• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2022

Алматыда дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өседі

379 рет
көрсетілді

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қалалық мәслихаттың отырысында келесі жылы мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Келесі жылы мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақы қоры 170 млрд теңгені құрайды. 32-33 мың мұғалімнің жалақысы 25 пайызға артады, бұл үшін қала бюджетінен 73 миллиард теңге қарастырылған. 2022 жылы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-255 мың теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 мың теңгеге дейін өседі», деді ол.

Келер жылы кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің және басқа да білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын 22 пайызға арттыру қарастырылып, оған 9 миллиард теңге қарастырылған.

«Біліктілігін арттырғанын растаған 19 мыңға жуық мұғалім қосымша ақы алады. Бұл үшін қосымша 25 млрд теңге бөлінді», деп қосты Әсем Нүсіпова.

Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарына келесі жылы жалақының көтерілуі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне де әсер ететінін жеткізді.

«Дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, медбикелердің еңбекақысы 20 пайызға, кіші медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 18 пайызға артады. 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 350 мың теңгені, медбикелердікі 205 мың теңгені құрайды», деп түйіндеді ол.