Бүгін Аустралияның Брисбен, Перт және Сидней қалаларында теннистен United Cup командалық турнирінің жалауы желбірейді. Биыл алғаш рет өтетін жарысқа әлемнің ең таңдаулы 18 құрамасы қатысады. Олардың арасында Қазақстан теннисшілері де бар.
Хопман кубогі және ATP Cup жарысының орнын басатын аталған додаға қатысушылар ATP және WTA рейтингінде 500 ұпайға дейін иеленіп, табысын молайта алады. Бұл сында Қазақстан намысын Юлия Путинцева (№51), Жібек Құламбаева (жұптық сында №202), Гөзал Айнитдинова (жұптық сында №392), Александр Бублик (№37), Тимофей Скатов (№142), Денис Евсеев (№292) және Григорий Ломакин (жұптық сында №205) қорғайды.
Қазақстандық теннисшілер В тобында Польша және Швейцария құрамаларымен сынға түседі. Бұл топтағы бәсекелердің бәрі Брисбен қаласында өтеді. Бүгін алғашқы болып Юлия Путинцева, іле-шала Тимофей Скатов кортқа шығады. Путинцева швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасады. Жерлесіміз Б.Бенчичпен бүгінге дейін бес мәрте кездесіп, үш матчта қарсыласынан басым түскен. Скатовтың қарсыласы – Марк-Андреа Хюслер.