• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2023

Алматыда қалың қар жауды

299 рет
көрсетілді

4 қаңтар сағат 02:30-дан бастап Алматыда қар жауа бастады, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Таңғы сағат 08:00-ге дейін таулы аймақтарда 15-18, қалада 10, ал Шымбұлақта қар қалыңдығы 60 см-ге жетті. Синоптиктердің ескертуімен қар жауа бастағанға дейін қаланың барлық аудандарында құмшашқыш машиналардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Көшелерге көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр, 2274 тонна материал пайдаланылды», делінген хабарламада.

Тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жаяу жүргіншілер жолын, көлік тұрақтары мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таңғы 06:00-ден бастап патрульдік полицияның көмегімен қар тазалаушы көліктерден 17 колонна іске кірісті. 32 қар тасымалдаушы көлік пен 70 самосвалдың көмегімен қар шығарылды.

Түнгі уақытта 516 арнайы техника, оның ішінде 152 құмшашқыш, 204 тазалаушы техника мен 367 жұмысшы тазалау жұмыстарын жүргізді. Таңнан бері қала көшелерінде 524 арнайы техникамен 1240 жұмысшы қызмет етіп жатыр.

Аудандық әкімдіктер мен мердігер ұйымдарда жұмыстарды жүргізу бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес 4 қаңтар күні күндіз қалада ауа температурасы -2..-4°С құрайды, қар жауып, 2-7 м/с жылдамдықтағы жел тұрады.