Шарджада садақ атудан Азия Кубогының 3-ші кезеңінің жарыстары өтті. Оған Қазақстан құрамасының 16 өкілі қатысты. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар жеке және командалық біріншіліктерде 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жеке біріншілікте Ильфат Абдуллин жеңіс тұғырының жоғарғы сатысына көтерілді.
Сондай-ақ Ильфат Абдуллин өзінің ұлттық құрамадағы әріптестеріне сол бағдарламада, бірақ командалық жарыстарда күміс жүлделерді жеңіп алуға көмектесті. Мұнда Ильфаттан басқа Санжар Мұсаев пен Жаңбырбай Дәулеткелді сәтті өнер көрсетті.
Аралас жарыстарда қазақстандықтар Роксан Юнусова мен Ақбарәлі Қарабаев жеңіс тұғырының екінші қатарынан көрінді.
Виктория Лян, Диана Макарчук және Роксана Юнусовадан құралған Қазақстан әйелдер құрамасы аталған жарыстарда қола еншіледі.
Осылайша жалпы медальдық есепте Қазақстан құрамасы 4 орынға ие болды.