• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қаңтар, 2023

Қаралы қаңтар: Елдіктің сын сағаты

722 рет
көрсетілді

Елімізді дүрліктірген Қаңтар қасіретіне 1 жыл болды. Бастапқыда бейбіт басталып, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан осынау оқиға кезінде халқымыз үлкен қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне зор қауіп төнді. Бұл оқиғаның әлі де ашылмаған, жалпы көпшілікке беймәлім тұсы көп. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар басшылары жауап беруін талап еткен болатын. Осыған орай кеше Бас прокурор Берік Асылов Мәжілісте депутаттар сауалына жауап берді.  Сонымен қатар жиынға Ішкі істер министрі мен өзге де сала басшылары, заңгерлер мен сарапшылар, оқиға куәгерлері қатысты.

Бас прокурор шабуылдаушыларға оқ ату Президенттің мәлімдемесінен бұрын басталғаны жөнінде атап айтты. Оның айтуынша, күштік құрылым қызметкерлері жауынгерлік қаруды бірінші рет Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданған. Ал Мемлекет басшысы ел тұтастығына қауіп төндіргендерге қару қолдану туралы бұйрықты 7 қаңтарда берген болатын. «Демек шабуылдаушыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі мәлімдемесінен едәуір бұрын болған. Іс жүзінде, қылмыскерлерге оқ ату үшін күштік құрылымдарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл жөнінде құқық қорғау қызметі туралы, Ұлттық ұлан туралы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тікелей нормалар бар. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді», деді Бас прокурор.

 

Көкейдегі сауалдарға жауап берілуі керек

Мәжіліс отырысы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырысты ашқаннан кейін «Жаңа Қазақстан» тобының атынан Еділ Жаңбыршин сөз алды. Депутат еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдады.

«Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік. Қаңтардың басы Маңғыстауда өріс алғаны белгілі. Оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталды. Басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты.

Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың басында белгілі саяси лауазымдағы адамдардың болғаны анық. Олар сатқындық жасап, Мемлекет басшысына елдегі ахуал туралы жалған ақпараттар берді. Іштен шыққан жаулар, мұқият ойластырылған ауқымды операцияда, кәсіби дайындықтан өткен баскесер-содырларды еш тартынбастан пайдаланды. Ірі шаһарымыз аяулы Алматы мен кейбір қалаларымызда ұрыстар орын алды. Ең сұмдығы ішкі және сыртқы жауларымыз біріге қылмыстық қимыл жасап, билікке қарсы қолдарынан келгенін істеді. Олар мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандарға, қару-жарақ дүкендері мен бизнеске тиесілі ғимараттарға аяусыз шабуылдар ұйымдастырды. Шын мәнінде, бұл елдік пен мемлекетімізге төнген аса қауіпті сын-қатер еді», деді сауалды оқыған Е.Жаңбыршин.

Депутат өз сөзінде қаңтар қасіретін ашық талқылау үшін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Бас прокурорға де­путат­тық сауал жолдағанын еске салды. Сон­дай-ақ бұл сауалға Парламентте ар­­найы жауап берілгенін де атап өтті. Құ­қық қорғау органдары тергеу қоры­тындылары туралы есеп берілгенін де жет­кізді. Сол кезде бірінші рет қайтыс бол­ған 238 адамның тізімі мен 3 мыңнан астам қарудың ұрланғаны хабардар етілді.

«Қоғамды мазалаған сұрақтарды бүкпесіз қойдық. Біріне жауап алсақ, енді кейбіріне тергеу амалдарынан соң нақты жауап айтылады делінді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 16 наурыздағы халыққа Жолдауында: «Кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін» дегені бар емес пе?!

Иә, бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті. Сонымен, «Мұны ұйымдастырған кімдер, өйткені барлық өңірлерде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?», «Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?», «Лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтарымыздың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?» деген сауалдар ел ішінде айтылып жүр.

Бүгінгі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек қана болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз», деді Е.Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, көтерілген мәселенің маңызын ескере келе, тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар халықтың көкейіндегі сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруі қажет.

 

Қару қашан қолданылды?

Бұдан кейін сөз алған Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіргенін атап өтті. Осы орайда, оқиға туралы нақты ақпарат және заңды баға беру мақсатында Парламент қабырғасына келгеніне тоқталды.

«Бүгінде қолымызда толық мәлімет бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғаса береді. Қылмыскерлер жауапқа тартылып жатыр, оның ішінде қызмет мүддесіне опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап қалдық», деді Б.Асылов.

Бұдан кейін экраннан қаңтар оқиғасы қалай өрбігені туралы Бас прокуратура тарапы әзірлеген бейне роликті көрсетті. Видео аяқталған соң сөзін жалғастырған Б.Асылов сол кезде тәуелсіздігімізге орасан зор қатер төнгенін атап өтті. Көп­теген ірі қалада ғимараттар өртке оранып, астаң-кестең болғанын жеткіз­ді. Бас прокурордың сөзіне сүйен­сек, Президент қабылдаған батыл қимыл­дардың нәтижесінде ғана елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты.

«Сол күндері барлық заңдар бұзылды. Қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз керек. Адамдар жиналып, көшеге шыққан кезде бейбіт митингтер туралы заңның барлық нормаларын бұзды. Ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, мыңдаған адамды жинады. Уатсап пен Телеграм арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуын және қозғалысын үйлестірген.

