Өлеңді түсіну үшін әуелі оның табиғатына үңілу керек. Мысалы, осы өлеңнің қай жолдары бірінші туды екен деп ойлануға болады. Өйткені өлеңнің бас-аяғы түгел бірден туа салмайтыны – айтпаса да түсінікті жайт. Естіп те, көріп те, кейде бастан өткеріп те жүргеніміз алғашқы екі жолдың адамға қапылыста келетіні. Алладан түскен аян ба, бұл не өзі деп таңданып та қалатын секілдісің.
Оны бұған дейін анықтаған ешкім жоқ, бұдан кейін де ешкім анықтай алмас. Адамның ақылы жетпейтін нәрсені анықтау біздің де міндетіміз емес. Бірақ пәленше тармақ, түгенше шумақтан тұратын өлеңнің ішінен сол екі жолды таба алсаң, өлең табиғаты ашылып сала беретіні де бір құдірет. Ондай жолдар бар болып таба алмасаң, өзіңе серт, ал жоқ болса, ақынға серт десек, бұл да далаға айтылған сөз болмаса керек.
Шынында да, жақсы жазылған бір өлеңді алып, осының қай жолы бірінші туды екен деп ойланып көріңізші. Ол жолдар ақынның басына қай жерде, қандай жағдайда келді екен? Жолда келе жатқанда ма, әлденеге қарап тұрғанда ма, болмаса бірнәрсенің есебін шығара салайыншы деген кезінде ме? Мүмкін қандай жағдайда келгенін ақынның өзі де ұмытып қалған шығар?
Егер өз жазған өлеңінің бәрін өзі осылай бұтарлап талдайтын ақын болса, көп сырдың беті ашылғандай болар еді. Бірақ ол ақындардың өздерінен гөрі солардың өлеңдерін талдауға тәуекел ететін сыншылардың ісі десек, ақылға қоныңқырайды. Өйткені ақын ол өлеңді жазды да тастады, енді оны талқыға салатын да біреу керек қой.
Міне, сол сыншы деген қауым тылсымнан гөрі теорияға көбірек бағынатын болған. Ал теория деген бірнәрсенің сырын ашудан гөрі тігісін жатқызуға көбірек бейім тұрады. Сондықтан олар ақынның басында мына жолдар бірінші туған болуы керек деген сияқты қияли сұрақтарды көп қарастырмайды. Шындығында, теориямен өлеңнің тылсым сырларынан бұрын, техникалық жақтарын талдау оңайырақ. Мысалы, Абай өлеңдерінің ұйқасынан бүгінгі ақындар жырларының ұйқасы дамып кеткен деген сияқты сөздерді құлағымыз шалып қалып жүр.
Бірақ әр кезде айта жүретін өлең жолдары Абайда неге көп, басқада неге аз екенін ойладық па екен? Ілгерідегі бір эссемізде Абайдың сондай өлең жолдарын тізгенімізде, жұмыс дәптеріміздегі екі парақ жетпей қалған. Ол эссемізге «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» деп тақырып қойған едік. Сондағы тізген жолдарды қайта қарағанда, қамтылмай қалған жолдардың тағы біразы еске түсті.
Абай мұндай жолдарды бір айтады да, қайтып соқпайды. Сол екі жолдан екі өлең тудыруы мүмкін, бірақ бір өлеңнің ішінде екі қайталамайды. Тіпті бір жолды түрліше ойнатып та әуре болмайды. Себебі Абай өлеңдері онсыз да образға бай, ойға кемел болып келетіндіктен, қайталауға қажеттілік тумайды.
Басқаны білмейміз, қазақ өлең өнерінің ерекшелігі мен тектілігі де сонда. Мардан Байділдаев, Мұхтар Мағауин, Қабиболла Сыдиықов жинақтап шығарған жыраулар поэзиясында да солай. Әр шумақ өлең-жырдағы тұрған орнымен, қайталанбас өрнегімен жеке-дара. Ол өлеңдерді шығарған жыраулардың қай-қайсы да ойым жетпей, сөзім өтпей қалады-ау деп алаңдамаған да, бір шумақты қайта-қайта тықпаламаған да.
Абай да жазба ақын болғанымен, осы дәстүрді бұзбаған. Бірақ сол тұста қазақ поэзиясына орыс әдебиетінің ықпалы тие бастады. Өлең жолдары мен шумақтарын ойнатып жазу шеберліктің шыңы көрінді. Ол орысқа шетел әдебиетінен келуі де мүмкін. Арнайы осы тақырыпты зерттейтін маман болмағаннан кейін, оған нақ жауап бере алмаймыз.
