Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды.
Аталған іс-шара аясында «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгрес өтіп, қатысушылар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады. Конгрестің мақсаты – түрлі ғылым саласы өкілдерін түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтауға және түркілік мұраларды зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға жұмылдыру.
Алқалы жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты. Университет ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының жұмысына тоқталды.
«Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр түркі мәдениетінің ғасыры болады» деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Түркі әлеміндегі ілім-білім тарихының басында тұрған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхамед Бабыр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри сынды тарихи тұлғаларымыздың еңбектері бүгінгі ұрпаққа жетті. Кейінгі он жыл ішінде түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы ерекше дами түсті. Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінгі конгресс аясында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады», деді Ж.Түймебаев.
Пленарлық отырыста Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шахин Мұстафаев, Сумгайт мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ бас хатшысының кеңесшісі Қайрат Мұқанов, ҰҒА Халықаралық «Qazaq tili» академиясының президенті, Халықаралық түркология орталығының төрағасы Ерден Қажыбек баяндама жасады. Сондай-ақ басқосуда Қазақстандағы түркітілдес елдер елшіліктерінің өкілдері де сөз сөйлеп, пікір алмасты.
Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, Әл-Фараби кітапханасының қорында 600-ден аса қолжазба толық зерттелмеген. Қазіргі таңда институт мамандары аталған қолжазбаларды, құнды деректер мен материалдарды сараптап, зерттеу жұмыстарын қолға алды.