Жақында Алматыдағы «Аbai baspasy» Зәріпбай Оразбай әзірлеген «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» атты жинақты жариялады. Ол Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» (1730) деп аталатын шағатай қарпіндегі қолжазбасы негізінде даярланған. Онда Шыңғыс ханның (қолжазбада – Шыңғыз) ең сенімді қолбасшысының бірі Ноқта (кей деректе Бұқыршын) ноян мен оның ағасы Орақты ұрпақтарының XVIII ғасырдың басына дейінгі тарихы баяндалған. Аталған кітаптағы түркілер мен Шыңғыс ханға қатысты мәліметтер Рашид ад-дин Фазуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» (1316) және Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнама» (1425) еңбектеріндегі деректерге сәйкес келеді. Жинаққа Бекасыл әулиенің «Зикзал» мұрасы туралы деректер мен Мәшһүр Жүсіптің естеліктері, сондай-ақ академик Ғарифолла Есімнің «Шыңғыз хан туралы тосын пікір» атты мақаласы енген. «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» көне заманнан осы күнге дейінгі ел тарихын дұрыс байыптауға жәрдемін тигізеді.7 желтоқсан күні сағ. 15.00-де елордадағы Академиялық кітапханада көне тарихтан мағлұмат беретін «Ұлы тарих және Ұлы әулиелер» атты жинақтың тұсаукесері өтеді.
Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарихымыз» атты кітабының 1-бөлімінде адамзаттың жаратылған дәуірі, Ыдрыс (ғ.а.с.) пен Нұқ (ғ.а.с.) пайғамбарлардың тарихы, түркі тайпаларының пайда болуы, олардың алғашқы мекендеген аймақтары, ондағы жер-су атауларының (Талас, Шу, Балқаш, т.б.) негізі, тайпа-ру атына айналған адамдардың мәліметі, олардың ұрпақтары, Еуразия кеңістігіне қалай тарағаны, ұлттарға бөлінгені туралы баға жетпес деректер келтірілген. Мұра мазмұнында Нұқ пайғамбар топан судан кейін Туран деген атауға ие болған жерлерді Йафас атты ұлының еншісіне береді. Оның алғашқы қонысы – Кур тау (Қара тау). Йафастың Түрік, Хазар, Сақлаб, Рус, Мешек, Чин, Қамар, Кимал (Тибит) атты тоғыз ұл туады. Йафас билеуші болған кезде, оның есіміне «билеуші-патша» ұғымын аңғартатын «қаған» деген сөзді тіркеп атайтын. Түрік те, оның ұрпақтарынан шыққан Қырқыз (Қырғыз), Жалайыр, Найман, Арғын сияқты ұлықтар да «қаған/ хан» деген дәрежеге ие болған делінеді.
Түріктен Әлінжа, Түтік, Шегіл, Берсенжар, Емлақ, Тарпақ, Тур деген ұлдар тарайды (кітапта олардың 4-буынына дейінгі шежіресі бар). Олардың ішінде халыққа таныс Қырқыз (Қырғыз), Жалайыр, Қордай, Албан, Құлан, Найман, Нәдүліш, Арғын, Туба, Буйрат, Байқал, Жақут, Таңқұт, Шанқұт, Ұранқай, Қатун, Ашина (олар екеу: біріншісі – Қаңқадан, екіншісі Шыршық әулетінен тарайды), Қотан, Қашғар, Тәрім, Чақмақ (Шақпақ), Әріс (Арыс), Дула, Афрасияб, Әнкүрән, Шымған, Шымбай, Шыршық, Сирили (Сіргелі), Чанчқули (Шанышқылы) т.б. тайпа-рулардың, топонимдердің атауы ұшырасады.
Кітаптағы дерегінде Йафастың ұрпақтары 5-буынға жеткенде мейлінше көбейіп, бастапқы мекендеген аймағы тіршілігі үшін тарлық қылады. Сондықтан Түрік әулетін Кур тауға қалдырып, кейінгі ұлдарын әулетімен қоса басқа аймаққа қоныс аудартуды ұйғарады.
