Мәдениет және спорт министрлігі маусым айында елімізде алғаш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалатынын хабарлаған болатын. Әдебиет пен баспа ісінің өрісін кеңейтуге бағытталған байқау мәресіне жетіп, кеше Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар жүлдесі салтанатты түрде табысталды. Министрлікпен бірге, ақын-жазушылар, зиялы қауымның қолдауымен бекітілген ауқымды жобаның мақсаты – төл әдебиетті тың дүниелермен толықтыру, жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңызын қоғамға көрсету.
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау кеші «Сазген сазы» ансамбілінің күмбірлеген күйімен ашылып, байқаудың ақтық кезеңіне жеткен жеті ақынның өлеңдерінен құралған композициялық қойылыммен басталды. Салтанатты кешті ашу үшін сахнаға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев шақырылып, министр мырза тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ұлттық сыйлықтың мән-мазмұнына аз-кем тоқталып өтті: «Жалпы, қай елдің болса да әдебиеті қаржылық тұрғыдан қолдауды қажет ететіні жасырын емес. Алаш кезеңінде үздік романға жарияланған бәйгенің арқасында төл мұраларымыз «Қамар сұлу», «Қалың мал» секілді іргелі классикалық шығармалармен толықты. Бұл өркениетке, руханиятқа жасалған қызметтің өшпестігін дәлелдесе керек. Біздің де осы «Айбоз» сыйлығын жариялағандағы басты мақсатымыз – қазақ әдебиетіне сүйекті де, сүбелі шығармалардың көптеп қосылуына ықпал ету еді. Біз көбіне, «әдебиетіміз өз бетінше дамуы қажет» деген пікірді жиі естіп жатамыз. Әрине, нарық реттейтін тұстар болуы керек. Дегенмен тарихтағы тұңғыш заманауи роман Мигел де Сервантестің «Дон Кихоты» да арнайы сұраныспен жазылып, әлі күнге дейін сөремізден де, сөмкемізден түспей келе жатқанын ұмытпауымыз керек. «Ұлттың әдебиеті кенжелеп қалса, болашағы да бұлыңғыр болады», деген сөз бар. Министрлік соңғы үш жылдың өзінде 600-ден аса кітапты 2 миллионнан астам таралыммен ел кітапханаларына жеткізді», деді.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап, «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен отандық авторлардың бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа кітаптарын шығара бастаған. Сонымен қатар келесі жылдан бастап министрлік қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын да тағайындап отыр. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгер үшін әдебиеттің жетекші жанрларында бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады.
Отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында қолға алынған жобаны министр қарапайым ғана таныстырғанымен, байқаудың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрайтынын, әр жеңімпазға – 5 миллион теңге жүлде тағайындалатынын естіген қаламгерлер қауымы тарапынан сұраныс өте жоғары болды. Қатысушылардың жасына, жазу тіліне, шығарма жанрына еш талап қойылмаған байқауға үш жарым айдың ішінде 400-ден астам жаңа шығарма келіп түскен. «Үздік поэзия», «Үздік проза», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс», «Кітаптың үздік дизайны» атты аталым бойынша есімі анықталған жеңімпаздарды марапаттау «Үздік поэзия» аталымынан басталды. Сахнаға бірінші болып байқаудың ақтық сынына дейін өткен жеті ақынның ішінен топ жарып, жеңімпаз атанған, тырнақалды жырларымен әдеби ортаның назарын аударып жүрген жас ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Батырхан Сәрсенхан шақырылып, оған жүлдені Дәурен Әскербекұлы табыстады. Талантты ақынның байқауға ұсынылған «Жұмбақ арал» поэмасы туралы белгілі жазушы, қазылар алқасының мүшесі Дидар Амантай: «Тілі құнарлы. Метафора еркін. Формасы жаңа. Күрделі нәрсені қарапайым жеткізе білген. Жан есейген сайын рухқа жақындай түседі. Түптің түбінде жан рухқа айналады, яғни рух пен жан мәнін ашқан. Тың тақырып: қайшылық пен қатынас мәселесі. Автор балалық сезімді категория тұрғысынан қарастырады. Жан тазалығы – рух биігінде. Аталған бар қасиет поэманы ілгері оздырады. Әркім өзі көргенін оқиды», деп толымды пікір білдірді.
«Үздік проза» аталымында шорт-листке енген Тұрысбек Сәукетаев, Тұңғышбай Төрегелдиев, Марат Жолдасбеков, Бек Сарбас, Қуаныш Жиенбай, Нұрбек Нұржанұлы ұсынған шығармалардың ішінен белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Тырнақ» повесті үздік деп танылды. Оқырман қауымды мектептің 8-сыныбында оқып жүріп алғашқы әңгімесімен-ақ елең еткізіп, содан бергі қырық жыл бойы ұлттық әдебиетке бар ұжданымен адал еңбек сіңіріп келе жатқан Айгүл Кемелбаева: «Еліміздің өркендеуіне көркем сөздің түсіретін сәулесі өткір. Себебі сөздің тылсым қасиеті бар. Сондықтан мен проза жазғанда өзімнің ұлтыма зиян келетіндей ешнәрсе жазбаймын», деді тебіреніп тұрып.