Алматыда санаулы сағаттар ішінде бір топта қатысушылар саны 5 жарым мыңға дейін көбейді. Сол секілді Жамбыл облысында чатта қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін «тобыр әсері» орын алып, адамдар полицияның заңды талабын орындамай, қарсылық көрсетті. Өрт қойып, тонады және күш қолдана бас­тады. Ал бұл дегеніміз – нағыз қылмыс. Бұл үшін Алматыға арнайы көрші облыс­тардан адамдар келген. Кейін жағдай одан әрі ушыға түсті. Тек бір күнде – 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдіктерге шабуыл жасалды. Тәртіпсіздікке қатысушылар үшін олар бірінші кезектегі объекті болды. Оларды биліктің символы ретінде басып алғысы келді», деді Б.Асылов.

Бас прокурор келтірген мәліметке сүйенсек, 5 қаңтарға қараған түні шабуылдаушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына басып кірген. Бір сағаттан кейін Шымкенттегі әкімдік ғимаратына шабуыл басталды. Сол күні, сағат 15:00-де қылмыскерлер Атырау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің ғимаратына шабуыл жасай бастады. Шамамен сол уақытта Алматыда шабуылдаушылар әкімдікті өртеп, Президент резиденциясына қарай бағыт алған. «Анна», «Қорған» және «Алпамыс» аңшылық дүкендері тоналды. Кейін олар қару-жарақты машинамен алаңға жеткізіп, митингке қатысушыларға тарата бастады.

«Алматының Полиция департаменті мен бөлімдеріне шабуыл жасалды. Олардың мақсаты – қару-жарақ бөлмелері еді. Сағат 18:00-де Талдықорған мен Ақтөбеде облыс әкімдіктерін, Семей қаласы әкімдігін басып алды. Түнде бірнеше рет жасалған шабуылдан кейін Жамбыл облысы әкімдігіне заңсыз кірді. Одан бөлек, 5 қаңтар күні кешке, Алматы мен Ақтөбе халықаралық әуежайларын бір уақытта басып алды. Яғни ең қауіпті жағдай оңтүстік астанада орын алды.

Тәртіпсіздікке қатысқан көп адамды тоқтатуға құқық қорғау күштерінің мүмкіндігі болмады. Оның үстіне, қызметкерлердің басым бөлігінде қару болған жоқ. Олар соңына дейін тек арнайы құралдарды қолданды. Бұл – су атқыштар, резиналық таяқшалар және басқалар. Бірақ сол уақытта жүздеген тәртіп сақшылары жараланған еді, оның ішінде оқтан жарақат алғандар да болды. Ал бір офицер қалалық әкімдікте болған өрт кезінде тірідей жанып кетті», деді Б.Асылов.

Бас прокурор келтірген мәліметіне сүйенсек, күштік құрылым қызметкерлері жауынгерлік қаруды бірінші рет Алма­тыдағы Президент Резиденциясын қорғау кезінде – 5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында қолданған. Одан соң полиция мен әкімдіктер ғимараттарына және басқа да объектілерге шабуыл жасал­ған уақытта, яғни тәртіпсіздіктер күш көрсету сатысына өткен кезде құқық қор­ғау органдарының қызметкерлері қару пай­да­ланған. Кейін – қалаларды қарулы содыр­лар­дан «тазалау» кезінде осындай әдіске жүгінген.

Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев террористерді ес­кер­тусіз ату туралы бұйрықты 7 қаң­тарда берген болатын. «Демек шабуыл­дау­шыларға қарсы оқ ату Президенттің белгілі сөз сөйлеуінен едәуір бұрын болған. Бұл жағдай туралы барлық дискус­сия қоғамдық пікірді әдейі басқа бағыт­қа бұрып жатыр. Іс жүзінде, қылмыс­керлерге оқ ату үшін күштік құрылым­дарға арнайы бұйрық қажет емес. Бұл туралы құқық қорғау қызметі тура­лы, Ұлттық ұлан туралы, терроризм­ге қарсы іс-қимыл туралы заңдарда тіке­лей нормалар бар. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағ­дайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні орын алып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты.

Енді қаза болған адамдарға тоқталсақ. Шабуылды тойтару кезінде, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болды. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған. Қаза болғандар саны туралы мәлімет дұрыс, жүргізілген тергеу аясында мұқият тексерілді. Соның ішінде 67 адам шабуылдаушы деп танылды, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілер. 142 адам төтенше жағдай мен антитеррористік операция режімін бұзушылар. 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде өлген. Жалпы, Алматы қаласында 151 адам қаза тапты. Олардың көбі Президент Резиденциясын шабуылдау кезінде қайтыс болған. Адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында тіркелді», деді Б.Асылов.

 

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған кім?

Бас прокурордың келтірген мәліметіне сүйенсек, қаңтарда жасалған қылмыстар бойынша 5 300 қылмыстық іс қозғалған. Басым бөлігін Ішкі істер министрлігі тергеген. Олар негізінен адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, қару-жарақ ұрлау баптарына қатысты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу, аса ірі көлемде пара алу фактілерін тергеген.

«Арнайы прокурорлар басқарған ведомствоаралық топтың тергеу нәти­жесіне тоқталайын. Біз 4 бағыт бойын­ша жұмыс істедік. Олар жаппай тәртіп­сіздіктерді ұйымдастырушылар мен қаты­сушылар, терроризм актілері, күш құ­рылымдарының бірқатар басшы­ларының әрекеттері бойынша және азаптау фактілерін тергедік. Осы орайда, жаппай тәртіпсіздіктердің терроризм актілерінен қандай айырмашылығы бар екенін түсіндіргім келеді. Екеуінде де күш қолдану, тонау, өртеу, билікке қарсы күш көрсетіледі. Бірақ тәртіпсіздіктер кездейсоқ күйде өтеді. Өз кезегінде, террористік актілердің нақты мақсаты болады. Халықты қорқытып, мемлекеттік органдардың қызметіне қасақана кедергі келтіру. Қылмыстық кодекске сәйкес терроризм актісімен қатар мыналар террористік қылмыстарға жатады. Терроризмдi насихаттау, ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу, адамды кепiлге алу және басқалары. Бұған дейін айтқанымдай, әкімдіктер, әуежайлар, ҰҚК, полиция, телевидение және байланыс ғимараттарын басып алып, жойып жіберді. Яғни террористік актілер жасалды.

Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жаса­ғандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгілер. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бо­йынша күдікті болып танылды. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар», деді Б.Асылов.

Спикердің айтуынша, Бас прокуратура тергеген істер бойынша 573 адам сот­талған. Соның ішінде екі іс теракт жа­сау фактісі бойынша қаралған. Бұдан бө­лек, Б.Асылов қазіргі таңда жаппай тәр­тіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталғанын жеткізді. Олардың 13-іне қатысты іс сотқа жіберілген.

«Қызылордада Құдайбергенов әскери қызметкердің автокөлігін тартып алып, әскерилер тобына шабуыл жасаған. Соның салдарынан Қайсаров қаза болды. Таразда Бекболов әкімдіктің ғимаратына шабуыл жасауға қатысып, полиция қызметкерлері мен әскерилердің басынан атуға шақырған.

Жалпы, тергеу келесі сұрақтарға жа­уап табуы қажет болды. Тонаушылардың әрекетін кім үйлестірді? Ұйымдастырушы кім? Олардың көздеген мақсаты не? Мен айтып өткендей, қаңтарда еліміз­дегі жағдай өте күрделі болды. Арнайы жасалған сценарий бойынша біздің қоғамдағы татулықты әдейі шайқа­ғаны қазір түсінікті. Ол кезде көпші­лік теңсіздікке наразылық білдірді, әділет­тілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол – газ бағасының өсуі болды.

Ереуілді басқа қалалар да қолдады, бәрі газды ұмытып, радикалды талаптар қоя бастады. Осының барлығы тра­гедияға, адам өліміне әкеліп соқты. Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жо­ғар­ғы басшылығын ауыстыруға бағыт­талған операция тыңғылықты жоспар­лан­­ған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мем­ле­кеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды.

Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар тура­лы іс «аса құпия» режімінде тергелді. Ма­териалдарды жариялауға шектеу қо­йыл­ған, өйткені оларда мемлекеттік құ­пиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы бар­лау және жедел-іздестіру қызметіне қатыс­ты мәліметтер енген», деді Б.Асы­лов.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ондағы мәліметтерді жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр. Сондай-ақ Бас прокурор ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша іс сотқа берілгенін атап өтті.

«Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану бойынша айыпталған. Сондай-ақ бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр. Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған.

Тергеу анықтағандай, осы бүл­діргі әрекеттердің басында күш құры­лымдарының жекелеген өкілдері тұрған. Мысалы, тергеу версиясы бойынша Алматыда Жұмагелдиев ерекше рөл атқарған. Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесі» дегенді құруы тиіс болған. Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен. Ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне келуші бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ермеген.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұстал­ғаны туралы ақпарат алған соң, сенімді алиби жасау мақсатында, мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен, сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Осы фактілер бойынша тергеуді аяқтадық», деді Б.Асылов.

 

Антынан тайқыған офицерлер

Сондай-ақ баяндамашы аумақтық күштік органдар басшыларының билікті асыра пайдалануы туралы фак­ті­лерге тоқталды. Мәселен, жаппай тәртіп­сіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының бәрі ғимараттарды тастап кеткен.

«Тергеу мәліметі бойынша 5 қаң­тарда жеке құрамды ғимараттан кетуге дайын болу қажеттігі туралы Ұлттық қауіп­сіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойын­ша Алматы қаласы мен Қызылорда облы­сының Ұлттық қауіпсіздік комитеті депар­таменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарынан кетіп қалған. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен.

Турасын айтқанда, осы басшылар әлсіздік танытты. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданбады, Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналы – 3 мыңға жуық автомат, тапанша, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті. Яғни осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз.

Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Поли­ция департаментінің бұрынғы бас­тығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы болып жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін сот анықтайды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау қайтыс болуына байланысты тоқтатылды», деді Бас прокурор.

Б.Асыловтың айтуынша, әскери сотта бұрынғы қорғаныс министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жалғасып жатыр. Тергеуге сәйкес ол төтенше жағдай кезеңінде көрінеу заңсыз бұйрық берген және стратегиялық объектілерді әскерилердің күзетінсіз қалдырған.

«Бұрынғы Қорғаныс министрі елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған. Тәртіпсіздікке қатысушылар, әсіресе Алматыда саны жағынан басым болған. Олар қоршауды бұзған, полиция мен Ұлттық ұлан күштерін басып, халыққа зорлық-зомбылық жасаған.

Соның салдарынан қылмыскерлер қолынан адамдар қаза болған, қалалар тоналған және өртелген. Сондықтан Бектанов ұрыс жағдайында жасалған билікті асыра пайдалану бойынша айып­талды. Сот оның іс-әрекеттеріне түпкілікті баға береді және оның жазасын анықтайды», деді Б.Асылов.

Бұдан кейін Бас прокурор хаос кезінде күштік органдардың бірқатар қызметкері ұсталғандарға қатыгездік танытқанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жағ­дайды еш нәрсемен ақтауға болмайды.

