Футболдан әлем чемпионатының он алтыншы күнінде жанкүйерлер 1/8 финалдың тағы екі матчын тамашалады. Біріншісінде 2018 жылғы әлем біріншілігінің вице-чемпионы Хорватия топтық кезеңде сенсация жасаған Жапонияны матч соңындағы пенальти сериясында жеңсе, екіншісінде бес дүркін әлем чемпионы Бразилия Кореяның қақпасына төрт гол соғып, Қатарда футбол карнавалын ұйымдастырды.
Әйгілі футболшы Пеленің бір сұхбатында: «Сендер соға алғандарыңша гол соғасыңдар, ал біз қалағанымызша гол соғамыз», деп айтқаны бар еді. Кеше Корея құрамасымен матч өткізген Пеленің ізбасарлары Ким Сен Гю қорғаған қақпаға қалағанынша гол соқты. Үзіліс кезінде Бразилия құрамасының бас жаттықтырушысы шәкірттерінен ойын қарқынын бәсеңдетуін сұрап, эйфорияға берілмей, ширек финал матчын да ойлау керектігін ескертпегенінде, екінші таймда Неймар бастаған жігіттердің тағы қанша гол соғатынын болжаудың өзі қиын еді.
Топтық кезеңде әр ұпай маңызды болған соң, бразилиялық футболшылар топырлатып гол соға бергенше, мейлінше көбірек ұпай жинауға баса назар аударды. Ал көп гол соғу қажет болған плей-офф матчында, олар бұл тапсырманы да бұлжытпай орындады. Бірақ бұл жерде көп мәселені құрамалардың деңгейі шешкенін де айта кету керек. Мәселен, Бразилия мен Оңтүстік Корея футболшылары осыған дейін бес мәрте жолдастық матч өткізіп, соның бәрінде Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері ірі есеппен жеңіске жеткен. Соңғы рет жаз мезгілінде ұйымдастырылған кездесуде Бразилия қарсыластарын 5:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Ал бұл жолғы бәсекеде бразилиялықтар қарқынын жоғалтпағанын, кореялықтар болса, әлі де сол деңгейден көтеріле алмағанын байқатты – 4:1.
Кездесудің жетінші минутында Винисиус Жуниордың бастап берген голдар шоуын 13-минутта Неймар пенальтимен жалғады. Бұл – Неймардың ұлттық құрама сапында соққан 76-голы. Егер ол келесі матчта да мергендік танытатын болса, онда даңқты отандасы Пелемен теңеседі. Бірінші тайм аяқталғанға дейін бразилиялықтардан Ришарлисон (29-минут) мен Пакета (36) қанжығаларын бір-бір голмен майлады. Корея құрамасының жалғыз голын екінші таймның 76-минутында Пайк Син Хо соқты.
Жапония – Хорватия матчында еуропалықтар қағаз жүзінде кездесудің басты фавориті саналғанымен, барша жұрт Күншығыс елінің өкілдері іріктеу кезеңінде «ажал тобынан» қалай бірінші орынмен шыққанын жақсы біледі. Сондықтан кешегі ойында Хорватия футболшылары аса сақтықпен ойнап, матчты барынша пенальти сериясына дейін созғаны анық байқалды. Өйткені топтық кезеңде қатырып ойнамаған «шақпақ жейделі» құраманың футболшылары кейінгі бірнеше ірі турнирде тек пенальтидің арқасында ғана келесі кезеңге өтіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл матчта да дәл сондай жағдай қайталанды.
Кездесудің бірінші таймын Жапония құрамасы өте жақсы өткізді. Алғашқы минуттардан бастап 45-минутқа дейін Хорватия қақпасына бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, бар-жоғы бір ғана гол соға алды. 43-минутта Хорватия қақпасының алдындағы қарбалас сәтте Дайдзэн Маэда ептілік танытып, матчтың есебін ашты. Екінші таймның 55-минутында хорватиялық Иван Перишич таразы басын жылдам теңестіріп кетті. Бұл – Перишичтің әлем чемпионатында соққан алтыншы голы. Ол бұл нәтижесімен отандасы Давор Шукермен теңесіп алды. Матчтың қалған уақытында да, қосымша экстра-таймда да Жапония мен Хорватия футболшылары гол соғып, жеңімпазды анықтай алмады. Сөйтіп келесі кезеңге шығатын құраманы матч соңында пенальти лотереясы анықтап берді.
Пенальти тебуге және 11 метрлік айып добын қайтаруға әбден машықтанған Хорватия құрамасына шешуші тұста сәттілік жолдас болып, қақпашы Ливаковичтің шеберлігі арқасында ширек финалға жолдама алды. Қорытынды есеп – 2:1 (пенальти – 3:1). Хорватия құрамасының қақпашысы Доминик Ливакович Жапония футболшылары тепкен үш пенальтиді қайтарып, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Ол Такуми Минамино, Каору Митома мен Мая Йосида тепкен допқа тойтарыс берді.
Айта кетейік, хорватиялық футболшылар 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында да, ширек финалда да Дания мен Ресей құрамаларын ойын соңындағы пенальтиден жеңіп, финалға дейін жеткен еді. Енді Хорватия құрамасы ширек финалда Бразилиямен кездеседі.