Заңсыз ойын бизнесіне қатысты Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеген бес қылмыстық іс бойынша сот үкім кесті. Жалпы, заңды айналып өтіп, пайда табуды көздейтіндердің экономикаға келтіріп отырған залалы орасан. Дегенмен оған заңдылық шеңберінде тыйым салуға болады. Ең қиыны, жастардың осы заңсыз ойындарға әуестігі. Қазір әлеуметтік мәселеге айналып отырған бұл проблеманың алдын алу оңай болмай тұр.
Өткен жылдың бірінші жартысында департамент 6 іс тергеп, оның бесеуі сотқа жолданды. Аяқталған істер бойынша айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 10 ойын терминалы, 6 теледидар, 4 касса аппараты, 4 бейнерегистр және 1 млн теңге ақшалай қаражат алынды. Осы цифрлар қағаз бетіне түскенше қыруар жұмыс атқарылды. Өйткені, экономикалық қылмыстарды анықтау – қиынның қиыны. Мамандардың айтуынша, құқықтану бұл ғылымның бірнеше саласын қамтуды талап етеді. Бұл жерде әсіресе, криминалистиканың орны ерекше.
Департаменттің криминалист мамандары құжаттамалық, компьютерлік-техникалық, экономикалық және тауартану зерттеулерін жүргізе отырып, қылмыстың ашылуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Өткен жылы департамент 41 қылмыстық істі тергеп, криминалист мамандар 135 түрлі қорытынды жасаған. Криминалистер айғақ заттарға қарау жүргізу, тінту, жауап алу және дауыс үлгісін алу барысында маман ретінде қатысады.
– Криминалист мамандардың тергеу амалдарына және жедел іздестіру іс-шараларына қатысуы істің нәтижелі аяқталуына ықпал етеді. Департаменттің «аяғы үзеңгіден түспейтін» криминалистері Жандәулет Наурызбаев, Батырхан Садықов – өз ісінің мамандары. Республиканың түрлі аймақтарында ұйымдастырылатын жедел-іздестіру шараларына шақырылатын тәжірибелі мамандар. Мысалы, өткен жылы екі қызметкеріміз Жамбыл облысына криминалистік зерттеу жүргізуге барып, 6 экономикалық және 10 компьютерлік-техникалық қорытынды жасады, 2 қылмыстық істің ашылуына себепкер болды. Қазір аталған істерді жамбылдық әріптестер сот қарауына өткізді, – дейді тергеу басқармасы басшысының орынбасары Медеу Таубай.
Істерді тергеу барысында Қызылорда қаласының тұрғыны, 58 жастағы Б.Досполовтың өткен жылы шілде-тамыз айларында жалға алған пәтерінде 6 компьютер құрылғысын орнатып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны белгілі болды. Қаланың тағы бір ауданында жалға алынған ғимаратта Ж.Бисариев деген азамат 15 компьютер құрылғысын қойып, ғаламтор желісін пайдалану арқылы интернет-казино құмар ойындарын ойнатып, көлденең табыс тауып келген.
Мамандар мұндай заңсыздықтың көпшілігі жалға алған ғимараттарда болатынын айтады. Өткен жаз айларында 42 жастағы қала тұрғыны С.Сағындықов та Қараманов көшесінен жалдаған үйде ғаламтор желісін пайдаланып «Рулетка», «Покер», «Блек джек» ойындары арқылы табыс тапқан. А.Елеукеева өзі жалға алған екі қабатты ғимаратқа 30 процессор мен 17 монитор орнатыпты. Қ.Сәрсембеков деген қала тұрғыны да 10 компьютермен 6 ай бойы осындай заңсыз ойын бизнесімен айналысып келіпті. Тергеу кезінде бесеуінің де күнделікті ақы төлеп, жұмысқа оператор-кассирлер алғаны анықталды. Аталған азаматтардың ойнатқан ойын түрлерін сот компьютер-технологиялық сарапшылар қорытынды арқылы толық расталды. Олар қылмыстық әрекеттерін мойындады.
Қызылорда қалалық №2 соты осы азаматтарды Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, Б.Досполов, Ж.Бисариев және С.Сағындықов 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды. Ал А.Елеукеева мен Қ.Сәрсенбековке 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 612 600 теңге айыппұл тағайындалды. Сондай-ақ 66 процессор, 57 монитор, 6 модем, 3 хаб және кассадан алынған 156 420 теңге қаражат мемлекет пайдасына берілді.
Өткен жылы маусым айында да Қызылорда қалалық №2 соты Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігінде қарастырылған заңсыз әрекеті үшін ойын бизнесін ұйымдастырған екі азаматтың бірін 1000 АЕК, екіншісін 200 АЕК көлемінде айыппұлға тартты. Екі істі де Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері тергеді.
Екі ойын орнынан желілік блоктар, теледидарлар, мониторлар, термопринтерлер, ойын рулеткасы, модем, бейнергистр және 107 000 теңге көлемінде ақшалай қаражат мемлекет пайдасына алынды.
Сотталушыларға тағайындалған айыппұл сомасын төлеуге бір ай мерзім тағайындалды, жалтарған жағдайда айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріледі.
Департамент тарапынан ғимарат пен пәтер иелеріне алда да заңсыз ойын қызметіне үй-жайларын берген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасалды. Өйткені мұндай ғимараттар заңсыз ойын ошағын ашу үшін ыңғайлы болып отыр. Мысалы, өткен жылдың наурыз-сәуір айларында қала тұрғыны, 33 жастағы М.Дәулетов екі жерден пәтерді ауызша келісіммен жалға алып, заңсыз ойын орнын ашқан. Бірінші мекенжайдағы пәтерге 9 процессор, 9 монитор, 2 «ZOOM» аппаратын алып келіп, ғаламтор желісі арқылы «Рулетка», «Покер», «Блек джек», «Видеоигры» секілді интернет-казино ойындарын бәс тігу арқылы ойнатқан. Шашетек пайданың дәмін тақан ол бірнеше күннен кейін екінші пәтерді жалдап, оған 11 компьютер, 2 «ZOOM» аппаратын қойып, құмар ойындар ойната бастаған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 1-бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған оған сот шешімімен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 612 600 теңге айыппұл жазасы тағайындалған.
Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Медеу Таубайдың айтуынша, өткен жылы өңірде 14 ойын мекемесі жабылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде 14 қылмыстық іс айыптау актілерімен сотқа жолданған.
Заңсыз ойын ойнатылған 139 монитор, 143 процессор, 10 ойын терминалы, 10 модем, 6 теледидар, бейнерегистрлер, 7 хаб және 1 млн 467 мың теңге айналымнан алынып, мемлекет пайдасына берілді.
Экономикалық қылмыстар әлемінің әдістері де жыл сайын жаңарып, заманына қарай түрлі амал-айла табылып отыр. Бұл заңсыз ойын залалының алуға тиісті мамандардың да тәсілі мен дайындығын дамып отыруы керектігін аңғартады. Сондықтан да криминалистер үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Қызылорда