«Президент тапсырғандай, азаптау қолданған қызметкерлер, шеніне қарамастан, тиісті жазасын алады және алып та жатыр. Азаптаулар туралы шағымдар бойынша барлығы 329 қылмыстық іс қозғалды. Олардың басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінде. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істер сотқа жолданды.

Сондай-ақ Алматы қаласының Уақытша ұстау изоляторында және Бостандық ауданының полиция бөлімінде 3 адамды азаптау фактісі бойынша істер де сотқа жолданды. Одан бөлек, азаптау салдарынан Талдықорғанда Мұқашев, Алматыда Өтепбаев, Семейде Жотабаевтың қайтыс болу фактілері бо­йынша тергеу аяқталды. Материалдармен таныстырғаннан кейін оларды сотқа жолдаймыз», деді Б.Асылов.

Баяндамашының мәліметіне сүйен­сек, қаңтар оқиғасы бойынша соттар 1221 адамға қатысты істерді қараған. Со­ның ішінде 1 205 адам сотталды. Бас прокурор осы орайда Мемлекет бас­шы­сы Жолдауында рақымшылық жасау туралы айтқанын еске салды. «Рақым­шылық жасау туралы» заң аясында аран­датушылардың айтқанына көніп, жап­пай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жаса­ғандар жазадан босатылды. Жалпы, рақым­шылық 1 095 адамға қолданылды. Атап айт­қанда, сот ауыр қылмыстар үшін соттал­ған 1 001 адамның жаза мерзімін қысқарт­қан. Бұдан бөлек, қазіргі таңда 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

 

Жаппай тәртіпсіздікке ұласқан бейбіт шеру

Келесі кезекте мінберге Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов көтеріліп, ведомство тарапынан қабылданған шаралар туралы баяндады. Осы орайда, сала министрі 2020 жылы «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа заң күшіне енгенін атап өтті.

«Митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағи­датына көшті. Қазір қарым-қатынас тек акция ұйымдастырушы және жергілікті атқарушы орган арасында орын алады. Митингке қатысушылар тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау міндеті ұйым­дастырушыға жүктелген. Осыған орай, полицияның қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз ету әдістері өзгерді. Қару мен арнайы құралдармен жабдық­талмайды. Қызметкерлер митинг өтетін аумаққа жақын жерде орналасады. Жиналғандармен тікелей қарым-қатынас жүргізбейді. Полиция митингті тоқтату үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке қауіп төну, мүлікке залал келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, діни алауыздықты қоздыру, конституциялық құрылысты, аумақтық тұтастықты күшпен құлатуға шақыру жағдайларында ғана тартылады.

Тура осы алгоритм қаңтар оқиға­лары­ның алғашқы күндерінде қолданылды. Естеріңізде болса, өткен жылдың 1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Бұл 6 өңірде – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Талдықорған, Алматы және Астанада болды. Үкімет пен әкімдер мәселені шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсады. 4 қаңтарда бұған 8 өңірдің тұрғындары қосылды. Олар: Шымкент, Көкшетау қалалары, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары.

Барлық жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Диалог орнатылды. Бірақ, өкі­нішке қарай, араға кәсіби арандатушылар қосылды. Олар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қоя бастады. Көпшілікке теріс пікір беріп, басқаруға тырысты. Шындықты бұрмалады, популистік ұрандар таратылды, жаппай әділетсіздік бейнесін қалыптастырғысы келді», деді М.Ахметжанов.

Ішкі істер министрі осындай әрекет­тердің салдарынан бейбіт шерудің заң­сыз­дыққа ұласқанын жеткізді. Мәселен, Алматыда қаланың екі жағынан жиналған мыңдаған адам орталық алаңға бет алған көрінеді.

«Қоғамдық жаппай тәртіпті бұзу бас­талды. Заңсыз шеру ұйымдастырылды, қа­лада кептелістер пайда болды, нара­зы­лыққа шыққандардың саны артты. Демонстранттар көліктерді тоқтатты. Жүргізушілер мен жолаушыларды алаңға баруға мәжбүрледі. Жолда олар арматура, таяқтар және тастармен қаруланды. Полицияның заңды талаптарына бағын­бады. Онымен шектелмей, заңсыз шеруді тоқтатуға жұмылған Ұлттық ұланның 250 әскери қызметкеріне шабуыл жасады. Олардың 30-ы дене жарақатын алды. Оларға көмектесу үшін қосымша қызметкерлер мен жедел жасақ сарбаздары тартылды», деді М.Ахметжанов.

Ішкі істер министрінің сөзіне сенсек, полицейлер мен Ұлттық ұланның сарбаздарына атыс қаруы берілмеген. Олар тек арнайы құралмен ғана жабдықталған. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін осындай тәсіл қолданылады. Ведомство басшысы наразылардың көбейгеніне байланысты Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлері орта­лық алаңға топтастырылғанын жеткізді. 5 қаңтар күні 00:30-да қалалық әкімдікке жаппай шабуыл жасалған. Оны той­тарғанымен, бірнеше арнайы автокөлік өртелген.

«5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірде митингілер ұйымдастырылды. Авто­жолдар мен теміржолдарды жапты, вок­залдар мен әуежайларды бұғаттады, мемлекеттік органдар ғимарат­тарын қор­шады. Яғни елді мекендер­дің инфра­құ­ры­лымы мен күнделікті тір­шілігіне кедергі келтірді. Яғни қарапайым қазақ­стан­дық­тардың қоғамдық құқықтары бұзылды.

