Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының қорғаушысы Нұрәлі Әліп Ресейдің тоғыз дүркін чемпионы – «Зенит» командасымен екі жарым жылдық келісімшартқа қол қойды.
Биыл Ақтау футбол мектебінің түлегі Нұрәлі Әліпті Санкт-Петербург клубы жалға алған еді. Осы уақыт аралығында жерлесіміз «Зенитпен» бірге футболдан Ресей чемпионатының жеңімпазы және Суперкубок иегері атанды. Сондай-ақ ол ресейлік клуб сапында 14 матчта алаңға шығып, бір ойында сары қағазбен жазаланды.
Санкт-Петербург клубының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстан құрамасының орталық қорғаушысымен келісімшарт «2,5 +1» жүйесі бойынша жасалған.