• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Желтоқсан, 2022

Әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен жазушы

411 рет
көрсетілді

Несіпбек Дәутайұлы туралы мөлтек сыр

Қарымды қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының соңғы онжылдықтарда қазақ прозасында ерекше қолтаңбасымен көрінген еді.

Ол 2021 жылдың тамыз айы­ның 29-ы күні кенеттен бол­ған жүрек талмасынан өмір­ден озды. Көзден кетсе де көңіл­ден кетпеген Несаға туралы ес­те­ліктерді, жылы пікірлерді әріп­тестері, оның қамқорлығын көр­ген жас қаламгерлер, жалпы оқу­шы қауымы үлкен ілтипатпен еске алып, үзбей айтып жүр.

Несіпбек Дәутайұлы әде­биет­ке үл­кен дайындықпен кел­­ген, қоғамдық-әлеуметтік өмір­­дегі терең тамырлы құбы­лыс­тарды жете зерттеп, жіті зерделеп, заман мен адам арасындағы күр­делі қарым-қатынасты биік эсте­тикалық-философиялық өл­шем тұрғысынан бағалап, романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан-дүниесін байытатын, әдеби тәсілдерді жете меңгерген қазіргі заманның қа­ламгер-қайраткері еді. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-біті­мін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шебер-ақ. Суреткердің кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқса­майды, образдары да, қыз­меттері де, мінездері де, көзқа­рас­тары да, іс-әре­кеттері де, ты­ныс-тіршілігі де, тағ­дырлары да әралуан жандар.

Бір байқағанымыз, автор әрбір шы­ғармасына қазіргі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын бүгінгі күннің білгір сарапшысына ай­налды. Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтым­ды, тартымды, әсерлі баяндауында емес пе?

2009 жылы «Ан-Арыс» баспасынан екі томдық («Айғыркісі» мен «Мінез») таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге мол роман мен әңгімелер, хикая­лармен ұшырасып, оқушысын еріксіз басқа бір сырлы әлем­ге жетелеп кете береді. Қаламгердің қол­таңба ерекшелігі сол, кез келген шығар­масы қоғамда болып жатқан кесір-кеса­паттың құбылыстарын көлденең тартып, оқырманды содан ескертеді.

Мәселен, «Айғыркісі» әңгіме­сінің жөні бөлек, бұрын-соңды жазылмаған тақырып. Жылқы образында берілген қаратөбел «айғыркісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады. Шы­ғарманың лейтмотиві – қазіргі қитұр­қы заманның жетегіне іле­сіп кей­бір пенделердің адам­дық кейпін жоғал­тып алу алдында тұрғаны. Автор өз кейіпкерлері – Жалғас пен «айғыркісі» ар­қылы заманның ащы запыра­нын, қазіргі өмір шындығын жайып салады. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенім­сіздікпен, баз бірі кү­дікпен қараса, бірте-бірте әңгіме же­лісіне еніп, ондағы сюжет пен детальдар тайталас, тартыс оқиғалармен күр­деленіп жүрегіңді жаулап алады. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ туралы ой тастап, оқырманын сұмдық ойландырады. Шығармада сел­кеулік, солғындық жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүддесіне орай тіршілік етіп жатқан орта­да, қо­ғам­да адами қасиеттер де құ­бы­лып, адамның бет-бей­несі, ой-өрі­сі де өзгеріске ұшы­райды екен. Тәсілқой, жа­ңа­шыл автордың бұл шығармасы бұ­рынғы туындыларынан ерекше дүние екенін атап өткен жөн.

Бұл екі кітапқа енген әрбір әң­­­­­гіме шағын роман жүгін кө­те­ріп тұр. «Шал», «Көр­­­бай», «Қан­­қызыл жал­қын», «Дудар­ай», «Мінез», «Ар­хитектор», «Құм­ға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме», «Тіл­ал­­шақ», «Ре­питиция» әңгімелері тағылымы мол, кесек-кесек дү­ниелер. Ізгі­лік пен зұ­лым­дықтың арасында ғұмыр ке­ше­тін пендені әр қырынан – шым-шы­тырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері шебер суреттелген ойлы, ас­тарлы, қатпарлы туын­дылар. Әр­бі­рінде шындық, ақи­қат оты маздап тұр.