Түрік 240 жыл өмір сүрген («Түрік – лақап аты, түбірі арабтың «ақылды, дана, данышпан» ұғымын береді; Түрік Сайрамда өліп, сол жерге қойылды. Сайрам – Түріктің Тур деген кенже ұлының лақап есімі» делінгін қолжазбада), осы уақыт аралығында оның бірнеше ұрпағы дүниеге келіп, өсіп-өніп көптеген ұрыққа (атаға) бөлініп, бөлек өмір сүре бастайды. Сондықтан ол кенже ұлы Турды оңтүстікке қалдырып, одан соң Алынжаның Дебақуй, Дип Жақый, Қаңқа деген ұлдарынан тараған ұрпақтарын Кур таудан (Қара таудан) Таласқа дейін және одан әрі Шу өзенінің аралықтарындағы аймақтарына қоныстандырады. Қалған Түтік, Шегіл, Берсенжар, Емлақ деген ұлдары мен олардан тараған ұрпақтарын басқа аймақтарға орналастыру үшін ұлы көшті бастайды. Ол көшірмек болғанда, өзен жағалауындағы отырған ұрпағы орныққан жерінен кеткісі келмей, біршама таласты («Талас» топонимінің негізі) дейді.
Оның көші алғашында өзеннен (Шу) өтіп, оның солтүстігінде көлденең жатқан тауға кездеседі. Одан өткен кезде бір үлкен көлге (Балқаш) шығады. Сол жерде Түріктің Балқаш атты қызы жолбарыстан үркіген өгізден құлап, мерт болады. Содан есте қалсын деп, көлге Балқаш атауы берілген деседі.
Олар шығысқа қарай жүрген кезде, көлге келіп құйып жатқан бір өзенге тап болады. Ол өзеннен өтер кезде Қордайдың Или деген әйелі суға тұншығып қайтады. Оны өзеннің бергі бетіне жерлейді. Сонда Қордай сүйікті әйелінің бейітін айдалаға жалғыз тастап кеткісі келмей, Түрік атасынан сол жерде қалуға рұқсат алады. Өзенге Или (Iле) деген атау береді (Iленің оң жағалауына Шегілдің Албан деген перзенті қоныс тебеді).
Ұлы көш содан соң шығысқа қарай жүріп отырып, көлденең жатқан аса бір биік тауға тіреледі. Түрік ата оңтүстік пен солтүстік тараптағы аймақтарға барып қайтқан уақыт аралығында оның Жалайыр (шын аты – Көкжал) атты немересі биік таудың (Алтай) басына шығып, көп жерін аралап, оның әсем табиғатын ұнатып қалады. Сол Түрік атасынан мол аймақты қоныс ретінде еншілеп алады. Сонда Жалайырдың інілері Албан мен Құлан және олардың әкесі Шегіл Жалайырмен қалғылары келетінін айтады. Түрік бұл өтінішті қабыл алып, оларға сол таудан (Алтайдан) Қордай қалған өзенге дейін жерлерді береді. Олар алғашында аталған тау мен сол таудың етегіндегі өзеннің бойына қоныстанады. Сол жерде Жалайырдың бір жасар баласы Түріктің саусағын тістеп алады. Сонда Түрік: «Мына бала өзі сәби болса да, тісі ересектікіндей екен» депті, содан «Ертіс» боп кете барды дейді әпсанада (гидроним төркіні).
Түрік ата сол жерде қыстап қалады. Сол жылы қыс өте қатты болып, адамдар күйзеліске ұшырайды. Ол кезге дейін адамдар отты құрғақ ағаштарды бір-біріне ысқылап жүріп алады екен. Күн қатты суып кеткен кезде, Берсенжардың ұлы Нәдүліш құрғақ ағаш іздеп жүріп қатты ызаланады да, бір тасты екінші тасқа ұрып, от шығарып алады. Мұның шарапаты – адамзатқа от келеді.