Өлең жолдарын қайталап берудің анафора, градация деген сияқты теориялық атаулары бар. Бірақ ол өлең шумақтарын емес, өлең жолдарын түрлендіре қайталау туралы теория. Бұл әдеби тәсіл Пушкинде азырақ, Есенинде көбірек қолданылады. Қолдан жасалынғаны көрініп тұрса да, өзіне жараса кететін үйлесімі бар. Осындай үйлесімділік Қасым Аманжоловта жиі ұшырасады.
«Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?» деген жол бір өлеңде үш-төрт рет қайталанады. Өлең шумақтарында ғана емес, оқып шыққаннан кейін ойыңда, миыңда да қайталана береді. «Сайра, сайра, сандуғашым» деген өлеңінде де тақырыпқа шығарылған бір жол он шумақтың сегізінде келтіріледі. Бұл жолдар өлеңнен гөрі ән мәтініне жақын және музыка аспаптарының әр түрінде еркін ойнай беретін Қасым Аманжоловқа бек жарасады.
Өлеңдерінің бұлайша өрнектелуіне ақынның талантымен қоса тағдыры, тағдырымен қоса табиғаты да бейім тұрғанын байқау қиын емес. Поэзияда өлең жолдарын қайталау ақынның тағдыр жолы мен махаббат романтикасына да қатысы бар дүние екенін ішкі бір сезім пернесі шертілгенде байқайсың. Оған Африкаға жасаған саяхатын әйел затының сезімімен шендестіре өрген Николай Гумилевтің «Жираф» атты өлеңі мысал бола алады. Бар-жоғы бес шумақ өлеңнің бас-аяғында екі рет қайталанатын бір-екі жол бар. Бірақ тұтас өлеңнен гөрі тап сол жолдар сезімге тиетіндіктен, поэзияда бұл ерекшелік жас ақындарға үлгі ретінде ұсынылады.
Алайда осыған да қарамастан шумақ қайталау, жол қайталау сәнге айналып кетпеген. Бұл тәсілді ақындар керек жерінде ғана, өлеңіне екпін беру үшін қажеттіліктен қолданған. Мәселен, Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» поэмасында «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген» деген шумақты ешбір сөзін өзгертпей екі-үш қайталап береді. «Атан түйеге жүк болғандай» демекші, поэманы ұстап тұрған осы шумақ болғандықтан да, оған ешкімнің таласы жоқ.
Ал қазіргі ақындардың өзі бес-он шумақтан құралған өлеңдерінде бір шумақты екі рет қайталап беруге неге әуес екені түсініксіз. Өлеңнің басында оқыған шумақты сол күйі еш өзгертпестен соңында қайта қайталағанда, оқырман әжептәуір абдырап қалады. Жаңа ғана өлеңнің басында оқыған, енді аяғында тағы оқып, басына қайта көз жүгіртеді. Мұны басқа түсінсе де, бір сөзді екі айтпайтын қазақ түсіне қоймайды.
Алдымызда Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шахановтың негізгі өлеңдері топтастырылған жыр жинақтары жатыр. Әр-әркімде бірлі-жарым кездеседі, бірақ ешбірі сөз таппағандай орынсыз қайталаудың соңына түсіп кетпейді. Қара өлеңді пір тұтқан Мұқағали да бір тал, екі тал өлеңінде болмаса, қайталауға бармаған. Соның бәрін бір-бір шолып шықтық та, соңында Қадыр Мырза Әліге тоқтадық.
«Эврика!» деп қуанбасақ та, іздегеніміздің үстінен түскендей хал кешкеніміз де осы тұс. Бізде бір шумақты өлеңнің бас-аяғында екі қайталауды шегендеп кеткен Қадыр Мырза Әлі болып шықты! Басқа ақын болса бәлкім, сынап та алар ме едік, кім білсін. Бірақ өлеңдері есепке толы Қадыр абызда бәрі кешірімді саналады. Сөйте тұра айтарымыз, жұрттың бәрі Қасым Аманжолов та, Қадыр Мырза Әлі де емес қой!
Енді кітап сөремізден жас күнімізде жинаған ескі кітаптарды суырдық. Қолымызға Иранбек Оразбаевтың «Сұлулық сарасы» (1985 жыл), Кеңшілік Мырзабековтің «Бір мысқал» (1996 жыл), Ұлықбек Есдәулетовтің «Жаратылыс», (1989 жыл) атты кітаптары ілікті. «Жазушы» баспасынан шыққан осы жинақтардың бәрі талай парақталған.
Бұл кітаптарда қайталанатыны бірді-екілі жол, бірлі-жарым шумақ қана.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ поэзиясы ойдан жұтаңдық көрмеген кемел уақыт. Баспалар да басы артық жолдар мен шумақтарды қағып тастап отырған. Бір сөзбен айтқанда, өлең жазудың да, кітап шығарудың да жауапкершілігі бар кез. Екі алақаныңа емін-еркін сыйып кететін жұп-жұқа жинақтардың қандай азапты еңбекпен дайындалғанын іштей сезіне түсесің.