Жазушының «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – бәрін ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қо­ра­сындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап көп­шілік ел-жұрттан жырақта – құлан түз далада жыл он екі ай жалғыздан-жалғыз тұрып, тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байл­ы­­ғы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Өмірдің бар рахаты тек мал, дүние жинау ма? Қалың ойға қаласың…

Ал «Мінез» әңгімесін оқып отырып, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет дейсің. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түй­сігі болғаны жөн. Егер олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең. Бі­реудің аузына қарап, айтқанын орындап, «тақсыр, ләппай!» деп жалпақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мү­сәпірлік.

«Тілалшақ» атты әңгімесі қазіргі билік иелері қасында «ләп­­пай, тақсыр!» деп жайылып төсек, жиылып жастық болумен күн өткізіп жүрген жалтақ, жігерсіз жүздеген жандарға деген ащы кекесін, өткір сын. Жазушы бұл шы­ғармасы арқылы қазіргі қоғамдағы жағымсыз әрекеттерді тартымды әрі се­німді бейнелейді. Оның бас кейіпкері – Құлболды абыройлы, атақ-даңқты дөкейлердің киімдерін көте­румен, чемодан-жүктерін тасып, жат­қызып, тұр­ғызумен күнін өткі­зеді. Ақы­рында әйелі балаларын ертіп, мұны жалғыз тастап кетеді. Құл­­болды сияқты сандаған жас­тар қазір де «барып кел, алып кел, тауып келмен» жүргені, бо­ла­шағын зерделей алмай алтын уа­қытын бос өткізіп жатқаны жасырын емес.

Осыдан 15 жыл бұрын «Жам­был» атты республикалық әде­би-танымдық журнал ашып, оның бас редакторы қызметін Несіп­бек өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен атқарды (өзі кеткеннен кейін белгісіз се­бептер­ден журнал шықпай қал­ғаны өкінішті). Еліміздің белді қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың сиясы кеуіп үлгермеген шығармаларын жур­­­­нал бетіне жариялап, оқыр­ман­дарын жаңа, тың, тартымды туындылармен әркез қуантып жүрді. Сөйтіп, өзінің тек шебер қаламгер екенін білдіріп қоймай, қолынан көп іс келетінін, ұйымдастыру қабілетінің де зор екенін мойындатты. Еліміздің жазушылары мен оқушылары Н.Дәутайұлының еңбегін орынды бағалады, құрметтеп, сыйлады. Таразға келген ақын мен жазушылар ат басын бұрып сөзіне берік, ісіне адал Несағаға сәлем берді, онымен дидарласуға ынтық болды. Сырласатын, сыйласатын қаламгерлер әркез аз болмады.

Әулиеата өңіріндегі қолына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпы­нып жүрген жастарды жа­нына топтастырып, әрдайым қол­дап, шығармашылығына жол ашып отырды, республикалық басылымдар­да өлеңдерінің жариялануына се­бепкер болды. Та­ланттыларын танып, рес­пуб­ликалық жыр бәйге-бай­қау­­ла­рына, мүшәйраларына қа­тыс­тырып, қамқорлығына алды, олардың алғашқы кітап­тарына алғысөз жазып, баспалардан шығуына ықылас көрсетті. Со­дан болар, болашағы зор та­раз­дық жас ақындар Ерлан, Ха­мит, Та­биғат, Нұржан, Да­нияр, Арай­лым, Нұрболат қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз-аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей пікір алысып жүрді. Жебеп жүріп олардың біразын Жазушылар одағына мүше етті, алғашқы кітаптарын шығартты. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» деген­дей талай тараздық жастар қа­быр­ғалы қаламгер Н.Дәу­тай­­­ұлы тө­ңі­регіне шоғыр­ла­нып, тәлім-тәрбие жи­­нақтап, әде­биет айдынына батыл «жел­қа­йық­тарын» салды. Иә, не­сін ай­тайық, Несағаның жас та­лант­тарға деген ниеті, қам­қор­лығы ерекше-тін. Сырт көзге сұс­ты, қатал, тосын адам болып сезілетін ол қанатының астына талантты жастарды жи­нап, рухани қолдай білді, жазуға құш­тарлығын оятты. «Дарынды жас­­тарды көрген сайын жар­қы­ра­ған жұлдызды көргендей бо­лам», деуші еді жарықтық. Ол да оның көрегенділігі, жастарға деген шынайы көңілі болар, сірә. Расында, ол жастардың арқа сүйер Алатауындай биік, қамқор болған қазыналы Қаратауындай болатын-ды. Ол – кісіні тани бі­летін, біреудің бойындағы барды бағалай алатын.