Көктемнің ортасы ауған кезде Түрік қалған балаларын жинап алып, солтүстікке қарай тауды жағалап жолға шығады. Ақ сулы өзенге жетеді. Найманның анасы мен Жалайырдың анасы туған апалы-сіңлілі екен, алғашқысы өзеннен әрі асып кеткісі келмейді. Оның бауырлары Нәдүліш, Арғұн (Арғын), Туба, сосын олардың әкесі Берсенжар да Найман қалған аймақта орнығуға Түріктен рұқсат сұрайды. Өтініш қанағаттандырылып, Берсенжарға «Ұрпақтарың осы тұстан батысқа қарай қоныстана берсін!» деп, нұсқау береді де, қалған ұрпағын ертіп әлгі ақ сулы (Берел) өзеннен өтіп, әрі кетеді. Берсенжар болса атасының айтқанын орындап Нәділүш, Арғун, Тубаны батыс жаққа кезек-кезегімен орналастырды.
Ақ сулы (Берел) өзеннен өткеннен соң Жалайыр мен Найманның нағашысы – Қырқыз (Қырғыз) өз қарындастарынан алыс кетуді қаламады. Сөйтіп, ол да өтініш айтып, ақ сулы өзеннен кейінгі аймаққа қоныстануға рұқсат алды.
Түрік атамыз қалған ұрпақтарын ертіп шығысқа қарай жүрді де, тағы бір өзенге келген кезде, ол аймақтарға Түтіктің Жалан мен Қам деген балаларын қоныстандырды. Бұлар Қырқыздан алыс кеткен жоқ. Өзі туып-өскен жерлерінің атын ұмытпау үшін қоныстанған өңірі мен су ішкен өзеніне Шу деп ат қойды.
Содан соң Түрік атамыз қалған ұрпақтарын ертіп тағы да шығыс тарапқа жол тартты. Сол кезде Түтік «өзі перзентімнен тым алыс кетпейін» деп, әкесінен сол жерде қалдыруды өтінеді. Түрік өтінішті қабыл алып, баласы Селенкеймен бірге қалдырып, өзі әрі қарай кетеді. Содан барып Емлақ деген ұлын, оның Буйрат, Байқал, Жақут, Сайын деген балаларын ертіп алып, шығыс тарапқа барлығын рет-ретімен қоныстандырады.
Содан соң Түрік ата кері қайтып, Жалайырды қоныстандырған таудың шығыс тарапына келіп, оңтүстікке қарай жүреді. Содан ол таудың оңтүстігіне дейін барып, Тарпақ деген ұлы мен оның барлық баласын сол аймаққа отырғызады. Өзі нөкерлерімен бірге Жалайырдың қонысына қайта келеді.
Сонда санап қараса, Шу өңірінен ұлы көшті бастап шыққаннан бері он екі жыл өтіпті. Түрік атамыз уақыт пен дәуір өлшемдері мен оның санын анық жүйеге салып, былай дейді: «Аспандағы Бұржылардың саны он екі, жердегі соған мүшел, яғни тұспал жылдардың саны да он екі, яғни бір мүшел жылында он екі жыл бар, олардың әрбірінің мөлшері он екі ай». Сол он екі жылды «бір дәуір жылы» деп қабылдайды (Мысалы, «он дәуір жылы өтті» десек, онда «120 жыл өтті» дегенді білдіреді). Сосын бұл 12 мүшел жылын бір-бірінен ажырату үшін әрқайсысына бір жануар-мақұлық атауын береді.
Түрік атамыздың осы өсиетіне байланысты ұрпағы жыл санауда «мүшел жылын», ал дәуірді өлшеуде «дәуір жылы» есебін қолданатын болыпты. Бұл дәуір жылының есебі, Шыңғыз ханның алғашқы нөкерлерінің бірі Құшық ноянның айтуынша, ұлы қағанның билік дәуіріне дейін (XIII ғ.) үзілмей, яғни 335 дәуір жылы (335 х 12= 4020 жыл) бойы жалғасып келген.
