Жуырда Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электротехниканың теориялық негіздері», «Жылу техникасының теориялық негіздері» және физика-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ қолдауымен өтетін дәстүрлі олимпиадаға биыл физика-математика пәндері бойынша Алматы қаласы, Алматы облысы және басқа да өңірлерден 32 мектеп оқушысы мен 35 студент қатысты. Олимпиада қатысушыларына сәт-сапар тілеген «Самұрық Энерго» АҚ компаниясының өкілдері Б.Нұрахманов және Д.Аймұратов «Энергетика ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Болашағын энергетика саласымен байланыстыратын студенттер үшін университеттің олимпиадалық бағыттағы жобалары маңызды. Сондықтан ұстанған бағыттан таймау, сапалы білім алу, оқуда белсенді болу керек», деп атап өтті.
Олимпиада қорытындысына сәйкес бас жүлдеге «Электр энергетикасы» және «Жылу энергетикасы» мамандықтары бойынша бакалавриатта тегін оқу үшін арнайы гранттар және стипендиялар берілді. «Жылу техникасының теориялық негіздері» пәні бойынша 3-орынды Нұркелді Әуезхан, 4-орынды Анна Чеботарева иеленсе, «Электротехниканың теориялық негіздері» пәнінен 1-орынды Дәукеев атындағы АЭжБУ студенті Д.Түйгімбаев, 2, 3-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Н.Жасболат, А.Қошмағанбетова еншіледі. Физика пәнінен 1-орын Ақбет Ермұхаметке, 2-орын Бидахмет Нұрбекке, 3-орын Гауһар Амангелдіге бұйырды. Математика пәнінен 1-орынды Ержан Абеев, 2-орынды Аманжол Есберген, 3-орынды Аделя Тұрғамбек иеленді. Олимпиадаға қатысқан барлық оқушылар мен студенттерге сертификат берілді.
АЛМАТЫ