Кейде жұмыс соңына қарай жазу­шының қызмет орнына соғып, бір мезгіл әдебиет жөнінде әңгіме қозғағанымызда ол тек қазақ жазушылары т­­өңі­регінде ғана сөз өргізбей, әлемдік дең­­гейдегі қа­лам­гер­лер­дің шығар­маларын жіл­ік-жілікке бө­ліп талдағанын қызыға тың­дай­тын­быз. «Осының барлығын қай уақытта оқиды, қайдан уа­қыт та­бады екен?» деген таңғалы­сы­мыз санамызда ойнап, бойымызды билейтін.

Әдебиет әлемін терең мең­герген Несаға кей сәттерде сөз­ден-сөз шығарып: «Менде ба­қытты балалық шақ болған жоқ. Тағдыр теперішін аз көрмедім. Әкемнен 5 жасымда айырылып, шиеттей бала-шаға жалғыз ше­шеміздің қолына қарап қал­дық. Ауыр еңбектің бейнетін көріп, қатты қиналып жүрген шешемді аяп, орта мектепті бітір­мей-ақ кеңшардың бір шопаны­на көмекші болып жұмысқа жегілдім. Сөйтіп 7-8 жыл бойы қойдың соңында жүрдім. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Уақытымды бос жібермеуге тырыстым. Жазда Қордай тауының баурайында, Иірсу аймағында, қыста Аңы­рақайдың құмды бұйраттары мен ұлан-ғайыр жусанды дала­сында қой бағып жүрсем де үзбей кітап оқыдым, түйсігімді тереңдетіп, бойыма ой жинадым», деуші еді салалы саусақтарымен қалпақ ас­тында бұйраланып, қалың өс­кен ұзын шашын бір сіл­кіп қойып. Пәстеу даусымен ес­те­ліктерін айтып, ирек-ирек салалы саусақтарына кезекті си­га­ре­тасын «іліп» алып, көк тү­тінін будақтатып ой құшағына берілетін.

Биыл, жел­тоқ­санда Несаға 75 жас­қа толар еді. Ол күнге жете ал­мағаны өкінішті. Қол­таңбасы қай­таланбайтын, жазу шеберлігі керемет қарымды қаламгер Не­сіпбек Дәутайұлының артын­да қалған көркемдік қуаты мол, шоқ­тығы биік, ғажап әдеби шы­ғармалары халқымен бірге жасай бермек. Оның куәсі – таяу­­да жамбылдық жас ақын-жазу­шылардың «Авангард» клу­­­бының кезекті отырысы өмір­­ден өткен қаламгер Не­сіп­бек Дәутайұлы, белгілі ақын­дар Ты­нышбай Рахым, Ба­уыр­жан Үсенов, Нарша Қа­ша­ғанов, Серік Томанов, Ар­ты­ғали Ыбыраевтың шы­ғар­ма­шылығына арналып, еске алу кеші жоғары дәрежеде өтті. Қазақтың «Ғалымның хаты өл­мейді, жақсының аты өлмей­ді» дегені, сірә, осы болу керек...

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Жамбыл облысының құрметті азаматы

 

Тараз