Зейнолла Қабдолов туралы жазу оңай емес екенін білемін. Алайда атына бала күнімнен қанық біртуар ғалым туралы өз ойымды оқырманмен бөліскім келді. Маған сөз өнері жайында Қабдоловтан артық мөлдірете жеткізген адам жоқ сияқты көрінеді.
Ұстаздық пен ғалымдықты, зерттеушiлiк пен сыншылықты қатар дамытқан тұлғаның шығармашылығымен, адами болмысымен оқушы кезден таныспын. Өзім – қарақалпақ қызымын. Кең-байтақ қарақалпақ даласының қалың қазақ жайлаған ауылында туып-өскендіктен қазақ сыныбында оқыдым. Қазақ тілі менің екінші ана тіліме айналды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ғашық болып өстім. 8-сыныпта қазақ тілі және әдебиеті пәнінен олимпиадаға қатысып, жүлделі орынға ие болғаным тағы бар. Алғашқы жетістігіме баладай қуанған қазақ тілінен дәріс беретін ұстазым Балтабай Айдаралиев Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» атты кітабын сыйлады. Содан бастап атақты ғалым менің рухани серігіме, ұстазыма айналды.
З.Қабдоловтың мектепте жүріп ақындар айтысына қатысқаны, ғылыми-зерттеу еңбек жазуға талпынғаны туралы мәліметті оқып қанаттана түстім. Мен де өлең, мақала жаза бастадым. Жазушының «Ұшқын», «Жалын», соңынан 1974 жылы «Біз жанбасақ» деген ортақ атаумен қайта басылған кітабын жастана оқыдым. Мұнайлы өлкенің мол тынысы, қажырлы адамдары, қиындыққа мойымайтын жігері, табиғаттың қаталдығына қарамастан, қазынаны игерген нағыз батыр адамдары маған етене жақын жандардай сезілетін.
Ғалым Зейнолла Қабдоловпен дидарласу бақыты маған студент кезімде бұйырды. Өткен ғасырдың 1980-1990 жылдары қазақ ғалымдарының Нөкіс педагогикалық институтының қазақ филологиясы бөлімі студенттеріне келіп дәріс оқу дәстүрі бар еді. Одақ ыдыраған соң аталған дәстүр үзіліп қалды. Зейнолла ағайдың қоңыр әдемі дауысы, күлімдеген жүзі әлі көз алдымда. Оның лекциясын тыңдап отырғанда бүкіл аудиторияның атмосферасы ерекше өзгеріп шыға келетін. Алматы көшіп келгендей жайраңдап сала беретінбіз, ойымыз шарықтап қазақ даласын кезіп кететінбіз... Ғалымның шешендігі сондай, аузынан шыққан әрбір сөз сұлу саз сияқты жанымызды тербейтін.
Сырттай етене таныс, шығармаларына сусындап өскеніммен, Зейнолла ағамен жақын таныспағаныма әлі өкінемін. Ағайымызды әлі талай көреміз ғой, лекцияларын тыңдаймыз ғой деген ой болатын, бірақ алғашқысы да, соңғысы да сол боларын білсемші, әттең...
З.Қабдолов жазушы, ғалым, теоретик, талай ғылыми-зерттеу еңбектері мен оқулықтардың авторы, академик, тәжірибелі ұстаз ретінде ғана емес, азаматтықтың биік идеалы ретінде санамызда қалды. Оның ұстаздары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев туралы марқайып, мақтанып айтатын салмақты пікірлері үлкен тәрбие мектебі екен. Жақсының жақсылығын айту, ұлыларын ұлықтау нағыз азаматтың ісі деп ойлаймын.
Сөз зергерінің «Әдебиет теориясының негіздері», «Жанр ерекшелігі», «Сөз өнері» атты еңбектеріне осы күнге дейін су астынан маржан іздегендей қызыға оқимыз. Еңбектерінің қай-қайсысы болсын, көркем әдебиет туындылары іспеттес өзіне еріксіз тартып, адамды олжасыз қалдырмайды. Жаңа бір тың пікірлер мен идеяларға жол сілтеп отырады, ғалымның жазғанының, еңбегінің ерекше құндылығы осы емес пе!
З.Қабдоловтың «Жебе» деп аталатын жеке томдығында әдебиеттің теориялық мәселелері, шеберлік жайында зерттеулері мен талдаулары, толғаныс-тебіреністері, тұстастары мен ұстаздарға арналған естелік-сырлары, замандас тұлғасы туралы парасатты ойларын тамаша өрнектейді. Сол арқылы өзінің де сол ұлылардың сапына қосылғанын дәлелдеп тұрған сияқты. «Менің Әуезовім» атты шығармасының болмысы да ерекше. Оның әлемі сұлу, әдемі, келісті. З.Қабдолов әлемінің эстетикалық категориялары − мәдени-әлеуметтік құндылықтардың асыл қорына қосылған мазмұнды да мәнді интеллектуалдық байлық.
Бір кездері Зейнолла Қабдолов дәріс оқыған мінберден қазір біз студенттерге дәріс оқимыз. Зейнолла ағаймен үзеңгілес, замандас болған, тіпті оған шәкірт болған ұстаздарымыз Ж.Қайырбаев, Е.Мергенбаев, Қ.Жұмажанов, Қ.Аралбаевтар да бүгін арамызда жоқ. ХХ ғасырдағы тұлғалар керуені бабалардың ұлы керуеніне ұласты.
Біз – жаңа ғасырдың ғалымдарымыз. Көшіміз де, көлігіміз де жаңа. Бізге тарих қалай баға береді, әрине, ол келешектің еншісінде. Бірақ сол бұрынғы ұстаздар бастаған дәстүрді жалғастыру, екі халық, ұлт арасындағы достық, әдеби байланыстарды нығайту, келешек ұрпаққа аманаттау борышымыз екенін сезінемін.
Шырын СМАМУТОВА,
Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының философия докторы(PhD)