Бір мезгілде Тараз, Ақтөбе, Аты­рау, Шымкент, Орал қалаларында мем­лекеттік биліктің символы ретінде әкім­діктердің ғимараттарына шабуыл жасалды. Барлық жерде қызметкерлерге қарсы күш қолданылды, нәтижесінде көбісі ауыр жарақат алды. Ғимараттар, қызметтік автокөліктер, бейнебақылау камералары зақымданды. Қысқасы, мұны «бейбіт митинг» деп айтуға мүлдем келмейді», деді М.Ахметжанов.

Ішкі істер министрінің айтуынша, 5 қаңтар күні күндіз тәртіпсіздік кеңінен тарады. Олар Қызылорда, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған қалаларында жалғасты. Салдарынан Қызылорда қаласында сағат 15:30-да Ұлттық ұланның әскери қызметшісі М.Қайсаровты, сағат 16:00-де Талдықорғанда тағы бір әскери қызметші А.Амановты жаулап алған арнайы көлікпен қасақана қағып өлтірген. Қызылордада сағат 16:15-те қару-жарақ иемдену мақсатында полиция бөлінісіне шабуыл жасалған.

«Халықтың, сонымен қатар полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатердің алдын алу мақсатында қылмыскерлерге қарсы қару қолданылды. Қару қолдану «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылды. Ол үшін барлық негіз болды. Яғни азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау, қару иеленуге тырысушылардың жолын кесу, қызметкерлерге, қызметтік және әскери кезекшіліктерге, күзетілетін нысандарға шабуылды тойтару. Егер полиция қызметкерлері заңда көзделген кешенді іс-шараларды орындамағанда трагедия мұнан да ауқымды болар еді. Прокуратура құқықтық баға берді. Оларды қолдану заңды деп танылды», деді М.Ахметжанов.

 

Ұрланған қаруда есеп жоқ

Ведомство басшысының мәліметіне сай, Алматыда 5 қаңтарда үш полиция басқармасына, 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалған. Тонаушылар есіктерді сындырып, әрекетін жүзеге асыру үшін автокөліктер қолданған.

«Сол күннен бастап аймақтарда төтенше жағдай режімдері мен комен­данттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қар­сы операция жарияланды. Бұл қысқа мер­зімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 037 полиция мен әскери қызметкерлер жарақат алды. 28-іне оқ тисе, 177-нің сүйектері сынған. 111-інің денесі суық қарумен пышақталған. Көп қызметкер әлі де ем алып жатыр.

Жалпы, полиция қаңтар оқиғалары бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді», деді М.Ахметжанов.

Баяндамашының сөзіне сенсек, ра­қым­шылық туралы заңға сай соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген 255 азамат босатылған. Олардың көпшілігіне бас бостандығынан айырмайтын бұлтарт­пау шаралары қолданылған.

«Төтенше жағдай кезінде ауыр қыл­мыс жасағаны үшін 12 кәмелетке толма­ған жасөспірім анықталды. Оларға қарсы бұлтартпау шарасы, бас бостандығынан айырмау шарасына өзгертілді. Жалпы, тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Яғни тер­геушілердің барлық негізгі ше­шімдері про­курордың қадағалауы арқы­лы келі­сі­мімен және соттың бақылауы­мен өтеді.

631 айыпталушы сотқа жолданды. Олардың 132-сі – бас бостандығынан айы­рылды, ал қалғандарына шектеу, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар салынды. Бірқатар күдікті жәбірленушілерге кел­тірілген залалды өз еркімен өтеді. Қазіргі таңда «Рақымшылық туралы» заң нормалары 980 адамға қолданылды. Қамаудан 76-сы босатылды. 904 сотталғандарға қар­сы мерзімдері қысқартылды. Қазір өнді­рісте 36 қылмыстық іс бар», деді М.Ах­мет­жанов.

Баяндамашы келтірген мәліметке сүйенсек, қылмыскерлер 2 960 қару-жарақ пен шамамен 63 мың оқ-дәріні ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта ұрланған қаруды іздеу қарқынды жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясындағы жедел іздестіру іс-шарасы барысында 200-ден астам қойма жойылды. Олардан 4 160 қару-жарақ пен 57 мың оқ-дәрі табылды. Бүгінде 964 қару-жарақтың қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталған.

«3 196 қару-жарақ, оның ішінде 7 гранатомет, 1 пулемет бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Осылайша, қыл­мыс­­кер­лердің қолында 1 мыңнан астам кри­­миналдық қару-жарақ болған. Шабуыл­­даушылар оларды қолдануды жоспарлаған.

Тәртіпсіздіктер кезінде 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекет зақымданды. Шығын көлемі 3 млрд теңгеден асты. Ғимараттарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Қазір олардың барлығы іске қосылды. 3 модульдік бекеттің жұмысы басталды. Алайда 16 бекет қалпына келтіруге жатпайды.

Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Шымкент, Ақтөбе Қызылорда, Талдықорған және Тараз қалаларында 900 бейнебақылау камерасы зақымданды. Бүгінгі күні қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, бейнекамералар штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қосымша 6 мыңнан астам бейнекамера орнатылды», деді М.Ахметжанов.

 

Содырларды үйлестіргендер қайда жоғалды?

Бұдан кейін депутаттар негізгі баян­дамашыларға сауалдарын қарша боратты. Мәселен, депутат Ерлан Саиров Бас прокурордан қаңтар оқиғасы кезінде со­дырлардың әрекетін арнайы рация арқылы үйлестірген, әскери киіммен жүрген топтың кім екенін сұрады.

«Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қала­сында әскери киінген, толық қаруланған, байланыс құралдарымен өте жоғары дәрежеде қамтылған топ пайда болды. Олар қаланың ішінде содырлардың бүкіл жүріс-тұрысын басқарды. Бірақ қалада жағдай реттелгеннен кейін ол содырлар лезде жоғалып кетті. Осы бір жылдың ішінде сол содырлардың біреуі табылды ма? Оларға әскери киім мен қаруды, рация­ны кім берді? Осы мәселенің мән-жайы зерттелді ме?», деді Е.Саиров.

