Әйгілі ESPN арнасы аралас жекпе-жек өнерін серік еткен 25 жасқа дейінгі спортшылардың арасынан үздіктерді анықтап, солардың рейтингін жариялады.
Үздіктер тізіміне жеңіл салмақтағы Қайсар Мақсат та енді. Мықтылар санатында ол 11-орында тұр. Қытайда туып-өскен қандасымыз өзінің тұсаукесер кездесуін 2019 жылдың тамыз айында М-1 Global промоушенінде өткізді. Өкінішке қарай, сол жарыста Қайсар ресейлік Николай Гончаровқа ұпай санымен ұтылды. Есесіне одан кейінгі уақытта WLF-W.A.R. ұйымының мұрындық болуымен өткен бірқатар турнирде қатарынан бес рет жеңіске жетіп, Дана Уайттың президенттік сериясы додасында күш сынасу құрметіне ие болды. Сол жекпе-жекте канадалық Ахиллес Эстремадураны қапы қалдырды. Осы жеңісінің арқасында қазақ спортшысы UFC-мен келісімшартқа отырды. Әлемнің ең белді промоушеніндегі алғашқы кездесуін Қайсар Мақсат биыл жазда америкалық Стив Гарсияға қарсы өткізіп, оны бірінші раунда есінен тандырды.
ESPN-нің рейтингінде дағыстандық Усман Нұрмагомедов көш бастап тұр. Америкалық Эрин Бланчфилд пен Мұхаммад Мокаев екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында эквадорлық Майкл Моралес пен Мейси Барбер сынды спортшылар бар.