Григорий Ломакин, Ярослав Пшеничный және Тайыр Қайретдинов бастаған қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлердің финалисі атанды.
Атап айтқанда, Г.Ломакин жұптық сында бразилиялық Игор Хименеспен бірге Вакарияда (Бразилия) ұйымдастырылған ITF жарысының (жүлде қоры – 25 мың доллар) финалына дейін жетіп, соңғы бәсекеде бразилиялықтар – Жоао Лоурейро мен Густаво Хейдеге есе жіберді – 6:3, 6:7 (5:7), 5:10.
Түркияда 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe додасында Пшеничный мен Қайретдинов финалда ресейлік Картцев пен түркиялық Байбарысқа жол берді – 4:6, 2:6. Ал Испаниядағы Рафаэль Надаль академиясында 12 жасқа дейінгілер арасында өткізілген TEN-PRO Global Junior Tour турнирінде Полина Лазаренко үшінші орынға ие болса, Абылай Төлеубаев «Турнирдің үздік ойыншысы» аталымы бойынша арнайы жүлдемен марапатталды.