Бас прокурордың айтуынша, ондай әскери киім киген топтың болғаны рас. Бірақ олардың кім екені әлі анықталмаған.

«Бұл фактілер бойынша ведомство­аралық жедел тергеу тобы арнайы құ­рылған, тергеу жүріп жатыр. Сол күндері әскери киінген адамдар Райымбек батыр көшесін толық басып алып, бөгеттер орнатып, көшені жауып тастағаны бәрі­мізге белгілі. Өзіңіз айтқан балалар инфек­циялық емханасы филиалының маңа­й­ында, оның түбінде тұрған автокөлік тұрағының жанында, жанар-жағармай стансасының жанында тұрған көптеген қылмыскер болған», деді Берік Асылов.

Алайда бұл күдіктілер әлі күнге дейін қолға түспеген. Олардың бәрі бой тасалап, қашып кетті. Бас прокурордың сөзіне сенсек, олардың кім екені тергеу кезінде әлі анықталмаған. Дегенмен Б.Асылов олардың қай жаққа кеткенін анықтауға уәде берді.

Сондай-ақ талқылау кезінде депутаттар қаңтар оқиғасы кезінде келген шығын туралы да сұрады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, қаңтар қырғыны кезінде елімізде 42 мемлекеттік мекеме зардап шеккен.

«Орасан нұқсан келген нысандардың бірі – Алматыдағы Президент резиденциясы. Өздеріңіз білетіндей, бұл нысанды қалпына келтірмей, бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 41 нысан үшін 31 млрд 100 млн теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді. Биылғы қаңтар айында Жетісу облысы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру аяқталады. Наурыз айында Алматы қаласы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және ақпарат орталығының ғимараты мен Алматы қаласы әкімінің ғимараты қалпына келеді. Оны реконструкциялау биыл екінші тоқсанда аяқталады», деді Р.Скляр.

Алматы қаласындағы Телерадиокешен ғимаратын да жөндеуден өткізу мүмкін емес. Сондықтан ғимарат қайта салынып, жыл соңына дейін аяқталады. Оған қосымша мемлекеттік сараптама арқылы нақтыланған қаражат бөлінеді.

«Қазір мемлекеттік сараптама өтіп жатыр. Коммерциялық нысандарға келсек, жалпы 356 коммерциялық нысан зардап шекті. Қазір олардың барлығы қалпына келтірілді. 1 789 кәсіпкерлік субъектісі залалды тікелей өтеуге өтінім берді, барлық шағын және орта бизнес объектілері бо­йынша 16 млрд 700 млн теңге өтелді», деді Р.Скляр.

Депутат Дархан Мыңбай елімізде азап­тауларға жол бермеу бағытында қан­дай шаралар қабылданғанын сұрады. Сауалға жауап берген Бас прокурор Бе­рік Асылов арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қыз­меткеріне қатысты істі тергегенін айтты.

«Азаптау туралы қылмыстық істер­дің басым бөлігін Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. Прокурорлар неғұрлым резонансты және адам өліміне қатысты істерді қамтыды. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істі сотқа жолдадық. Жалпы, біз қараған азаптау істері бо­йынша айыптаудан бас тартқан деректер болмады. Барлығын тергеп, сотқа жолдап отырмыз», деді Б.Асылов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде елі­міздегі колонияларда бейнебақылау жүйесі орнатылған. Осы жүйе арқылы проку­рор­лар тиісті бақылау жүргізе алады. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Марат Ах­метжанов азаптауларға жол бермес үшін ведомство тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Әр полиция қызметкерінде бейне­ба­қылау жетоны бар. Сонымен қатар біздің органдардағы ауқымды жұмыстар жайында алдағы уақытта депутаттарға толық баяндап береміз. Қазір жеке құрам азаптау секілді теріс әрекеттер полиция қызметіне сай емес деп санайды», деді министр.

 

Аманатқа адал «Аманат»

Құқық қорғаушы, адвокат Абзал Құс­пан қаңтар трагедиясы бойынша «Аманат» комиссиясының атқарған қыз­меті мен болашақта осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған ұсыныстарын баяндады.

«Аманат» комиссиясы 2022 жылдың 22 қаңтардан бастап, жыл соңына дейін өз қызметін атқарып келді. Комиссия құрамы негізінен адвокаттар мен құқық қорғаушылардан тұрды. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардан өкілдер кірді. Тергеу изоляторларына кіруді, қылмыстық іс құжаттарымен танысуды жергілікті прокуратура органдары қамтамасыз етті.

«Біз қаңтар оқиғасына қатысушыларды шартты түрде 3 топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі – ұйымдастырушылар. Екіншісі – арандатушылар. Үшіншісі – арандап қалғандар. Яғни әу баста бейбіт митингі деп шығып, ұйымдастырушылар мен арандатушылардың айтағына еріп, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар. Негізгі адамдар санын осы үшінші топ құрады және біздің комиссия осы топпен мақсатты түрде жұмыс істедік», деді А.Құспан.

Оның атап өтуінше, комиссия алғаш­қы жұмысын 24 қаңтар күні Алматы қаласында тергеу изоляторына кіріп, қамалғандардың жағдайымен жеке танысудан, іске қатысты мәліметтерді өз ауыздарынан естіп, олардың туыстары, адвокаттары, сонымен қатар елге белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесіп, қалалық прокуратура арқылы қылмыстық іспен танысудан бастаған.

