Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүнай Эфендиевамен кездесті. Тараптар кездесу барысында осы халықаралық ұйымның қызметі мен даму келешегін талқылады. Бұл саладағы қызмет түркі елдерінің өзара іс-қимылының негізін құрайтын уағдаластық пен өзара қолдау рухына сай келеді.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа зор маңыз беріп отыр. Түркі әлемі ХХІ ғасырдағы ерекше экономикалық аймақтардың біріне айналып келеді. Қазақстан Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы құрылуының бастауында тұр. Қазіргі кезде түркіаралық диалогте Қазақ елінің орны елеулі және көп тарапты күн тәртібін жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді», деп атап өтті төрағаның орынбасары.
Қор президенті Қазақстандағы саяси жүйені трансформациялауға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық реформаларды жоғары бағалап, Қазақстан түркі әлемін нығайтудағы маңызды әріптестердің бірі екенін атап өтті. Қордың басшылығы атынан нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.
Гүнай Эфендиева Қазақстан мен түркі әлемінің көрнекті тұлғасы, дана ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай халықаралық аудиторияға арнап Қордың қолдауымен шығарылған пошта маркасын таныстырды.