Мәселен, Кеңшілік Мырзабековтің «Бір мысқалында» қайталау бір-ақ жерде кездесті. Онда да шумақ емес, екі жолы ғана қайталанады. Өлеңнің басындағы «Қарағым, біздің баста да, қарлығаш дәурен көп тұрмас» деген қос тармаққа, аяғында «Құласақ, жер ғой – баспана, Жер бізді көкке лақтырмас» деген түйінді қосады. Бірақ осы өлеңді жазарда ақынның басына бірінші келгені соңындағы тапқыр жолдар емес, басындағы тағдырлы жолдар болуы керек. Кеңшілік ақынның табиғатына тағдырлы өлеңдер жақсы келеді.
Сол сияқты Иран Ғайыптың «Сұлулық сарасы» жинағынан да бір ғана қайталау кездестірдік. «Бәрі бар менде, Адамға тәннің бәрі бар, Болмыс кенімнен не іздесең, соның табылар» деген жолдарға барынша салмақ салады. Өлең жолдарын ойнатуға шебер ақын бұдан артыққа бармайды. Керісінше, оның өлеңдерінде ой тығыз, драмаға толы, ішкі қайшылықтары мол, мұндай жерде қайталауға орын да жоқ.
Ұлықбек Есдәулет те «Жаратылыс» жинағында «Қажеті жоқ, ашымасын жандарың» деген сияқты жарым-жарты жолдар болмаса, өзін де, оқырманын да шумақ қайталап әуре етпейді. «Мен туыппын жол үстінде, арбада» деп келетін жолдарға мән бергізгісі келіп, салмақ сала толғайтыны да бар. Оның бәрі «Кешіріңдер, Арбат, Лувр, Сорбонна, Маған ыстық өзім туған сар дала» деген ойды айту үшін керек болған. Ұлықбек те басқадай ой қайталаудан да, сөз қайталаудан да ада.
Әсілінде, шығармашылық адамы жаңалық әкелуге құштар. Бірақ оның бәрі өнерде орнығып қалады деу қате. Небір ұлы ақындардың жаңалығы өзінің өлеңімен ғана шектеліп қалатыны содан. Бір мықты ақынымыз осылай жазған екен деп, сол ізді шиырлау табыс әкелмейді. Бұл жағынан Қадыр ақынның қашанда есебі түгел болғанымен, кейінгілер соны қайталаймын деп ұтылып қалып жатады.
Қазір байқасақ, Қадыр ағамыз өлеңде математикалық қайталанбас өрнек құрған екен. Одан ақынның асау сезімді арғымақтай тежеп ұстайтын ішкі қуаты айқын көрінеді. Тіпті басқалардың басына қапылыста келетін аян іспеттес алғашқы шумақты ойынан өзі жаратады десек те, қателесе қоймаспыз. Кейінгі ақындарда Қадыр салған жолдың көп қайталанатыны содан да болуы керек.
Расында да, Құдайың қасыңда тұрса, Алладан аян күтіп неғыласың. Шеберлігің жететін болса, ұйқасы мен буынын келтіріп өлең құрау да аса қиынға соқпайды. Міне, сондықтан да өлеңнің басындағы шумақты сол қалпы аяғына қоя салатын әдет көбейіп кетті. Бұл әдет «өлең тылсымнан тумай, қолдан жасалады екен» деген ойға қалдырып, оқырманның да көңілін суыта бастайтыны анық.
Өлеңді бөлмей-жармай тұтас жарататын ақындардың бірі Серік Ақсұңқарұлы. Біз «Сіз шумақ қайталайсыз ба?» деп хабарласқанымызда, ол «Алла сақтасын!» деп жауап берді. Тек: «Мына жерде образды ашу үшін еріксіз қайталап тұрмын», деп бір шумақты келтірді. Онда да ол алды-артын қосқанда: «Алпыс жастан асқанда, айыл жимай, Неге келіп тұрмын мен айна алдына?» деген тармағы бар шумақ екен. Өлеңнің соңында оны: «Ел жағалап кетсем де, су жағалап, Енді қайтып бармаспын айна алдына» деп алғашқы жолдармен шендестіре қояды.
Өзі қойған сұраққа өзі жауап берген риторика! Бәлкім, ол сұрақ ақынға тылсымнан қойылған шығар. Арқалы ақын тылсыммен бәсекеге түсіп, жауабын дәл сондай етіп өзі берген болар. Алла кімге де болса махшар алаңында амал дәптерін оң жағынан берсін дейміз. Сіз де, біз де бір сөйлем жазсақ та, ізгілік үшін жазамыз. Сондықтан тылсыммен таласты дегенді теріс түсініп қалмаңыздар. Шын мәнінде Серік Ақсұңқарұлы да – сам жамыратқан сансыз үмбеттерге тылсымның сырын жырмен жеткізушілердің бірі.
