• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Желтоқсан, 2022

Мбаппе финалда ойнайды

290 рет
көрсетілді

Футболдан Қатарда өтіп жатқан теңбіл доп мерекесі де өз мәресіне таяп қалды. Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні жартылай финалдың екінші матчында қазіргі әлем чемпионы – Франция осы біріншіліктің басты сенсациясын жасаған Марокко футболшыларын жеңді. Чемпионаттың шымылдығы түрілген «Әл-Байт» стадионындағы бәсекеде «үш жолақты» елдің футболшылары Марокконы 2:0 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан екінші мәрте әлемдік доп додасының финалына шықты.

 

Қатардың Әл-Хаур қаласындағы 70 мың жанкүйер сыятын «Әл-Байт» стадионында биылғы әлем біріншілігінің тоғыз матчы өтеді деп жоспарланған болатын. Яғни топтық кезеңнің – алты, ширек финалдың – екі және жартылай финалдың бір ойы­ны ұйымдастырылды. Франция мен Марокко құрамасы жартылай финалға дейін бұл алаңда бір-бір матч өткізіп үлгерген еді. Мәселен, 23 қарашада Марокко топтық кезеңнің бірінші турында Хорватиямен кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасса, Франция 10 желтоқсандағы ширек финалда Англияны 2:1 нәтижесімен тізе бүктірген-ді. Араға төрт күн салып «Әл-Байт» стадионына қайта оралған француздар қатарынан екінші ойынында да жеңіс тойын тойлады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Франция мен Марокко футболшылары бұған дейін өзара бес мәрте жолыққан екен. Төрт мәрте жолдастық кездесу өткізсе, бір рет халықаралық турнирде жолдары түйіскен. Қос құрама алғаш рет 1988 жылы ұйымдастырылған «Франция турнирі» бәсекесінің финалында кездесіп, бірінші матч жарыс қожайындарының жеңісімен аяқталған – 2:1. Ал кейінгі төрт жолдастық кездесудің екеуінде Франция футболшыларының мерейі үстем болса, екі матч тең есеппен аяқталған. 2007 жылы өткен әзірше ең соңғы жолдастық кездесуде құрамалар 2:2 нәтижесімен тең түскен.

Жартылай финал бәсекесі алдындағы баспасөз мәслихатында Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам негізгі құрамның екі ойыншысы сырқатына байланысты Мароккомен өтетін матчқа қатыса алмайтынын мәлімдеді. 24 жастағы «Баварияның» қорғаушысы Деотшанкюль Упамекано ойын хаттамасына енгенімен, алаңға шыққан жоқ. Ал 27 жастағы «Ювентустің» жартылай қорғаушысы Адриан Рабьо да бұл ойында командасына көмектесе алмады. Марокко құрамасының бас жаттықтырушысы Валид Реграги болса, тәуекелге бел буып, Португалиямен болған ойында жарақат алған негізгі құрамның ойыншыларын да алаңға шығарды. Тіпті сол матчта ауыр жарақат алған капитан Ромен Саиссті де бірінші минуттан ойынға қосты.

Әлем чемпионатындағы бес ойында қақпасына бірде-бір гол өткізбеген Марокко (бір голды өз қақпаларына соғып алғаны болмаса), бұл матчта да әдеттегідей қорғанысқа баса назар аударып, матчты пенальти сериясына дейін жеткізуді көздегені анық байқалды. Бірақ франциялық футболшылар Испания, Португалия құрамалары жіберген қателікті қайталамауға тырысып, бірінші минуттан бас­тап қарсыласының қорғанысын бұзып-жаруға ұмтылды. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Матчтың бесінші минутында Антуан Гризманн асырған пасқа бірінші жеткен Килиан Мбаппе чемпионаттағы алтыншы голын соғатын мүмкіндікті жіберіп алғанымен, қақпа маңындағы қарбалас сәтте Тео Эрнандес алынбас қамалға айналған Яссин Бунудың қақпасынан саңылау тапты.

Марокколық футболшылар жылдам гол өткізіп алған соң, ақырындап шабуылға шыға бас­тады. Бұған дейінгі матчтарда тек қарымта шабуылға иек артқан Африка құрлығының өкілдеріне бұл жолы өздері шабуыл ұйымдастыруға тура келді. Сондай сәттердің бірінде Аззедин Унаи мен Джавад әл Ямик таразы басын теңестіріп қана қоймай, құрамасын есепте алға шығаратын жап-жақсы мүмкіндікке ие болған еді. Алайда Франция құрамасы сапындағы тәжірибелі қақпашы Уго Льорис бұл кездесуде де шапшаңдығымен көзге түсті.

Небәрі екі-ақ әлем чемпионатында 11 гол соғып, «қақпашылардың киллері» атанған Килиан Мбаппеге бұл матчта гол соғу бақыты бұйырмаса да, әріптестеріне нәтижелі пас берумен көзге түсті. Матчтың 79-минутында Мбаппе кезекті бір қарсы шабуыл­да жеке шеберлігінің арқасында бірнеше футболшыны алдап өтіп, маңызды сәтте допты әріптесі Рандаль Коло Муаниге асырып, Францияның финалға шығуына зор үлесін қосты – 2:0.

Осылайша, топтық кезеңнен бастап, жартылай финалға дейін еуропалық даңқты құрамаларды жарыс жолынан ығыстырып, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен Марокконың Қатардағы «ертегісі» өз мәресіне жетті.

Енді 17 желтоқсан күні F тобының қос құрамасы – Хорватия мен Марокко Дохадағы Халифа халықаралық стадионында әлем чемпионатының үшінші орнын сарапқа салса, ертесі күні (18 желтоқсан) Лусаилдағы стадион­да Аргентина мен Франция бас жүлдеге таласады. Бір айта кетерлігі, Аргентина бұл стадионда бүгінге дейін төрт матч өткізіп, соның үшеуінде жеңіске жеткен. Тек Сауд Арабиясымен болған бірінші ойында ғана жеңіліске ұшыраған еді. Ал Франция футболшылары бұл алаңда бірінші рет матч өткізбек.