«Нәтижесінде комиссия бірінші күні-ақ ондаған адамды қамаудан босатуға ықпал етті. Олар негізінен қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жарақат алған азаматтар болатын. Бұл бағыттағы жұмыс кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент, Семей қалаларында жалғасын тауып, қыл­мыстық істер бойынша қамауға алынған 1 600-дей адамның 600-ге жуығының бас шарасын өзгертуге тікелей ықпал еттік. Мұндай жағдай қоғам тарапынан оң бағасын алып, әділдікке, әділ тергеуге деген елдің сенімін оятты деуге толық негіз бар», деді Абзал Құспан.

Белгілі адвокаттың айтуынша, өңірдегі кейбір құқық қорғау органдары басшыларының Президенттің қаңтар оқиғасын объективті түрде тергеу туралы тапсырмасын орындамау, тіпті сабатаж жасау фактілерін әшкерелеген.

«Қаңтар оқиғасы кезінде аран­да­ту­шылардың жетегімен қылмыстық әрекеттерге барған азаматтарымызға рақым­шылық қолдану туралы Прези­дентке ұсыныс бердік. Осы заңның қабыл­дануына мұрындық болдық. Қазіргі таңда осы заңның орындалуына да атсалысудамыз. Рақымшылық заңының арқасында қыл­мысқа тартылған мыңдаған адамның басым бөлігі жауапкершіліктен босатыл­ды немесе жеңілдіктерге ие болады. Жал­пы, нақты бір оқиғаға байланыс­ты, біз­дің жағдайда қаңтар оқиғасына қатыс­ты бір реттік рақымшылық алғаш рет қол­да­ныл­ғанын атап өткім келеді», деді А.Құспан.

Адвокаттың айтуынша, қаңтар оқиға­сында 238 адам мерт болса, оның 148-і – Алматы қаласының тұрғындары. Осы­ған байланысты комиссия Алматы қа­лалық прокуратурасымен бірге қыл­мыстық істердің әділ тергелуі, қаза тап­қан азаматтарға қатысты заңды процестік шешім қабылдануы, олардың отбасыларына материалдық-әлеуметтік, тіпті психо­логиялық көмек ұйымдастыру бағы­тында жұмыс атқарды.

«Алматы қаласында қаза тапқан азаматтардың туыстарына материалдық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері негізінен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар тарапынан ішінара шешімін тапқанын да баса айтқым келеді. Атап айтқанда, олар­дың кредиттері Қаржылық монито­ринг агенттігінің араласуымен банктер тарапынан кешіріліп, балаларын балабақшаға орналастыру, мектепке дайындау, қажетті медициналық көмек ұйымдастыру, тіпті пәтерақыларын төлеу сияқты тұрмыстық мәселелер қам­тылды. Өкінішке қарай, комиссия өз қызметі барысында кейбір әттеген-ай дегізетін жағдайлардың да куәсі болды. Атап айтқанда, алаңда қаза тапқан азаматтарымыздың артында қалған көптеген жас отбасы пәтерақы мен азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы салдарынан қиын материалдық жағдайға тап болған еді. Осыған байланысты комиссия­дан материалдық көмек сұрап келушілер аз болған жоқ. Сол себепті комиссия еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі компанияларға хат жолдап, онда комиссия арқылы немесе тікелей мұқтаж жандарға көмек беру туралы өтінішімізді білдірдік. Өкініштісі сол, бірде-бір компания өз келісімін бермеді. Тіпті, «Қазақстан халқын қолдау қоры» да қаңтар оқиғасы бойынша тек мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін ыңғай танытты. Осыдан-ақ Президенттің «кәсіпкерлердің төмен әлеуметтік жауапкершілігі туралы» айтқан сынның қаншалықты орынды екенін байқауға болады», деді А.Құспан.

Бұдан бөлек, адвокат қаңтар оқиғасы­ның ызғары әлі басылмай тұрғанын жеткізіп, кейбіреулер оны ушықтырғысы келе­тінін де атап өтті. Сондай-ақ наразы­лыққа қатысқандардың бәрі біреудің айтақтауымен шықпағанына да тоқталды.

Жалпы, отырыста «Сана-Сезім» әйел­дер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Шах­ноза Хасанова, Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы, подполковник Ботагөз Исенова, Алматы қаласы №7 ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Есеней Еспенбетов, «Қорған орталық» қару-жарақ дүкенінің директоры Артур Осипов, ерікті Бағдат Анарбаева баяндама жасады.

Мемлекеттігімізді сақтап қалдық

Жиын соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пікір білдірді. Оның ай­туынша, ұйымдастырушылардың көзде­гені – қан төгіспен болсын, қандай да жолмен болсын билікті басып алу болды.

«Қаңтар оқиғасына тура бір жыл толып отыр. Мемлекет басшысы айтқан­дай, еліміз үшін ол – тәуелсіздік жылдарын­дағы зор сын-қатер болды. Бүгін Мәжіліс қабырғасында осымен екінші рет Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшыларын тыңдадық. Ең басты айта кететін нәрсе – бұл Парламенттегі тыңдау тікелей эфирде өтіп жатыр. Бұл мемлекеттің, биліктің ашықтығын және осы ауыр мәселенің ег­жей-тегжейін анықтауға ерекше мүдделі екенін көрсетеді. Халқымыздан жасыратын ештеңе жоқ, қоғам да шындыққа көз жеткізуі керек деп санаймыз!

