі тарап келісе келе, жаңа жобаны қолға алып отырған жайымыз бар. Кезінде бәріміз де әжелердің, аналардың ертегісін тыңдап өстік қой. Сол тұрғыдан алып қарағанда бұл ескінің жаңаша сипатта жаңаруы деп түсінген дұрыс шығар», дейді «Анаға тағзым» орталығының директоры Э.Мырзағали.
ТАРАЗ