Сондай-ақ «Үздік драматургия» аталымы бойынша «Мың мен жалғыз...» пьесасымен белгілі режиссер, жазушы Талғат Теменов, «Үздік аударма» аталымында Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларының аудармасы үшін Кенжебай Ахметов, «Үздік балалар әдебиетінде» «Іздер құпиясы» шығармасымен Бекен Ыбырайым, «Үздік кітап дизайны» аталымында «Кенесары хан уа сұлтан» кітабымен AmalBooks баспасы жеңімпаз деп танылды. «Айбоз» ұлттық байқауына келіп түскен шығармашылық жобаларға сараптама жасаған тәуелсіз қазылар алқасының құрамы да осы кештің үстінде белгілі болды. Олар: Қазылар алқасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын Маралтай Райымбекұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантай, жазушы, сыншы-аудармашы Осман Төреғұлұлы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, белгілі аудармашы-сыншы Әлия Бөпежанова, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай, ақын Гүлнар Салықбай, баспагер-дизайнер Александр Салаватов, жазушы Садық Шерімбек, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын, аудармашы Мейірхан Ақдәулет.
А.Кемелбаеваны марапаттау сәтінде қазылар алқасының төрағасы Ұ.Есдәулет қатысқан авторлардың да, олардың жұмысын сараптаған қазылар алқасы құрамының да соңғы сәтке дейін құпия болғанын байқаудың ерекшелігі ретінде атап өтті. «Айбоз» сыйлығы өз орнын тапқан әділ сыйлық болды деп есептеймін. Себебі әдебиетімізде Халықаралық «Алаш» сыйлығы бар, содан кейін Мемелекеттік сыйлық бар, осы екеуінің арасында дәл осы «Айбоз» секілді әдеби сыйлық керек еді. Мәдениет министрлігінің ыждахатымен дүниеге келген сыйлық үшін қаламгерлер қауымы атынан алғысымды білдіргім келеді», деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының бірінші хатшысы.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқаудың кемшілігі де болмай қалған жоқ. Жеті аталымдағы туынды авторларының аты жариялана сала, әлеуметтік желі бетінде айғай белең алды. Сайыс аяқтала сала, «Үздік аударма» аталымы бойынша шу шығып, талаптың дұрыс сақталмауына байланысты авторлар шағым білдірді. Шарттағы «түпнұсқа тілден аударылу керек» деген талапқа нұқсан келді» деген шырыл естілді. Түсінік беруді талап еткен көзіқарақты оқырман тіпті сайыс қортындысының да қайта қаралуын талап етті. «Шығармаларды орыс тілінен тікелей аударатын заман келмеске кеткен. Әлем әдебиеті шығармаларын түпнұсқадан аудару өте өзекті әрі маңызды». Әлеуметтік желі бетіндегі әдебиет жанашырлары тарапынан туындаған осы тектес бірқатар сұраққа байланысты республикалық Кітап Палатасы жауабын берді де.
Руханият қызметіне мүдделі мемлекеттің құзырлы мекемесі ұзақ уақаттан бері алғаш рет қазақша аудару ісіне қолдау білдірді. Әлемнің басты тілінен тікелей тәржіма жасай алатын буынның қалыптасып, кәсіби аударма саласының қайта жолға қойылуының өзі үлкен жетістік. «Айбоз» алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан байқау шарттарының бұзылмауын қадағалап, алдағы уақытта үстіртін іріктеу, жүйесіз ереже, көлеңкелі шешім орын алмас үшін абай болу керегіне көз жеткізіп, тиісті ой түйгеніне көпшілік те сенім білдіргісі келеді. Себебі әдебиет жанашырларының жанайқайын естіген Мәдениет министрлігі «халық сұраса, хан түйесін сояды» қағидасымен байқау бағдарламасына өзгеріс енгізді. Министрліктің Архив істері және құжаттама комитетінің төрағасы Қуат Бораш комикс жанры бойынша мән-жайдың анықталғанын айтып, ешкімнің де жеңімпаз болмағанын хабарлады. Жаңадан тағайындалған сыйлықтың соңы дауға айналмас үшін байқауға дейін жарияланып кеткен жұмыстың авторы ереже талабына сәйкес бас тартқанын жеткізді.
«Келешек үшін кең болайық!» министр Дәурен Әскербекұлының бұл сөзі әдеби сыйлықтың айналасында туындаған талас-тартысқа қойылған соңғы нүктесі іспетті қабылданды. Халқымыздың маңдайындағы жұлдызына айналып, жағасындағы құндыздай құнды «Айбоз» сыйлығы әдебиетке серпіліс әкелсе, діттеген мақсаттың орындалғаны.