• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Желтоқсан, 2022

Қоғамдық көліктің машақаты

334 рет
көрсетілді

Қоғамдық көлікке электронды жол ақысы мен дифференциалды тариф енгізгелі жолаушылар мен автобус жүргізушілерінен маза кетті. Қала ішін­дегі маршруттарда қатынай­тын көліктер саны кейде ая­қ астынан азайып, жұрт­шылық аялдамада көп кү­тіп қалады. Бұл жайт­ты та­сы­малдаушылар қол­дан жа­сап отырғандай көрінеді.

Биылғы жыл ортасынан Avtobus электронды билеттеу жүйесі енгізілгелі көптеген маршрутта қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер шағын автобустарын сата бастады. Соның себебінен қала ішіндегі бағыттарда қаты­нап жүрген қоғамдық көліктер саны күрт азайып, жаз бен күзде кәдімгідей жетіспеушілік қалыптасқанын байқадық. Дегенмен №1 автобус паркіне мемлекет бюджеті есебінен жаңа үлкен автобус­тар сатып алынғалы бұл мәселе біраз жеңілдегендей еді. Алайда желтоқсан айында дифференциал­ды тариф енгізген соң, автобус жүргізушілері мен тасымалдаушы компаниялар арасында әлдебір текетірес басталғандай.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, жаздан бері Павло­дарда Avtobus электронды жол­ақы жүйесі жұмыс істейді. Жолау­­­шы­лар көлікке мінгенде жол ақы­­сын арнайы карточ­ка немесе ұя­лы телефон қосым­ша­сы­­мен ска­нерлеп, QR-код арқы­­лы төлей­ді. Цифрлық жүйе тасы­­мал­­­дау компанияларына жолау­­шы­лар ағынынан қанша қаражат түсіп жатқанын және жеңіл­дікпен немесе тегін санатта жүретін­дердің санын анықтауға мүмкіндік берді.

Ал 1 желтоқсаннан бастап оның үстіне дифференциалды тариф қосылды. Бұл дегеніміз, автобуста немесе трамвайда картамен (QR-кодпен) төлесеңіз жол­ақысы – 80 теңге, қолма-қол ақшалай төлесеңіз – 130 теңге. Бұған дейін қолма-қол төлегендегі жүру ақысы 80 теңге еді. Сондықтан көпшілік цифрлы жүйеге аса мән бермей келгені де мәлім. Жаңа тариф қалталарын қаққан соң жұртшылық жаппай карточкаға көшті. Бұл жағдай жолаушылардан күнделікті қолма-қол ақша алып (қолма-қол ақшаның есебі жоқ) үйреніп қалған жүргізушілер мен кондукторларға жақпады. Кейбір жүргізушілер көліктегі Avtobus жүйесінің QR-коды жазылған парақтарын жұлып тастап, орнына өзінің Kaspi-картасына байланған QR-кодтарды (немесе телефон нөмірін) іліп қоюды шығарды. Ал кондукторлар стандартты санаттағы жолаушыларға жеңілдікпен жүретіндердің билетін жыртып беріп, үстінен түскен тиын-тебеннен пайда көріп жүр.

Бір қызығы, желтоқсан айының ортасында көпшілік жиі жүретін №111, №3, №153 бағыт­тарын­дағы шағын автобустардың күрт азайып кеткені байқалды. Бақсақ, кейбір тасымалдау компанияларына өз автобустарын ұсынып жүрген жеке кәсіпкерлер аязды сылтауратып көліктерін шығармай қойған. Ал енді бір жүргізушілер жұмыс берушілерге дифференциалды тарифті алып тастаңдар деген талап қойып, бағытқа шығудан бас тартқан. Осылайша, көптеген бағыттағы автобустардың жүру уақыты екі-үш есеге ұзарып, тұрғындар жұмысқа уақтылы жете алмай немесе кешкілік үйіне зорға қайтып қиналды.

Автобус жүргізушілерінің уәжіне сүйенсек, цифр­лы жол картасы пайда болғалы олардың табыстары азайып кеткен, кейбірі жұмыс күнінің соңында көлігіне жанар-жағармай құюға қаражат таппай қалатын көрінеді. Мұның барлығына жаңа электронды жүйе кінәлі деп санайды.

