Тарих қойнауына еніп бара жатқан Барыс жылы да әдеттегідей спорттық сайыстарға толы болды. Жылдың басынан аяғына дейін қазақстандық спортшылар бірқатар маңызы зор кешенді жарыстарға, жекелеген спорт түрлерінен өткен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты. Сол саңлақтарымыздың жарқын жеңісіне құшырлана қол соғып, қуаныш пен шаттыққа бөленген кездеріміз көп болды. Дей тұрғанмен, «әттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ.
Биылғы жылдың басты жарысы – Бейжіңде алауы тұтанған Қысқы Олимпиада мен Паралимпиялық ойындар екені даусыз. Өкінішке қарай, Қытай жерінде ұйымдастырылған ақ қар, көк мұз үстіндегі додада жерлестеріміз жоқ дегенде кейінгі екі Олимпиададағы жетістігімізді қайталай алмай (2014 жылы Сочиде Денис Тен және 2018 жылы Пхенчханда Юлия Галышева қола жүлде олжалаған болатын), елге абыройсыз оралды. Әлемнің 91 мемлекетінен келген 3 мыңға тарта спортшының қатысуымен өткен байрақты бəсекеде Қазақстанның 34 спортшысы бақ сынаған еді.
Есесіне, дәл сол Бейжіңде өткен Паралимпиадада Александр Герлиц Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды. Дүние жүзінің 46 мемлекетінен 600-ге жуық пара спортшы қатысқан байрақты бәсекеде парабиатлоннан 10 шақырымға жарыста отандасымыздың жұлдызы жанып, мәре сызығын 34:51.1 уақыт көрсеткішімен үшінші болып кесті.
2022 жылы командалық спортта да отандастарымыз ауыз толтырып айтарлықтай мол табысқа қол жеткізді. Атап айтар болсақ, бұған дейін жеңілістен көз ашпай, жанкүйерлерді үнемі жерге қаратып жүретін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы осыдан бірер жыл бұрын тұсауы кесілген су жаңа турнир – Ұлттар лигасының биылғы бәсекесінде атой салып, барша футбол жанкүйерін қуантты. Аталған турнирдің С лигасында өнер көрсеткен жерлестеріміз Еуропаның алдыңғы қатарлы құрамасы – Словакияны екі матчта да сан соқтырып, Беларусь, Әзербайжан секілді орта деңгейдегі құрамалардан ұпай алып, келесі жылы В лигасында ойнайтын болды. Бұл сында Қазақстан футболшыларын Швеция, Аустрия, Чехия, Англия, Уэльс секілді Еуропаның азулы құрамалары күтіп тұр.
14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы ел тарихында алғаш рет әлемдік додаға қатысып, үздік төрт құраманың қатарына ілікті. Жас теннисшілеріміз топтық бәсекеде әлем чемпиондары – Италия жастарын жолдан тайдырса, қола жүлде үшін матчта әлемнің екі мәрте экс-чемпионы АҚШ құрамасына жол берді. Ал Елена Рыбакина Қазақстан теннисшілері арасында алғаш болып «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алды.
Биыл Қазақстанда алғаш рет ATP 500 сериясының турнирі ұйымдастырылғанын айта кету керек. Бұл жарыста «Үлкен дулыға» турнирінің 21 дүркін чемпионы, әлемнің 7-ракеткасы Новак Джокович жеңімпаз атанды.
Жекелеген спорт түрлеріне келер болсақ, Моңғолияның астанасы – Ұлан-Батырда өткен күрес түрлерінен Азия біріншілігінде Қазақстанның балуандары 21 жүлдеге қол жеткізді. Азамат Дәулетбеков (86 кг), Мейіржан Шермаханбет (67 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) және әйелдер күресінен Мәдина Бақбергенова (68 кг) мен Жәмила Бақбергенованың (72 кг) бақ жұлдызы жанып, алтыннан алқа тақты. Мәдина финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы қырғызстандық Мээрим Жуманазарованы сан соқтырғанын ерекше атап өткен жөн.
Жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына тарихи алтын жүлде түсті. АҚШ-тың Юджин қаласында ұйымдастырылған әлемдік жарыста Қазақстандағы Altay Athletics клубының спортшысы тегі кениялық Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алдына жан салған жоқ. 8:53.02 уақыт көрсеткішімен ол 2022 жылдың үздік нәтижесін тіркеп, Қазақстанның әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы алтынын алып берді.
Биыл бокстан əлем чемпионаты өтпесе де, былғары қолғап шеберлері Азия чемпионатында ерлік жасады. 2019 жылдан бері ерлер мен әйелдердің Сары құрлық бәсекесі бірге өткізіліп келеді. Иорданияның Амман қаласында өткен боксшылардың бәсекесінде жерлестеріміз 21 жүлде (6 алтын, 7 күміс, 8 қола) жеңіп алды. Оның 12-сі (3 алтын, 6 күміс, 3 қола) ерлерге, 9-ы (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) қыздар құрамасына тиесілі. Ерлерден Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) Амманда әнұранымызды шырқатса, қыздардан Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) Азия чемпионы атанды.
Десек те, биыл «əттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ. Мəселен, жоғарыда айтып өткендей, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиададан жерлестеріміздің жүлдесіз қалуы жанкүйерлердің көңіліне кəдімгідей селкеу түсірді. Сонымен қатар білекті балуандарымыз бен татами үстінде тайталасқа түскен дзюдошыларымыз жанкүйерлердің алтынның сыңғырын естісек деген арман-тілегін орындай алмады. Ташкент татамиінде жерлестерімізге небәрі екі-ақ жүлде бұйырды. Әйелдер арасындағы бәсекенің аса жеңіл салмағында белдескен Әбиба Әбужақынова қола жүлде олжалап, қазақ қыздары арасында әлем чемпионатында жүлде алған бірінші балуан атанды. Ал ерлер арасында 60 килода татамиге шыққан Елдос Сметов екінші рет әлем чемпионатының қола медалін кеудесінде жарқыратты.
Белградтағы (Сербия) күрес түрлерінен әлем біріншілігінде еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг) пен грек-римнен Айдос Сұлтанғали (60 кг) қолаға қол жеткізсе, әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (72 кг) алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Финалда ол жастар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы 18 жастағы америкалық Эло Амиттан жеңіліп қалды.