• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2014

Аймақтық кәсіпкерлік айрықша назарда

408 рет
көрсетілді

Өндірістің классикалық үш факторы саналатын  еңбек, капитал мен жерге Альфред Маршалл төртінші  фактор етіп ұйымдастыру жұмысын қосса, Йозеф Шумпетер өзінің «Экономикалық даму теориясы» кітабында аталмыш факторға кәсіпкерлік деген заманауи ат сыйлаған еді. «Даму жоқ жерде түсім жоқ, ал түсім жоқ жерде даму жоқ» (Й.Шумпетер) қағидатымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік қызмет проблемалары біздің елімізде қолға шындап енді ғана алына бастаса, экономикалық әлеуеті зор мемлекеттер басымдықты негізінен шағын және орта бизнеске беріп келе жатқалы қай заман... Мұны айтып отырғанымыз, өткен жылдың қыркүйек айында ғана құрылған Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын жыл емес, ай сайын жандандырып, ел экономикасын өрге сүйреуде айрықша белсенділік танытып отыр. Отандық кәсіпкерлерді бір шаңырақ астына жинауды мақсат тұтқан ұйым бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірлерінде аймақтық кәсіпкерлер палаталарын  (АКП) ашып қана қоймай, шағын қалалар мен аудан орталықтарында палата филиалдарының жұмысын ұйымдастырып, кәсіпкерлік қызметті қолдауға  нақты қадамдар жасауда. ҰКП-ның алғашқы отырысында «Біз Үкіметтің сенімді, құзыретті серіктесіне айналуымыз керек. Барлық бизнес қауымдастықтың жұмылдырылуын қамтамасыз етуіміз қажет, бүгінде бізде ондай мүмкіндік бар, себебі, заң нормалары бойынша барлық кәсіпкерлер Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  мүшелері болып табылады. Біздің өңірлік өкілеттіктеріміз аудандық деңгейге дейін жетеді, яғни ҰКП-ның шешімдерін қабылдауға бизнестің түгел жұмылдырылуы біздің Үкіметпен құзыретті жұмыс жасауымызға мүмкіндік береді», деген палата төралқасының  төрағасы Тимур Құлыбаевтың сөзі көп кешікпей іске аса бастағанын соңғы жаңалықтар тағы бір мәрте айқындап жатыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, осы уақытқа дейін 130 аудан орталығында ашылып үлгерген палата филиалдарының саны алдағы уақытта тағы да 60 елді мекенде ашылмақ. Рас, шағын және орта бизнес дамымай қарыштау жоқ. Шағын және орта бизнеспен айналысатын адамдардың саны өспей, қазынаға өсім түсіруді ойлау   – ағаттық. Нарықтық экономиканың бұлжымас қағидасына айналған осы бір қарапайым шындықты түйсініп қана қоймай, түбегейлі бетбұрыс жасауға қадам жасалғанын Ақордада өткен отандық инвесторлардың кездесуі тағы бір паш еткендей болды. Кездесу барысында күні кеше бизнесті тексеруге мораторий жариялаған  Президент Ұлттық банк пен Үкіметке капиталды амнистиялау туралы заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді.  Палатаның бастамасымен бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін заң жобалары қайта қарастырылып, Бас прокуратура, Қаржы полициясы сияқты құзырлы мекемелермен екіжақты меморандумдарға қол қойылды. Енді Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнеске қатысты тексеру туралы ақпарды ұсынып отырмақ. Тексеру пішіндері  түбегейлі түрде өзгеріске ұшырап, кәсіпкерлерге қойылатын талаптың жалпы мөлшері 30 пайызға қысқартылмақ. Жер учаскелерін мақсатты түрде пайдалануға беру, инженерлік жүйеге қосу, құрылыс жүргізуге рұқсат беру талаптарын 50 пайызға қысқарту жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар беріліп, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жер учаскесін алу туралы құжаттандыру 30 күн ішінде ресімделуі тиіс. Қысқасы, 2014 жылдың 1 маусымына дейін Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, заңдарды толық түрде тексерістен өткізуге тапсырма берген Президент алдағы уақытта Кәсіпкерлік туралы кодекс жобасын пысықтап, Қазақстанда жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізілуі керектігін нақтылады. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлес салмағы әзірге 20 пайыздың айналасында тұрған еліміз үшін дәл осындай сындарлы сәтте батыл  әрі әбжіл қимылдар жасауы өте маңызды. Осы орайда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының уақыт оздырмай Парламент Мәжілісінің комитеттерімен, «Нұр Отан» партиясының жұмыс топтарымен бірге жұмыс істей бастауы көңіл қуантады. Палата ішіндегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің атқарып жатқан жұмысы да ұшан-теңіз. Атап айтсақ, бұл кеңес заңсыз тұтқындалған есепшоттарды анықтап, жүздеген миллион теңгемен есептелетін заңсыз айыппұлдардың күшін жойды. Аталған кеңес осы уақытқа дейін кәсіпкерлерден түскен 2778 арыз-шағымды қарап, бизнеске тосқауыл болатын 534 әкімшілік кедергіні анықтаған. Ұлттық инвесторлармен өткен жиында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қалыптасқан бизнесмендердің тәжірибесін жаңа бастағандарға үйретуді қайта жаңғыр­ту керек. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір түрі болып саналады»,  деді. Шындығында да, бізде тәуелсіздік жылдарында аяғынан нық тұрған, еңбек жолын ұялмай көрсететін кәсіпкер азаматтар жоқ емес, бар. Олар бүгінде мемлекетке миллиондап салық төлеп қана қоймай, қаншама отандастарымызды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Сондай азаматтарымыздың біразы  аймақтық кәсіпкерліктің дамуына да өз үлестерін қосып жатыр. Таяуда Ақтөбеде өткен ҰКП Аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысы соның бір көрінісі іспетті. Облыс басшылығы, ірі және орта бизнес өкілдері мен жергілікті мемлекеттік орган басшылары түгел қатысқан жиынның модераторы Ақтөбе облыс­тық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов болды. Жиынды ашқан И.Салжанов тәуелсіздіктің 22 жылында Қазақстанда ұлттық кәсіпкерлер өз аяғынан нық тұрып қана қоймай, еліміздің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын тілге тиек етті. «Отандық кәсіпкерлердің аяғынан нық тұруына осы жылдар аралығында Президент пен Үкімет барынша қолдау көрсетіп, жан-жақты көмек беріп келе жатқанын атап айтқым келеді. Билік тарапынан осынша қамқорлық көрген бизнес қауымдастығының енді жауапкершілікті өз қолына алып, әлеуметтік және экономикалық сектордың жұмысын ілгерілететін уақыт келді. Ал бұл жұмысты біз Аймақтық кәсіпкерлер палатасының мүмкіндігі мен әлеуетін пайдалана отырып жүзеге асыра аламыз» деген аймақтық кеңес төрағасы облыс көлеміндегі барша кәсіпкерлерді палатаның облыс аумағында ұйымдастырып отырған бизнес жобаларына белсенді түрде атсалысуға шақырды. Өңір экономикасының қарқынды  дамуы жергілікті мемлекеттік органдар мен аталмыш аймақтағы бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтаса жұмыс жүргізуінде екеніне тоқталған И.Салжанов Аймақтық кәсіпкерлер палатасы басымдық беріп отырған бағыттың бірі ауылдық және жастар кәсіпкерлігін дамыту екенін атап өтті.  Жиын модераторы сөзінің аяғында өз әріптестерін заңмен бекітілген міндетті мүшелік жарнаны төлеуге шақырып, ол қаржының облыс пен аудан орталықтарындағы палата филиалдарының жұмысын жүргізіп отыру үшін қажеттігін түсіндірді. Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Аймақтық кәсіпкерлер палатасының жұмысын құрылған күннен бас­тап қолдап келе жатқанын және онымен бірге жұмыс істеуге қашанда ықыласты екендігін тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, жергілікті басқару органдарын аймақтық палата жұмысына жан-жақты қолдау білдіруге шақырып, орган басшыларына нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімдігі аппаратының ішінен кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жасайтын арнайы кәсіпкерлік басқармасының ашылатынын жеткізген А.Мұхамбетов өз сөзін былтырғы жылы аймақтық палата ұйымдастырған «Атамекен-Старт-ап» жобасына қаржы  бөлетіндігін айтып түйіндеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.