Ал қалалық әкімдіктегілер электронды билеттеу жүйесі автобустардың кідіруіне еш себеп емес дейді. Жақында қабылданған дифференциалды тарифтің де бұған қатысы жоқ.

Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арслан Қалияқбаровтың сөзіне қарағанда, электронды жолақы жүйесі техника жетіспеушілігіне және жүргізушілердің жұмыстан кетуіне негіз бола алмайды.

– Бұл мәселемен біздің орган және тасымалдау компаниялары шұғылдануда. Қолма-қол ақшасыз төлем күн сайын қаладағы қоғамдық көліктерді неше адам пайдаланып, трамвайлар мен автобус­тарда қанша ақша төленетінін білуге мүмкіндік берді. Осы жүйенің нәтижесінде, тасымалдаушылар бюджеттен төленетін нақты субсидияларға қол жеткізуде. Павлодардағы тасымалдаудың өзіндік құны қолданыстағы тарифтен әлдеқайда қымбат тұрады. Ал тарифті өсірмеу мақсатында мемлекет бюджетінен жыл сайын автопарктердің шығынын жабу үшін қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, жеңілдікпен жүретін азаматтар 50 пайыз төлесе, 50 пайызын қалалық бюджет көтеріп отыр. Сондықтан жүргізушілердің бізге артып отырған кінәсі негізсіз, – деді ол.

Жеңілдікпен жүретін санаттардың шығыны үшін жыл басынан бері қоғамдық көлікті ұйымдас­тырушыларға бюджеттен 660 млн 181 мың теңге төленді. Оның ішінде 173 млн теңге – «№1 Автобус паркіне», 146,8 млн – «Павлодар автокомбинатына», 120,7 млн – «Таксомоторға», өзгесі «РАС» және «Оптимист» фирмаларының еншісіне тиген.

Ал әлеуметтік мәнге ие бағыттардағы тасымалдау­шылардың шығынын жабуға берілетін субсидиялар көлемі одан да қомақты. Бұл тарапта «№1 Автобус паркі» 1,2 млрд теңге, «Павлодар автокомбинаты» 263,4 млн, «Оптимист» кәсіпорны 31,4 млн теңге иеленген.

Арслан Сержанұлы атап өткендей, субсидиялау сомаларына ай сайын әр автокәсіпорын бойынша түзетулер енгізіліп, нақты қанша рейс жасағаны, неше адамды тасымалдағаны есепке алынады.

Жоғарыда айтқанымыздай, QR-кодтың орны­на өзінің каспий нөмірін жазып қою фактілері көп­теген автобуста әлі күнге анықталуда. Мұны «Смарт Автобус ПВ» ЖШС-ның техникалық директоры Талғат Тоқтағанов та растап отыр. «Мұндай жағдайлар орын алды. № 111, 003 14 және 153 мар­шрут­­тардағы бірнеше қоғамдық көлікте тіркеліп, тех­никалардың мемлекеттік нөмірлері айқындалды. Білуімізше, жұмыс берушілер 3 жүргізушіні бұл әрекеті үшін жұмыстан шығарған», дейді ол.

Түптей келгенде жаңа жүйенің енгізілуінен Павло­­дардағы қоғамдық көліктердің жағдайы дұрыс­талып кеткен жоқ. Жолаушылар соңғы уақытта авто­бус­тардың аралық уақыты тым ұзарып бара жат­қанын жиі айтады. Қаладағы кәсіпорындарда көлік­тердің жетіспеушілігі айқын сезіліп отыр. Мысал үшін №157 және №153 бағыттардағы автобус­тар өте аз. №157 маршрутта бұған дейін шағын класты қоғамдық көліктер жүретін. Жуықта оны үлкен автобуспен алмастырды. Алайда бұл бағытта күніне небәрі 2 автобус қана жүреді. Тұрғындар оны кемі 40-50 минут күтіп қалатындарын айтады. Ал жұртшылық жиі мінетін №153 бағытта талап бойын­ша 28 шағын автобус болуы керек. Бірақ бүгін­де мұнда небәрі 10 автобус қызмет көрсетіп жүр. Осыған қарағанда қоғамдық көліктегі машақат жуық уақытта шешілетіндей емес.

 

ПАВЛОДАР