Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын елордада өткізіп, Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын буллит сериясында жеңді.
Жерлестеріміз кездесудің алғашқы минуттарын сәтті бастағанымен, кейіннен ойын тізгінін қарсыластарына беріп қойды. Матчтың үшінші минутында Кирилл Савицкий есепті ашса, 12-минутта Анатолий Голышев таразы басын теңестіріп үлгерді. Екінші кезеңді «Автомобилист» хоккейшілері сәтті бастады. Алғашқы төрт минутта Сергей Широков пен Данил Романцев екі мәрте мергендік танытып, қонақтар ә дегеннен есепте алға ұзап кетті – 3:1. Дегенмен «Барыс» хоккейшілері тез арада қарымта қайтарып, үзіліске дейін таблодағы көрсеткіштік теңестірді. Жерлестерімізден Майкл Шапю мен Никита Михайлис мергендік танытты. Үшінші кезеңде екі команданың ойыншылары да бір-бір мәртеден көзге түсіп, ойын овертмайға ұласты.
Бірақ қосымша минутта да шайба соғылмаған соң, жеңімпаз команданың есімі буллиттер сериясында анықталды. Бұл сында елордалықтардың бағы жанды. Жеңіс голын Никита Михайлис соқты.