• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2014

Жазасын өтеуші өз тағдырын тек өзі шешеді

345 рет
көрсетілді

Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкованың қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. Онда «Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясы» тақырыбы сөз болды. Парламент Сенаты пленар­лық отырысының екінші оқы­лымында Қазақстанның Қыл­мыстық-атқару кодексінің жобасы қабылданған болатын. Бұл кодекстің жобасы соттал­ған­дардың құқықтары мен заң­ды мүдделерінің қорғалу дең­гейін айтарлықтай арттыру мақ­сатында қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіруге және қылмыстық жазалардың орындалу тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Брифинг барысында сөз алған Мәжіліс депутаты қылмыстық салада тағы екі маңызды заң қа­былданғалы жатқанын, олар жаңа Қылмыстық кодекс пен Қыл­мыстық-процессуалды кодекс еке­нін айта келе, бұл заңдардың таяу уақытта дайын болатынын жеткізді. «Олар артынша Қыл­мыстық-атқару кодексіне кір­гізіледі. Сол себепті жаңа Қыл­мыстық-атқару кодексін дайындау күн тәртібінде тұр», деді С.Бычкова. Оның айтуынша, жаңа кодекс жобасында қылмыстық-атқару жүйесі мен азаматтық қо­ғамның өзара байланысы мәсе­лесіне тікелей қатысы бар инс­титуттарға үлкен мән берілген. «Прогрессивті жүйеге қатысты нормалар пайда болды. Олар – кешенді салааралық жүйе. Ол барлық алдыңғы қатарлы елдердің қылмыстық-атқару құқығы нормаларына сәйкес құрылды. Жазасын өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу тұрғысынан алғанда, мұның берері бар. Осылайша, жазасын өтеген жандардың қоғамға толық құқылы азамат ретінде бейімделуі қамтамасыз етілуі керек. Сондай-ақ, кодекстің жаңа жобасында соттың шешімімен полицияның әкімшілік бақылауына алынған азаматтардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесу мәселесі де қаралған. Бұл да бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға тез бейімделуін және олардың жаңа қылмыс түрлерін жасамауына мүмкіндік береді деп ойлаймын», деді депутат өз сөзінде. Депутаттың айтуынша, Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы ұлттық превентивті механизм, қоғамдық бақылау комиссия­сы мен камералық шартпен бас бостандығынан айырылу түріндегі жазасын алу ерекшеліктерін қарастыратын жаңа баптармен толыққан. «Яғни, кодекс жобасына сәйкес, жаза тағайындау тетіктері жетілдірілетін болады. Бұл – бас бостандығынан айырудың прогрессивті жүйе бойынша жүзеге асатынын, ал бұл тетіктің енгізілуіне байланысты жазасын өтеушінің құқығы да өзгеретінін көрсетеді. Демек, жазасын өтеушінің тәртібіне байланыс­ты оның құқығы кеңейеді я болмаса, шектеледі. Жалпы алғанда, жазасын өтеп жатқан азаматтың тәртібінің деңгейін анықтау оған жаза тағайындау мәселесіне жан-жақты және байыппен келуге мүмкіндік туғызатын болады. Яғни, мұндай үдеріс өз кезегінде сол азаматтың өз мінез-құлқы мен тәртібін түзеуіне септігін тигізуі тиіс. Сол арқылы жазасын өтеуші азамат «өз тағдырын тек өзі ғана шешетінін» білетін болады», деді С. Бычкова. Сондай-ақ, брифинг барысында Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуін, оларға қоғам тарапынан тәрбиелік жұмыстардың көптеп жүргізілуін қамтамасыз ету секілді жаңа баптармен толыққаны айтылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».