Жоғарыда аталған деректерден шығатын қорытынды: түркілер – жер бетіндегі ең көне халықтың бірі, олар бұдан 5 мың жыл бұрын (жоғарыда көрсетілген 4020 жылға Йафас пен Түріктің жасаған жасын қосқан кезде) қазіргі Қазақстан жерінде пайда болып, бүгін Еуразия аталатын аса үлкен кеңістікке тараған.
Ақтан сопы Құтбтың кітабында көршілес Қырқыз (Қырғыз) бен Найманның малы араласып кетіп, оларды ажырата алмауынан туған дауды Түріктің қалай шешкені баяндалады: «Сонда Түрік атамыз өзіне әкесі жасап берген тамғаны көрсетіп – әр бір әулет өзіне осындай тамға жасап алсын да, малдары мен шекараларына соның белгісін тамғаласын. Сонда әркім өзінің шекарасы мен малын оңай ажырата алады. Халық көбейген сайын дауласу да көбейіп кетер. Бұл туралы басқа ұрпақтар да құлақтансын».
Аталған кітапта Идрис пайғамбар туралы өте құнды деректер келтірілген. «Түрік пен Жалайыр Үш басты тауға (Алтайдағы Мұз тауға) барады. Сол жерде Түрік таудың кескінін төмендегі көлден көріп: «Бұл Үш басты тау маған Идрис пайғамбардың Мысырда тұрғызған Үш сумерін есіме түсіріп тұрғандай» дейді. Жалайыр олар туралы сұраған кезде Түрік былай деп жауап қатады: «Топан суынан да, Нұқ пайғамбардан да бұрын өткен Идрис пайғамбар жұлдыздар ілімін зерттеуге қажет болғандықтан, Мысыр (Египет) жерінде расытхана (обсерватория) ретінде үш үлкен ахрам (пирамида) тұрғызды. Олардың ішіне зерттеген жұмыстарының қорытындысын «сумер» жазуларымен жазған-тұғын. Ол жазуларды тек Идрис пайғамбар және Нұқ пайғамбар мен оның үш ұлы ғана оқып түсінеді. Ал олардан кейінгілерге ол жазулардағы ілімдерді ғана үйретіп, жазудың өзін үйретпеген. Ол үш ахрамның орналасуы мына таудың үш шыңының орналасуына дәлме-дәл сай келеді екен, яғни олар Шакарчи (Орионның) орналасуына дәл сай келіп тұр. Оның кескіні сенің тамғаңа меңзегенін мен сенің талайының бақ-дәулет аңшысына меңзеп тұрғаны деп түсіндім...Лайым Алла Тағала бұл меңзеуді жарыққа шығарсын». Осыдан кейін Жалайыр бұл тауды «Үш сумер» деп атады да, оның көл бетіндегі кескінін өзінің тамғасына үш ұшты тарақ түрінде бейнеледі».
Рас, тамға туралы деректер адамзат тарихында ерекше орын алады. Осы күнге дейінгі барлық соғыс жер мен қойнауындағы байлық үшін болғаны белгілі. Сонымен қатар Идрис пайғамбар қолданған «сумер» жазуы туралы дерек, Олжас Сүлейменов дәлелдеген «шумер» жазуы екені даусыз.
