Үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынатын Азия аймақтық іріктеу кезеңіне қатысады.
Қатардағы іріктеу сайысында Қазақстан құрамасынан үстел теннисі спортының үздіктері Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев, сондай-ақ Айдос Кенжеғұлов, Искендер Харки, Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Анастасия Лаврова, Айя Әлімбаева және Ангелина Романовская сынға түседі. Турнир 7-13 қаңтар аралығында өтеді. Жерлестеріміз жекелей сында, жұпта және аралас бәсекелерде жолдамалар үшін таласады.
Ал әлем чемпионаты осы жылдың 20-28 мамыр аралығында Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында ұйымдастырылады. Оңтүстік Африка Республикасы тарихта алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайтынын айта кеткен жөн. Африка құрлығында аталған спорт түрінен әлем біріншілігі соңғы рет 1939 жылы Мысырда өткен екен.