Өлеңді қалай жазудың бір үлгісін, міне, осы Серік Ақсұңқарұлының поэзиясынан көруге болады. Оған да бір жол, бір шумақ біздіңше, тылсымнан келері хақ. Ал енді оны өлеңнің әр жеріне тықпаламай, әрі қарай дамыту керек емес пе?! Өзін өзі бабында ұстап, ақындық қуатты сарқа жұмсайтын тұс – осы тұс. Мұны орындау үшін ақын тылсымнан келген шумақпен бәсекеге түседі. Оңай жолын таңдап, басын аяғында қайталай салмайды. Ақынның бәрі тылсымнан келген шумақтан аса алмай, өлеңнің бас-аяғында қайталай берсе, поэзиядан не қалады? Онда бәріміз жолдауды түсіндіргіш ақындардай уағыз айтып кетпейміз бе?
Нұржан Қуантайұлы Байботаның «Қара қарғаны ақтау» атты өлеңін әлеуметтік желіге «Қазақ лирикасының бір шедеврі» деп жариялапты. Бұған біздің де еш таласымыз жоқ, бірақ алты шумақ өлеңнің бас-аяғындағы екі шумақ қайталанып тұрса не істейміз? «Кінәсі ме оның қалғаны күзде, туған жер болып қазығы, қарғамайықшы қарғаны біз де, қарғамның бар ма жазығы?!» деп эмоциямен басталады. Өлеңді осылай бастаған екенсіз, енді осындай эмоциялық сезіммен аяқтау керек қой.
Ал оған ақындық қуат жете ме, тылсымнан түскен өз өлеңімен өзі тайталаса ала ма? Тайталаса алса, неге одан да бір күшті жолдарды төгіп-төгіп жібермейді? Ақын оңайлау жолды таңдаған да, басын аяғына оймақтай қылып қондыра қойған. Бірақ біз ойлағандай, Байбота жазайын десе, өлең жетпей жүрген ақын емес. Жоғарыдағы қайталауы да өзіне жараспай қалды деп айта алмаймыз. Қазақ поэзиясында Есенғали қандай болса, Байбота да сондай лирик ақын. Алайда еш бөтен ойсыз өзіміз де қостап отырған мына өлеңінде поэзияның бір шарттылығы бар секілді. Ол өздігінен туа қалған өлең жолдарын табиғатынан тыс әрекетке барып, шеберлігіне салып ойнатып әкеткені болар, кім білген. Бұл – көпшілік оқырман сөзсіз мойындаған жақсы өлең. Бірақ поэзия онсыз да қарапайымдылығынан айырылып, күрделеніп бара жатқанда жастар абайласыншы дегіміз келеді.
Кейінгі буынның бір шумақты өлеңнің басына да, аяғына да қымсынбай келтіретініне етіміз үйреніп те кетті. Соңғы кездері әлеуметтік желіден оқыған өлеңдердің біразында осындай қайталау барын байқадық. Өлеңді қойып, ұзақ поэмаларда да тәспі тартқандай бір жол, бір шумақты қайталау сәнге айналып барады. Бұл орта буында да бар, одан кейінгілерде де кездеседі. Әсіресе жаңа жазып жүрген жастар бір шумағын екі оқып, бетіңе бақырайып қарап тұрады. Түптің түбі қазақ поэзиясы осындай оңай да ойнақы жолға түсіп кете ме деген қауіп бар.
Бүгінде өлең техникасын меңгеру алға шықты, ал өлең табиғатын игеру артта қалды. Егер оны жетістік деп бағаласақ, жоғарыдағыдай әдіс-тәсілдер соның жемісі дер едік. Әйтпесе әннің қайырмасын жазғандай бұл шоқырақ не шоқырақ екенін түсінбей әлек болып жүргенімізді несіне жасырамыз. Айтпақшы, жоғарыдағы бүкіл кітабынан бірер ғана қайталау таптық деген ақындарымызға да айтарымыз бар. Жақсы болсын, жаман болсын, мұндай әдет кейінгіге жұққыш келеді. Ол қандай болса да, нәтижесін келешек қазақ өлеңінен көретін боламыз.
Қазақ өлеңінің болашағына алаңдаған аз сөзімізді осымен тәмамдауға да дайын едік. Бірақ жазу үстелімізде жатқан «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» сериясындағы Жұмекен Нәжімеденовтің таңдамалы өлеңдер топтамасы көзімізге түсе берді. «Апыр-ай, өлең сөзді ант пен серттей қабылдаған текті ақын әлгіндей қайталауға барды ма екен?» деген сұрақтан жүзімізді тайдырып әкете алмадық.
* * *
Абай бірде-бір жол қайталамаған. Абайды пір тұтқан Жұмекен неге қайталасын?!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
жазушы