Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қилы заманда бас сауғалап шекара асып, дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа қайтару үдерісін жандандыра жалғастырудың маңыздылығы қазіргі алмағайып кезеңде бұрынғыдан да арта түсті.
Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ерекше назар аударып, жалпыұлттық мүддеге сәйкес қандастардың көшіп келуіне және ішкі көші-қонға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін айтты, сондай-ақ Үкіметке шетелден келетін ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасау жөнінде нақты міндет жүктеді.
Мемлекет басшысының бұл шешімі көпшіліктің көңілінен шыққаны, ал шетелде өмір сүріп жатқан ағайындарды елең еткізгені анық. Енді кейінгі жылдары қарқыны бәсеңдеп қалған ұлы көштің «екінші тынысы» ашылып, атамекенге біржола бет түзейтін этностық қазақтардың қатары қалыңдай түседі деп үміттенеміз.
Сонымен қатар Үкімет елімізге осыған дейін көшіп келген білімді де білікті қандастарымызды шетелде алған мамандықтарына сәйкес жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіне атүсті қарамай, жете көңіл бөліп, қолда бар кадр әлеуетін тиімді пайдаланғаны жөн деп ойлаймыз.
Өйткені олардың бір бөлігі Қазақстан қоғамында әлі де үстемдік құрып тұрған орыс тілін білмеуіне және кәсіби білімдері мен біліктіліктеріндегі кейбір айырмашылықтарға байланысты өздеріне лайықты жұмыс таба алмай жүргені жасырын емес. Тіпті медицина мамандарының тапшылығы алыстағы ауыл түгіл, елорданың өзінде де сезіліп отырған денсаулық сақтау саласында да шетқақпайлық көріп жүрген қандас-дәрігерлер бар болып шықты. Сол себепті олар жуырда «Қандас» медицина мамандары қауымдастығын құрып, өз құқықтарын қорғау және еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға септесу мақсатын көздеп отыр.
Қандас дәрігерлердің айтуына қарағанда, денсаулық сақтау саласының майталман мамандары атажұртқа оралғаннан кейін бәрі бірдей өз кәсібін ойдағыдай жалғастырып, шетелде алған білімі мен жинақтаған тәжірибесін Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға толығымен жұмсап жатыр деу қиын. Ірі заманауи денсаулық ұйымдарында саусақпен санарлықтай ғана қандас-дәрігерлер қызмет істеп жүрсе де, олардың көбіне операция жасап, зерттеу жүргізу мүмкіндігі берілмеген. Әсіресе, Қытайдан келген, орыс тілін білмейтін қандас дәрігерлерді ауруханалар мен емханалардың басшылары: «Бізде бәрі орыс тілінде жүргізіледі, сондықтан сізге қиын болады», деп жұмысқа алғылары келмегендіктен, олардың көбі шағын клиника ашып, әйтеуір, өз кәсіптерін қалайда жалғастыруға күш салып жүр.
Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес ондай шағын медициналық орталықтарда күрделі операция жасауға тыйым салынған. Бұл шетелде тәжірибесін шыңдап, медицина саласының қыр-сырын терең меңгерген қандас дәрігерлерге қолбайлау болып тұр. Мәселен Қытай елінде күніне 10-20 науқасқа ота жасап, елеулі жетістікке жеткен, өз кәсібінің ең озық заманауи әдістерін меңгерген талай қандас дәрігер тарихи Отанында операция жасау мүмкіндігінен айырылған.
«Астана мен Алматы қалаларындағы емдеу ұйымдарында қызмет істеп жүрген қандас дәрігерлер бар. Бірақ ота жасау барысында қайшы көзқарастар жиі туындап жатады. Ауыр тисе де айтайық, жергілікті дәрігерлер кейде оларға 2010-2015 жылдардағы, тіпті одан да көне ота жасау әдісін көрсетіп, сол әдіс бойынша ота жасауды талап етеді. Жаңа тәсілмен операция жасайық деген ұсынысқа: «Біздің хаттамада ондай емдеу әдісі жоқ», деп кері тартып тұрады. Әрине, Қытайдан келген қандас дәрігерлердің шеберлігі тым жетіліп кеткен деген астамшылық пікірден аулақпыз. Алайда медицина саласы цифрланып, робот-хирургтер шығып жатқан қазіргі кезде ескі әдіс-тәсілдерге сүйеніп жұмыс істеуге бола ма?! Бұл даму жолы емес қой. Халықаралық стандарттарды, яғни әлемде ортақ қолданысқа ие, ең жаңа үлгідегі емдеу және ота жасау әдістерін неге енгізбеске? Солардың негізінде Қазақстанның өз стандарттарын неге жасамасқа?», деді Қытайдан келген қандас дәрігер, «Қандас» медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Жеңіс Қалиязымұлы.
