Өткен апта аяулы Алматы шаһары мәдени мерекенің алтын ошағындай сезілді. Сонау 1998 жылы бастау алған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін Алатаудың етегіне қайта оралды. XVI маусымын ашып отырған дүбірлі дода биыл да әзелгі мақсатынан айнымай, қазақ киносын өнер және жеке индустрия ретінде дамыту, жұртшылықтың киноға деген қызығушылығын арттыру, кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.
12-18 желтоқсан күндері аралығында өткен кинофорум екі негізгі байқау бағдарламасын қамтыды. Мәселен, Халықаралық байқаудың шеңберінде Еуразия құрлығының аумағында кейінгі бір жылда тақырыптық һәм жанрлық шектеулерсіз түсірілген 15 толықметражды көркем фильм бақ сынасты. Ал Ұлттық байқауда 2021-2022 жылдары тақырыптық және жанрлық шектеулерсіз түсірілген 15 отандық толықметражды фильмі жүлдеге таласты. Бұдан бөлек байқаудан тыс «Ерекше оқиға» бағдарламасында мерейтойлық кинолар, фестивальдің ашылу және жабылу фильмдері, түрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлері туындыларының ретроспективасы ұсынылды. Сондай-ақ «Жаңа есімдерді ашу» – қазіргі заманғы қысқаметражды қазақстандық киноға арналған бағдарламасы бойынша 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрсетілімдері өтті. Жалпы, кинофестивальдің түрлі бағдарламасына 50-ге жуық отандық және шетелдік фильм қатысты.
Кинофорум аясында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер мен презентациялар, одан бөлек киноиндустрия майталмандарымен оқыту шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті. Аталған іс-шараларда сала өкілдері қазақстандық кинематографияның өзекті мәселелерін талқылады, кейін қатысушылар мен сала сарапшылары үшін Work-In-Progress бағдарламасы ұйымдастырылды. Әр күн сайын оқтын-оқтын өтіп жатқан талқылау өнер додасының маңызын арттыра түскендей. Киноапталық қонақтары тақырыптық кештерге қатысты, ал фестиваль тарихында тұңғыш рет «Еуразия» телевизиялық күнделіктері отандық екі телеарнадан көрсетілді.
Алматыға жұмыс сапары аясында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев фестиваль аясындағы «Ауыл» фильмінің көрсетіліміне барды. Белгілі режиссер Серік Апрымовтың бұл туындысы XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Ұлттық байқауына қатысқан еді.
Жалпы, биылғы маусымның ерекшелігі, фестивальдің арнайы жүлделерінің табысталғаны болды. Атап айтсақ, «Орталық Азия кинематографиясының дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесін атақты өзбек режиссері Әли Хамраев иеленді. Ол осы кинофорумда халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарады. Тағы бір арнайы сыйлық – «Қазақ кинематографиясына қосқан үлесі үшін» – мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовке табысталды. Одан бөлек бұл жолғы додаға белгілі кино саңлақтарынан түзілген қазылар алқасы төрелік етеді. Өткен жылдармен салыстырғанда бағдарлама мазмұны да байытылып, жан-жақты сипат ала бастаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен кезеңде «Динамикалы дамып келе жатқан қазақ киносы», содан кейін «Динамикалық қазақ киносы» бағдарламалары болса, қазіргі киноматография халықаралық байқаумен тең жеке ұлттық конкурс өткізуге мүмкіндік беретін деңгейге жетті. XVI «Еуразия» кинофестивалінің басты ерекшелігі мен жаңалығы да осы дейді.
Бәйгеге қатысатын төрт картина өз елдерінен «Оскар» сыйлығына ұсынылған (атап айтсақ, Петр Вацлавтың «Иль Боемо», Тайфун Пирселимоглуның «Керр», Леван Кугуашвилидің «Брайтон 4-ші», Эмир Байғазиннің «Өмір»). Бұл биылғы кинофестивальдің жоғары дәрежеде өтіп жатқанының көрсеткіші деуге болады.