Өздеріңіз көріп отырсыздар, тың­дауға сол қаңтар оқиғасының тікелей куәгерлері, қоғамдық тәртіпті қорғаған, зардап шеккен, өз кәсібінен айырылған қарапайым азаматтар да қатысып, сөз сөйледі. Олардың әңгімесінен біраз жайттарды қаз-қалпында көз алдымызға келтіруге мүмкіндік алдық. Меніңше, қаңтар оқиғасының нақты жоспарланған, ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті айтылды.

Бұл жайттар Бас прокурордың баян­дамасында да толық және ашық қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні қаңтардағы қайғылы оқиғалардың негізгі себеп-салдары белгілі деуге болады.Қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені – қан төгіспен болсын, қандай да жолмен болсын билікті басып алу еді. Мәжіліс қабырғасында көрсетілген айғақтар мен қару-жарақтар бүлікті ұйымдастырушы топтың осы пиғылын анық дәлелдейді», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасының сөзіне сүйенсек, олар өз дегендерін жүзеге асыру үшін бейбіт халықты қалқан етті, аңғал жастар­ды адастыруға тырысқан. Мұны Тәуел­сіздікке жасалған қастандыққа балады.

«Бірақ халқымыздың ақыл-пара­саты мен бірлігінің арқасында, Прези­ден­ті­міздің ерік-жігерінің арқасында Мемле­кеттігімізді сақтап қалдық. Бүлікшілердің басты мақсаты – халықты үрейлендіріп, қоғамды аласапыран қылып, Президентті қызметінен кетуге мәжбүрлеу еді. Мен Мемлекет басшысының осындай қиын жағдайда мойнына ауыр жауапкершілік алып, батыл шешімдер қабылдағанына куә болдым. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Соның бәрі – шындық!

Осындай сын сағатта Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет құламайды!» деген бір ауыз сөзімен халыққа рух беріп, үндеу жариялады. Мемлекетті бұрын-соңды болмаған қиындықтан алып шықты. Ең бастысы, елдің туы жығылған жоқ! Кешегі Жалпыұлттық референдумда, Президент сайлауында халықтың Қасым-Жомарт Кемелұлын жаппай қолдауы, зор сенімі – осының шынайы көрінісі, дәлелі деп санаймын», деді Е.Қошанов.

Жалпы, отырыс басталмас бұрын тер­геу барысында табылған қару-жарақ­тармен көрме ұйымдастырылды. Онда пулемет, снайперлік мылтық, гранатомет, аңшы мылтық, тапанша, шолақ мылтық секілді қару-жарақ қойылды. Сондай-ақ өткен жылдың қаңтар қырғынындағы тәртіп­сіздіктер кезінде бүлінген полицей­лердің киімдері – қалқандар, бас киімдер, оқ өткізбейтін кеудешелер ұсынылды.

Мұндай қасірет енді қайталанбасын

Қасіретті қаңтар оқиғасына бір жыл толды. Елдігімізге қауіп төндірген бұл оқиға тарихымыздың қайғылы парағы ретінде жазылды.

Сол кезде шеруге шыққан халықты өз мүдделеріне пайдаланғысы келген қылмысты топтың мақсаты қандай болғаны қазір анықталып жатыр. Олар арандату арқылы ел іргесіне сызат түсіріп, жымысқы әрекеттерін іске асыруды көздеді.

Алайда елдің бірлігі мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл шешімдерінің арқасында біз бұл сын-қатерді еңсеріп, кешенді реформаларды қолға алдық. Соның аясында халықтың әділеттілікке деген талабы мемлекеттік саясаттың негізгі тірегіне айналды.

Қазіргі таңда әділеттілік қағидасын өмірдің барлық саласына енгізу үшін табанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы ортақ мақсатты іске асыруда бізге ұлт болып ұйысу қажет. Бұл – мемлекеттілікті нығайту және қасіретті күндердің қайталанбауы үшін аса маңызды міндет.

Шын мәнінде, біз осы оқиғаны әрдайым санада сақтап, одан сабақ алуға тиіспіз. Қаңтарда қаза болғандардың рухына тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз. Бұл – еңселі елдіктің және бекем бірліктің белгісі. Енді тарихымызда мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан қайталанбасын.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы

 

Басты мәселе – мемлекеттікті сақтап қалу еді

Осыдан бір жыл бұрын қайғылы қаңтар оқиғасы болды. Сол күндері теріс күштер бейбіт шерулерді пайдаланып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Олардың басты мақсаты – жүргізіліп жатқан жаңашылдықтарға тосқауыл болып, ескі тәртіптерді сақтап қалу еді.

Сол сәтте еліміздің хаос пен анархияға түсу қаупі төнді. Әр минут маңызды еді. Бұл уақытта басты мәселе мемлекеттігімізді сақтап қалу болды. Азаматтардың бірлігі мен Президенттің шешуші әрекетінің арқасында мемлекеттік төңкеріс болмады. Біз үлкен апатты болдырмай, жағдайды тұрақтандыра алдық.

Мұндай дағдарыстарды бастан өткерген мемлекеттердің билігі әдетте жағдайды жабық ұстауға, саяси жүйені мығымдауға немесе қатаң тәртіп енгізуге тырысады. Бұл орайда, еліміздегі либерализация мен демократияға бағытталған қозғалыс тоқтап қалмады, керісінше ол үдей түсті.

Президенттің бастамасымен елімізде қарқынды және жан-жақты жаңғырту процесі басталды. Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты қоғамның қолдауына ие болды. Мұны Конституциялық референдум мен кезектен тыс Президент сайлауының нәтижелері дәлелдейді. Енді біздің алдымызда қоғам бірлігін сақтай отырып, жоспарланған реформалар легін толық жүзеге асыру міндеті тұр.

Ерлан ҚАРИН,

Мемлекеттік кеңесші