Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Дубайдағы (БАӘ) World Tennis League турниріне қатысып жатыр.
Күні кеше жалауы желбіреген турнирде теннисшілер төрт топқа («Бүркіттер», «Сұңқарлар», «Қаршығалар», «Әуе жыландары») бөлініп, 18 ойыншы өнер көрсетеді. Уимблдон чемпионы Е.Рыбакина «Қаршығалар» тобында германиялық Александр Зверев, аустриялық Доминик Тим және эстониялық Анетт Контавейтпен бірге ойнайды. Барлық топ бір-бірімен кездеседі. Ең үздік екі топ финалда кім мықтыны анықтайды. Әр бәсеке үш ойыннан тұрады, біреуі ерлер, екіншісі әйелдер арасында, үшіншісі аралас жұпта (микст) болады.
Жерлесіміз бүгін әлемнің бесінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен сынға түседі. Екі күннен кейін Рыбакина Зверевпен бірге канадалықтар Феликс Оже-Альяссим – Эжени Бушармен кортқа шығады. 23 желтоқсанда әлемнің 4-ракеткасы франциялық Каролин Гарсиямен шеберлік байқасады.