Негізгі іс-шаралармен қатар Kinopark, Forum кинотеатрларында бірқатар фильм көрсетілді. Халықаралық байқаудан «Иль Боемо» (Чехия – Италия – Словакия, режиссер Петр Вацлав) және «Әйел» (Қытай, режиссер Ван Чао), Ұлттық байқаудан – «Тау пиязы» (режиссер Эльдар Шибанов), «Зере» (режиссер Дәурен Қамшыбаев) және «От» (режиссер Айжан Қасымбек) фильмдері ұсынылды. Ал «Ерекше оқиға» конкурстан тыс бағдарламасы болгар режиссері, Ұлттық байқаудың қазылар алқасының мүшесі Милко Лазаровтың «Ага» картинасымен ашылды. Бұл аталым, негізінен қазылар алқасы мүшелерінің жұмыстарынан құралған. Атап айтсақ, «Самарқандтағы қауынның дәмі» (реж. Әли Хамраев), «Мен әйел болған күн» (реж. Хана Махмальбаф), «Қызғалдақ» (реж. Сергей Дворцевой), «АГА» (реж. Милко Лазаров), «Хирург» (реж. Ардақ Әмірқұлов).
Айта кетейік, қазақстандық жас режиссерлер тұңғыш рет «Еуразия» кинофестивалінің марапаттарына Ұлттық байқау аясында қол жеткізіп отыр. Мәселен, Ұлттық байқауға «Ақын» (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Схема» (реж. Фархат Шәріпов), «Дос-Мұқасан» (реж. Айдын Сахаман), өзге де фильмдер ұсынылған. Ал Халықаралық байқауда «Мәрмәр тастай суық» (Әзербайжан-Франция, реж. Асиф Рустамов), «Ешқайда апармайтын жол» (Өзбекстан, реж. Камара Камалова) және «Құдайдың шақыруы» (Эстония – Латвия – Қырғызстан, реж. Ким Ки Дук), басқа да фильм режиссерлері бақ таласты. Екі байқауда да «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік ерлер рөлі», «Үздік әйелдер рөлі» және қазылар алқасының арнайы жүлдесі сарапқа салынды.
Кинофестивальдің баспасөз орталығында өткен «Қазақстандық киноны дамыту векторы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде «Кинематография туралы заң», отандық киноны прокаттау және ілгерілету, копродукцияға шығу және басқа да кино саласындағы кинематографистерді толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Пікірталасқа қазақстандық продюсерлер, режиссерлер, «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері, кино саласындағы сарапшылар, сондай-ақ «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің қонақтары мен конкурсанттары қатысты. Жиын барысында «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Әбішев «Кинематография туралы» заңға қатысты мәселелерге кеңінен тоқталды.
«Қазақ киносындағы бүгінгі жүйе өте күрделі. Мұнда ғылыми көзқарас, зерттеу, талдау қажет. Кино туралы заң Қазақстанның басқа заңдарымен пысықталып, басқа министрліктермен байланысы болуға тиіс. Сонда ғана ол нақты жұмыс істейтін болады», деді ол.
Ал продюсер Зарина Қисықова өз сөзінде «Кинематография туралы» заң аясында жұмыс істеуге мәжбүр болған отандық кинематографистердің қандай қиындықтарға тап болатынын айтса, Айдос Сейітжан деректі киноның мәселелерін көтерді. Отандық кинопрокат тақырыбына арналған екінші бөлімде ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов қазіргі заманғы отандық нарықтың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы егжей-тегжей баяндап, күрмеулі проблемалардың бар екенін, олардың шешіліп жатқанын һәм мемлекет тек өндіріске ғана емес, сонымен қатар қазақстандық фильмдерді ілгерілетуге де көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылы (қарашаға дейін) еліміздің прокат нарығы 20 миллиард теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақын. Мәселен, орташа билет бағасы 1 300 теңге болғанда 15 миллион билет сатылды.
