Астана қаласында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың Жеңіс көшесі, №2 мекенжайдағы тұрған үйіне мемориалдық тақта қоюдың салтанатты рәсімі өтті.
Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын Нұрғожа Ораз төл әдебиетіміздің, руханиятымыздың өркендеуіне өзіндік үлес қосқан тұлға. Сонау 1964 жылы оның «Тұңғыш кітап» атты алғашқы жинағы шыққалы бері осы жолда көп еңбек еткен қаламгер шығармашылық ғұмырында көптеген кітап жазып, артына мол мұра қалдырып кетті. Ол поэзия, проза және публицистика жанрларында жемісті еңбек етті.
Салтанатты рәсімге Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Бақытжан Тобаяқов, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмахан Мұхамедқалиқызы сияқты ақындар және университет профессорлары, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты. Астана қаласы мәслихатының депутаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтжан Әбдіров, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Серік Негимов, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері Қайсар Әлім, жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым сияқты зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Нұрғожа Нарынбайұлының елге сіңірген еңбектерін еске алды.