Қазір елімізде ҚХР-дан әр жылдары көшіп келген 150-ге жуық медицина маманы бар. Олардың бәрі дерлік Қытай ауруханалары мен емханаларында қызмет істеп, тәжірибе жинақтаған, тәлімгер ретінде шәкірт тәрбиелеген мамандар көрінеді. Араларында ҚХР-да енгізілген ең жоғары біліктілік дәрежелері – халықаралық және мемлекеттік санаттарға ие дәрігерлер де аз емес екен. Бір-бірімен байланысын үзбеген қандас дәрігерлер биылғы тамыз айында Алматыда жиналып, ғылыми конференция өткізіп, шетелде жаңа қолданылып жатқан ең озық емдеу әдістерін талқылапты. «Қандас» медицина мамандары қауымдастығын құру туралы шешім сол алқалы жиында қабылданды.
«Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде денсаулық сақтау саласында бірталай жетістікке қол жеткізгені рас. Алайда шешімін таппаған мәселелер де бар. Сондықтан да ұсыныс-тілектерімізді айтып, олқылықтарды болдырмау үшін барлық әріптесімізбен бірлесе жұмыс істеуді азаматтық борышымыз деп білеміз. Біз де егемен еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқымыз, шетелде жинақтаған тәжірибемізді қазақ жастарына үйреткіміз келеді. Егер біз атақ-дәреже, жоғары жалақы үшін өмір сүруді ойлаған болсақ, Қазақстанға келмес едік. Бір-ақ мақсатпен – қазақ болып қалайық, қазақ елінің дамуына өз үлесімізді қосайық деп келдік. Бірақ біздің осы асыл мақсатымызды орындауға қазір мүмкіндік аз болып тұр», дейді қандас дәрігерлер.
Олар Астана қаласының аумағынан жер телімін алып, инвестор тартып, үлкен заманауи емхана салуды армандайды. Әйтпесе елордадағы жұмысы ақсап тұрған бір емхананы немесе жаңадан салынатын емханалардың бірін өздеріне сенімді басқаруға алғылары келеді. Онда Батыс, Қытай және Қазақ медицинасын өзара ұштастыра қолданып, отандық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға өз үлестерін қоспақшы.
«Қазақстан медицинасын дамытуға мүмкіндік мол. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Еуропаның дамыған елдерінде, Қытайда жүрген қазақ дәрігерлері аз емес. Соларды маман ретінде шақырып, тәжірибе алмасуға әбден болады. Олардың арасында еңбек демалысы кезінде Қазақстанның емдеу ұйымдарына барып, өз білгенін бөліскісі келетін азаматтар да бар. Егер біз белсене жұмысқа кіріссек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға атсалысып, шетелдегі қазақ дәрігерлерін, зерттеуші мамандарды Қазақстанға шақырып, бірге жұмыс істер едік. Қытай, Жапония, Германиядағы ірі емханалармен байланыс жасап, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүмкіндік табамыз. Қазір көптеген отандасымыз жергілікті дәрігерлерге сенбей, шетелге барып, ем қабылдап жүр. Бірақ олармен бірге қаншама қаржы шетел асып жатыр?! Егер өзіміз бір емханаға жауапты болып, дербес жұмыс істесек, онда шетелге барып емделетін қазақстандықтардың саны азаятынына және бізге көрші елдерден де науқастар келіп емделетініне сенімдіміз», дейді қандас дәрігерлер.
«Қандас» медицина мамандары қауымдастығы мүшелерінің өз мақсаттарына жету жолында жасаған алғашқы қадамдарынан әзірге нәтиже шыға қойған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері қандас дәрігерлердің ортақ өтінішін тыңдағанымен, оны орындау-орындамау хақында ләм-мим демепті. Шынтуайтында, Үкімет араласпайынша бұл мәселенің түйіні тарқатылуы неғайбіл. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі мен қаржылық мүмкіндігі мол кәсіпкерлер де көмек қолын созып жатса, қандас дәрігерлердің арманы шындыққа айналуы ғажап емес.