«Ең қызығы, осы 20 миллиардтың 40 пайызын, яғни 8 миллиардқа жуығын отандық фильмдер жинаған. Биыл прокатқа шыққан 450 фильмнің 64-і – отандық өнім. Бұл фильмдердің жалпы санының 14 пайызы және олар бізге пайданың 40 пайызын берді. Бұл – үлкен көрсеткіш», дейді Бауыржан Шөкенов.
Ол сондай-ақ мемлекет қаржыландыратын фильмдердің пайда әкеле бастағанын ерекше атап өтті. Жергілікті нарықты дүр сілкіндірген «Дос-Мұқасан» 500 млн теңгеден аса қаржы жинап үлгеріпті.
Сонымен қатар жас режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлардың фильмдерді көрсету үшін қомақты қаржы сұрайтынын және мемлекеттен бұл мәселенің шешімін табуға көмектесуін сұрады. Осы тұста кинотеатрлардағы залдарды бөлу мәселесі де талқыланды.
Жиын барысында сөз алған продюсер Гүлнар Сәрсенова қазақ киносын халықаралық нарықтар мен фестивальдерде ілгерілетудегі тәжірибесімен бөлісті. Ол елімізде деректі фильмдер, қысқаметрлі фильмдер мен анимациялық фильмдерді дамытуға көмектесетін жеке стримингтік платформа ауадай қажет екенін айтты.
Дөңгелек үстелдің ендігі бір тақырыбы – кинокартиналардың халықаралық нарыққа шығуы және копродукция. Мұнда Грузия, Франция, Болгария продюсерлері мен қазақстандық Movie Service компаниясының жетекшісі Анна Дармодехина өз пікірлерімен бөлісті.
Сонымен, «Еуразия» көрермендері мен қатысушылары бір апта бойы 25 елдің кинокартиналарын тамашалады. Барлық көрсетілім аншлагпен өтті деуге де негіз бар. Фестивальдің түрлі бағдарламаларына 50 фильм қатысса, оның үшеуі әлемдік премьералар – «Ару Елена», «Боран» және «Ауыл», «Мені Ивансыз жерлемеңдер». Одан бөлек «Мәрмардай суық» және «Құдайдың шақыруы» картиналарының азиялық премьерасы өтті.
Кинофестивальдің жабылу салтанатында дүбірлі додада бақ сынасқан туындылардың үздіктері жарияланды. Халықаралық байқау бағдарламасында – «Үздік фильм» – «Есімде» (реж. Ақтан Арым Құбат, Қырғызстан) «Үздік режиссерлік жұмыс» – Леван Когуашвили (Brighton 4th / «Брайтон 4», Грузия), «Үздік режиссерлік жұмыс» – Асиф Рустамов («Мәрмардай суық», Әзербайжан), қазылар алқасының арнайы сыйлығы – Камара Камалова («Ешқайда апармайтын жол», Өзбекстан), «Үздік актер» – Навид Мохаммадзаде (Beyond the Wall / «Қабырғаның артында», Иран), «Үздік актриса» – Шен Ши Ю (A Woman / «Әйел», Қытай), қазылар алқасының дипломдары – Қатай Даули, «Боран» фильміндегі рөлі үшін (Қазақстан), «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмі (реж. Любовь Борисова, Саха Республикасы), Il Boemo / «Иль Боемо» фильмі (реж. Петр Вацлав, Чехия) оза шапты.
Ал Ұлттық байқау бағдарламасында – «Үздік фильм» – «Қызыл анар» (реж. Шәрипа Оразбаева), «Үздік режиссерлік жұмыс» – Серік Апрымов («Ауыл»), қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Отау» (реж. Әлішер Жәдігеров), «Үздік актер» – Әлихан Әбілдин («Жаздың соңы жақында») «Үздік актриса» – Ольга Ландина («Зере») ие болды. Сондай-ақ кинофестивальде НЕТПАК (Азия киносын ілгерілетудің халықаралық ұйымы) қазылар алқасы жұмыс істеді, олар «От» фильмін (реж. Айжан Қасымбек, Қазақстан) жеңімпаз деп таныды. Мәдени мерекенің салтанатты жабылуы жеңімпаз фильмнің көрсетілімімен аяқталды.