Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің қатысуымен интеграциялық үдерістерге арналған брифинг өтті.
Жалпы, әлемдегі елдердің даму тарихында экономикалық интеграциялық үрдістердің қаншалықты сол мемлекеттер үшін пайдалы болғанына, ал, керісінше, кейбір елдер жүргізген оқшаулану саясатының қандай теріс салдары болғанына тоқталып өткен депутат бүгінгі таңда ЕАЭО-ның уақыт талабына және әлемдік өркениеттік трендке сай құрылып отырғанын алға тартты. Егер біз еліміздің әрбір азаматына өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, табысты болуларына жол ашқымыз келсе, онда интеграцияға пара-пар үдерісті көзге елестету қиын, деген депутат, шикізатқа бағдарланған экономикамызды үдемелі индустрияландыру бағдарламасы өзгертуі тиіс деген ойын жеткізді.
«Бұл бағдарламаны Мемлекет басшысы дағдарыс кезінде 2008 жылы іске қосты. «Ақ жол» партиясы да, мен де осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі және қатаң сынға алып келеміз. Осы жылдың басынан бері біз бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдадық. Бірқатар бағыттар бойынша көзделген көрсеткіштерге қол жеткізген жоқпыз», деген А. Перуашев рапорт берілген нысанның 1 жылдан кейін қалай жұмыс атқарғаны жайында есеп берулері керектігіне мән берді. Әйтпесе, мемлекет және Үкімет басшыларының қатысуымен жұмыс басталды деп жария етілген кәсіпорындардың қатарында тоқтап тұрғандары немесе қажетсіз металл үйіндісіне айналып жатқандары да бар, деді ол.
Әйтсе де, депутат мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығының нәтижесі бойынша қазақстандық экономиканың құрылымы біртіндеп өзгеріп келе жатқанын байқауға болатынын да қаперге салып өтті.
Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі төрт жылдың ішінде 45-тен 54 пайызға дейін өскенін, әрі қарай бұл үдерістің қарқын алатынына сенімін білдірген ол өткен жылы Кеден одағы аясында қазақстандық экспорттың 64 пайызға өскенін алға тартты. Ал өңдеуші және тауар өнеркәсібі өнімдерінде бұл көрсеткіш 97 пайыз деңгейіне жеткен. Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан дайын өнімдер шығару көлемін Еуропа одағының кейбір елдеріне, мысалға, Италияға арттырған, тіпті, Қытайға шығарылатын өңделген өнім экспорты да өскен. Интеграция арқылы өзара сауда айналымы ғана артып отырған жоқ, біздің үшінші елдерге шығарылатын экспортымыздың көлемінің ұлғайғанын да байқаймыз, деді депутат А. Перуашев.
Еліміздің экономикалық саясатының барынша либералды болуын айта келе ол: «Біз өз нарығымызды бәріне бірдей айқара аштық. Осыдан барып, кез келген кісі елімізде қалаған тауарын сата алатын жағдай туды да, ол елдің ішкі нарығының төмендеуіне алып келді. Ал оның бір пайдалы жағы, халықтың сапалы тауарға деген қолжетімділігі барынша артты. Өндірістік қуаттылығымыз жағынан біздің кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмай, өңдеуші кәсіпорындар дамуы кенжеледі. Енді Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен алдымыздан тағы бір мүмкіндік ашылып отыр. Бұл жерде экономикалық үдерістердегі ашықтық факторы да маңызды рөлге ие», деген ол әрі қарай, Ресей нарығы бізді өзіне ендірмейді, біз олармен бәсекелестікке шыдас бере алмаймыз деді ол. Орал тауының арғы бетінде Ресей Федерациясы тұрғындарының басым бөлігі қоныстанып, онда ірі кәсіпорындардың шоғырланғаны рас, ал Оралдың бер жақ беті, сонау Қиыр Шығысқа дейін созылып жатқан алап тұрғындары үшін Қазақстан тауарлары сұранысқа ие болып, бәсекелестікке төтеп береді. Себебі, сонау алыстан тасығанша, іргедегі елге зат сату да, одан сатып алу да пайдалырақ. Өткен жолы өз әріптестеріммен Самара қаласына арнайы барып қайттым. Ондағылар Қазақстан тауарларын біледі. Және бір қызығы, осы жолы, самаралықтар қазақстандық тауарларға қатысты жүргізілген әлеуметтік сауалдама қорытындыларын алдымызға тартты. Сонда тұрғындар біздің тауарларды қалай бағалаған?
Біріншіден, сапалы, екіншіден, бағасы тиімді, үшіншіден, экологиялық таза, бірақ көбіне табыла бермейді және тауарларын өткізуді білмейді, деген екен тұтынушылар. Ресейде ірі сауда жүйелері тауар өндірушілермен тікелей сөйлеспейді, олар қатынастарды дилерлер арқылы жолға қойған. Сондықтан біздің өндірушілеріміздің өздері шығатын нарығының ішкі механизмдерін білулері маңызды. Бұл ретте біздің маркетингтік көзқарасымызды өзгертуіміз қажет, деді. Интеграция дегеніміз – алдымен бәсекелестіктің жедел артуы, қатты ширығу мен жұмыс жасау шарттарының қатая түсуі және біздің бизнеске стратегиялық тұрғыдан қауіптің тууы, сонымен бірге, ол оның алға дамуының да кепілі. Өйткені, жанталаса қимылдамаған жерде өсу болмайды, деп ой тамызықтады депутат.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».