Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Дубайда өткен World Tennis League (WTL) командалық турнирінің жеңімпазы атанды.
Дүниежүзілік рейтингте 12-орынға жайғасқан германиялық Александр Зверев, 2020 жылғы АҚШ ашық біріншілігінің жеңімпазы аустриялық Доминик Тим және Токио Олимпиадасының жұптық сындағы жеңімпазы ресейлік Анастасия Павлюченковамен «Қаршығалар» (Hawks) тобында өнер көрсеткен жерлесіміз жарыс барысында барлық қарсыласын тізе бүктірді.
Соның ішінде әлемнің бірінші ракеткасы, биылғы US Open және Roland Garros турнирлерінің жеңімпазы Ига Швентек те бар. Бір сағатқа жалғасқан матчта Рыбакина екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен басым түсті. Екі теннисші бұған дейін кортта бір мәрте кездесіп, ол матч Швентектің жеңісімен аяқталған еді. Былтыр Чехияның Острава қаласында өткен бәсекеде Ига 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жеткен. Сондай-ақ Елена Дубайдағы додада беларусиялық Арина Соболенко (5-ракетка), франциялық Каролин Гарсия (4) және жұптық сында Зверевпен бірге канадалықтар – Феликс Оже-Альяссим мен Эжени Бушарды ұтты.