Қазақстанның паратаэквондошылары Сауд Арабиясының бас шаһары – Эр-Риядта өткен Гран-при турнирінің финалдық кезеңін қос қола медальмен қорытындылады.
Финалдық кезеңде ең таңдаулы даян шеберлері ғана бақ сынайтыны белгілі ғой. Сол себепті Сауд Арабиясына 25 мемлекеттен келген 75 спортшы өнер көрсету құрметіне ие болды. Солардың қатарында Нұрлан Домбаев (80 кило) пен Нышан Өмірәлі (+80 кило) сынды қандастарымыз да бар. К-44 санатында сайысқа түскен олардың екеуі де қола медаль иеленді. Паратаэквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Есілбаевтың айтуынша, біздің жігіттер аталған додаға өте жақсы даярлықпен келді. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте Нұрлан көш бастап тұрса, Нышан төртінші орында тұр.
Ал соның алдында ғана дәл осы Эр-Риядта таэквондошылар сайысқа түскен еді. Жарыс жолына Қазақстанның екі спортшысы шықты. Олар – Жансел Дениз (67 кило) бен Смайыл Дүйсебай (+80 кило). Өкінішке қарай, жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмай, қалың топтың арасында қалып қойды.