Ақтан сопының кітабында Ұранқай батырдың тарихы да жазылған. Оның асқан баһадүр болғаны, Албанның ұрпақтарынан тараған бір әулеттің Қатун есімді сұлуына үйленгені, кейіннен оның аты бір өзенге бергені, тоғыз ұлы мен бес қызы болғаны, әйелі жолбарыстың жүрегіне жерік боп, жолбарыс іздеп Буйрат пен Қырқыздың (Қырғыздың) ұрпақтары тұратын аймақтарға барғаны, бірнеше ұлын Буйрат пен Қырқыздың (Қырғыздың) ұрпағына үйлендіріп, өз қыздарын соларға ұзатып, өніп-өседі. Кітапта түркі жұртының шетінен батыр және мерген орман ұранқайлары туралы айтылып, содан Субтай (Сүбетай) баһадүрдің шыққаны баяндалады. Ол Шыңғыз ханның сенімді әрі биік дәрежелі қолбасшысы болғаны Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихында» жазылған. Осында ұранқай мен орман ұранқайларының мыңдықтары Шыңғыз ханның Бұрхан-Қалдұндағы «Ұлы қорығын» қорғағаны, аңшылықпен айналысып, шана мен шаңғыны пайдаланғаны айтылған.
«Жамиғ ат-тауарихта» былай делінген: «1224 жылы Шыңғыз хан Iле өзенін оң жағалауындағы Бұқа шыжық деген жерде Үлкен Құрылтай өткізіп, онда Хорезмшахты жеңгенін тойлайды. Перзенттері мен жақын туыстарына енші бөліп беріп, әскерінің бір бөлігін оларға үлестіреді. Әскер басшыларына молынан сыйлық береді. Солардың ішінде ең жоғарғы арнайы дәреже Ноқта (Бұқыршын) ноянға тиеді. Ол туралы Шыңғыз хан: «Бұқыршынның дәрежесі тек ханнан ғана төмен, сондықтан оның ұрпағы мен жақын туысы тархан болады!» деген» (171-бет).
Дәреже беру кезегі Ноқтаның туған ағасы Орақтыға келгенде, Шыңғыз хан: «Ей, Орақты, сенің де атқарған қызметтерің орасан. Сұрағаныңды берейін» дейді. Сонда ноян: «Әлемнің билеушісі, маған Ноқтаның ағасы деген дәреже жетеді!» дейді. Тапқыр сөзге риза болған қаған: «Ендеше дәрежең Ноқта ағасы болсын» дейді. Міне, тарихқа Орақтының дәрежесі «Ноқта ағасы» болып енген. Мұны Орақтының тікелей ұрпағы - Ақтан сопы Құтб осы қолжазбада айтады.
Аталған мұра дерекке толы. Төленің ұлы Құблай қаған таққа отырған соң (1260) Шыңғыз ханның астанасындағы Арықбұқаны жеңіп (1264), империя кіндігін Кайфинфуға (Қытай) көшіреді. Қайду хан оған қарсы шығады. Оның пікірінше, астана Қытайға көшірілсе, иелігіндегі мемлекеттер мен аумақтар түгелдей Қытайға бағынады әрі солардың аумағы болып бекітіліп кетуі мүмкін. Сондықтан Қайду хан Құблай қағанға қарсы соғысқа әскер жинайды. Тарбағатай мен Емілдегі Орақты ноянның ұрпақтарына барып, басқа да Жалайыр басшыларымен келісіп, атойлайды. Олар Қайду жақтаған Барақ пен Абақа ханның соғысына да (1270), Құблай қаған мен Қайду ханмен одақтас болған Барақ ханның ұлы Дуа ханның арасындағы соғысқа (1275) да қатысты. Сол ұзаққа созылған соғыс салдарынан көп шығынға ұшырайды, әскермен бірге отбасылары көшіп-қонып жүреді. Қайду қайтыс болғаннан соң (1302) Шаш, Шу өңірі мен Йассы, Самарқанды мекендейді.
«Біздің тарихымыз» аталатын қолжазба соңында бұл еңбек Шыңғыз ханның ұлы Шағатайға уәзір болған Құшық тұсында басталып, оның өсиетіне сәйкес әр дәуірде толықтырылып, Ақтан сопы Құтб пен оның осы күнгі ұрпағына жеткені жазылған.
Ержан Исақұлов,
саяси ғылымдар докторы,
мұратанушы-профессор