Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралияның Аделаида қаласында бүгін жалауы желбірейтін WTA 500 санатындағы екінші турнирге қатысады.
Осыдан бір апта бұрын дәл осы қалада өткен бірінші турнирде отандасымыз алғашқы айналымда әлемнің 14-ші, сол жарыстың 5-ракеткасы ретінде тіркелген америкалық Даниэль Коллинзбен кездесіп, үш сетте – 5:7, 6:2, 6:3 есебімен басым түскен болатын. Алайда екінші кезеңде әлемдік рейтингте 69-орында тұрған 20 жастағы украиналық Марта Костюкке 6:7, 6:2, 6:3 есебімен жол берген еді.
Араға апта салып дәл сол қалада ұйымдастырылып жатқан жүлде қоры 239 мың 477 АҚШ долларын құрайтын WTA 500 санатындағы екінші жарыстың бастапқы бәсекесінде Елена Рыбакина әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен шеберлік байқасады. Екі теннисші бұған дейін кортта үш мәрте кездесіп, біреуінде – Рыбакинаның, екеуінде ресейлік теннисшінің мерейі үстем болған. Ең кейінгі рет олар былтыр АҚШ-тың Сан-Хосе қаласындағы WTA 500 турнирінің бірінші айналымында кездесіп, Д.Касаткина 1:6, 6:2, 6:0 есебімен басым түскен.